Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордалық студенттер Арал теңізіне арналған жаңа жоба бастамақшы

Қызылордалық студенттер Арал теңізіне арналған жаңа жоба бастамақшы

«Жас келсе іске». Жастардың ізденімпаздығы – қоғам дамуына әсер ететін қасиеттердің бірі. Білім, жаңа дағды, қосымша қабілет үйренуге, даму мен жаңашылдыққа ашық ұрпақтың бүгіні мен болашағы да жарқын болмақ. Мұндай жастар ел игілігі үшін аянбай еңбек етеді. Мәселен, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенттері Арал теңізіне байланысты жаңа жобаны қолға алуда.
Жастардың бастамасына айналған жоба өңірдің экожүйесін қалпына келтіруге бағытталған. «Арал теңізін қалпына келтіруге көмектесу − біздің парызымыз» дейді олар. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Enactus Korkyt» ұйым Арал аймағында сексеуіл егу технологиясын қайта әкелуді жүзеге асырмақшы.

− Өздеріңіз білетіндей сексеуіл аймақтың шөлді жағдайларына, құрғақшылыққа, тұздылыққа және экстремалды төзімділікке ие әрі топырақты тұрақтандыруға көмектесетін өсімдіктердің бірі. Аралға сексеуіл егу теңіздің бұзылған экожүйесін қалпына келтіріп, желдің әсерінен жан-жаққа таралып, ұшатын тұздың көлемін азайтады, − Темірлан Нұрланұлы.

Жобаның алғашқы кезеңіне дайындық басталуда, бұл кезең шілде айының ортасына дейін жүзеге асады. Алдымен ақпараттандыру жұмыстары жүргізіледі. Арал теңізінің қалыпқа келуіне қол ұшын созғысы келетін кез келген адам жобаға қатыса алады. Қатысушылардан құралған арнайы топ гидтермен бірге Аралға барады. Осылай 2-3 топпен баруды жоспарлауда. Нәтижесінде жоба қатысушылары мыңға жуық сексеуіл еге алады. Әрине мұның барлығына қаржы қажет.

Алғашқы сексеуілдер егілгеннен кейін сайт іске қосылады. Сайт арқылы төлем жасау мүмкіндігі қарастырылады. Қаржы көлемі алдағы уақытта нақтыланады. Сайтпен қатар мониторингтік жүйе жұмыс жасайды. Әр сексеуілдің қай жерде және қалай өсіп жатқанын бақылай алады.

Осы орайда бұл жобаның тек экологиялық мәселелерді ғана емес, жұмыссыздық мәселесіне шешім ұсынылады. Мәселен, сайт арқылы төлем жасаған адамның ақшасы сексеуіл егуге және оны егетін адамға үлестіріледі. Яғни, ағашты Аралда тұратын жұмыссыз адамдар отырғызады. Бұл жобада волонтерлер болмайды. Жалпы процеске ұйымдастырушы команда жауап береді. 1 адам төлем жасау арқылы Арал жағдайын жақсартуға және келесі адамның жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

Жобаның ауқымдылығына тоқталсақ. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің білім алушылары бұл бастаманы Қазақстан бойынша жоғары оқу орындарының арасында челлендж ретінде ұйымдастыруды жоспарлауда. Арал теңізін құтқару процесінде жастардың бастамалары лайықты қолдауғи ие болып, жоғары межеге жететініне сенеміз.

Арал теңізі − тіршілік көзі. Жарты ғасыр ішінде әлемдік трагедияға айналған Арал теңізінің хәлі әлі де мүшкіл. 1960 жылдары ауданы 70 мың шаршы шақырымға жуықтаған Арал дүние жүзіндегі ең үлкен көл санатында төртінші межеге орналасқан. Ал жетпісінші жылдардың соңында оның суы күрт азая бастады. Арал – соңғы 35 жыл ішінде 700 км3 су қорынан айырылды. Теңіз деңгейі 17 метрге төмендеп, жиектен жүзге жуық шақырымға қашықтады. Арал маңыдағы шаң шлейфінің ұзындығы 600 шақырымға, ал тозаңның жоғары көтерілуі 4 шақырымға дейін жетуде. Жаһандық климаттың өзгеруінен еріп жатқан мұздықтар бұл ластанудың әсерінен бұрынғыдан да жылдам еруде.

Сондай-ақ, Швециядағы Лунд университетінің философия докторы, Су ресурстары және экология жөніндегі халықаралық сарапшы Осама Али Махер Арал өңірінің экологиялық мәселесіне, халық денсаулығына алаңдаушылық білдірді. Бұл туралы сарапшы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма Төрағасы-Ректор Бейбіткүл Каримовамен кездесуде айтқан еді.

«Кіші Аралды суландыру өте маңызды мәселе. Себебі бұл өңірде күн қатты ыстық, салдарынан топырақ тұзданады, теңіз түбіндегі тұз да ауаға тарайды. Бұл құрғақ жерге өсімдік отырғызу өз нәтижесін беермейді, егер суару мүмкіндігі болмаса.

Жер астындағы суды егістікке пайдалансақ құрғақшылдық арта түседі. Арал теңізі тартылуына байланысты жер бедері өзгеріске ұшырған. Бұл әлемдік экологиялық катастрофаға әкелуде.

Біз Арал экологиясына қатысты барлық зерттеулерді жинақтап, таныстық. Ол аймаққа халықаралық зерттеу жүргізу қажет. Аралдың экологиялық мәселесі баршамызға ортақ. Әсіресе Кіші аралды толтыру мәселесіне Сырдария өзені өтетін 6 мемлекет бей-жай қарамай, бірігіп шешу жолын қарастыруы қажет» деді, − Осама Али.

Университет қонағы жуырда ашылған Арал өңірі экожүйелерін зерттеу халықаралық орталығының жұмысымен танысып, оң бағасын берді.

Өз кезегінде Бейбіткүл Сәрсемханқызы, сарапшының өзекті тақырыпты зерттеп жүргені үшін алғысын білдірді. Университет ғалымдары Арал экологиясының мәселелерін шешуге өз үлестерін қосуға, бірлесіп еңбек етуге қашанда әзір екенін жеткізді.

Арал − Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында орналасқан ірі көл. Теңіз XX ғасырда ауданы жағынан (68 мың км2) әлемде төртінші орынға тұрақтаса, бірақ 1960 жылдардан бастап теңіздің суы азайып келеді. Жалпы Арал теңізі жайлы 1946–1950 жылдар аралығындағы мәліметтер бойынша теңіз көлемі 66 мың шаршы шақырымды құрап, ең ұзын бөлігі 424 шақырым, ал ендігі бөлігі 292 шақырым, орташа тереңдігі 16,1 метр, ең терең жері 68 метр деп сипатталып жазылған. Содан қалған бүгінгі теңізде шамамен 15-20 мың шаршы шақырымға жуық қана су айдындары бар көрінеді. Арал теңізі, Кайнозой дәуірінің орта шетінде, яғни бұдан 21 млн. 1200 жыл бұрын Каспий теңізіне қосылып жатқан. Бұған теңіздің терістік бетіндегі қазіргі Сарышығанақ, Ақеспе тұсынан 80 метр тереңдіктен Олигоцен уақытында өмір сүрген қызыл балықтың, ірі ұлудың, киттің омыртқа сүйектерінің тасқа айнала бастаған күйінде табылуы дәлел болмақ. Бұл теңіздің кезінде мұхитпен қосылып жатқандығын көрсетеді. Сондай-ақ Арал маңынан акуланың тісі мен сүйегі табылды. ХІХ ғасырдың орта кезіндегі Арал-Каспий ойпатының пайда болуы жөніндегі болжамдардан Арал бассейнінің геологиялық ерте кезеңде Жерорта теңізімен тұтасып жатқан су айдыны екенін, оның кейінгі Альпілік дәуірлерде жер қыртысының көтерілуіне байланысты ұсақ су айдындарына бөлінгенін білеміз. Сондай-ақ, Арал теңізінің көлемі жайлы, Арал теңізі жайлы ұғымдар сонау ерте дүние әдебиеттерінде де кездеседі. Ендеше қазіргі кезде әлем елдері назарын өзіне аударып отырған осы су айдынын зерттеу сол ерте заманан бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді, деуге болады. Міне, сондықтан да көне зерттеулер мен қазіргі жаңа мәліметтерді салыстыру арқылы Арал теңізі бассейнімен оның жағалауының даму эволюциясын, сондай-ақ ғасырлар бойы өзгеру сипатын анықтау қиын емес. Мысалы, ежелгі заманның өзінде Арал теңізі көп елдерге мәлім болған. Өйткені, сол IХ-X ғасырлардағы араб ғалымдары – Ибн Хордадбех, Ибн Руста, Әл-Масуди, Әл-Истахри келтірген мәліметтер аса құнды саналады. Демек, бұл еңбектерден сол кездегі Аралдың көлемі мен жағаларының пішіні туралы мағлұмат алуға болады. Негізгі Арал теңізі жайлы нақты деректі мәліметтердің жиналуы, яғни арнайы зерттеулердің басталуы ХVІІ-ХІХ ғасырлардың еншісіне тиеді. Өйткені бүгінгі Арал деген атау сол ХVІІ ғасырдан бергі жерге берілген. Яғни 1740-1741 жылдары Сырдария мен Арал маңын зерттеуге алғашқылардың бірі болып, Иван Мурауин қатысып, тұңғыш рет Арал теңізінің шығыс жағалауларын өте дәлдікпен арнайы түсірілімге түсіріп, карта жасаған. Жалпы Арал теңізі жайлы соңғы толық зерттеулер 1946–1950 жылдар аралығында болған. Ондағы мәліметтер бойынша теңіз көлемі 66 мың шаршы шақырымды құрап, ең ұзын бөлігі 424 шақырым, ал ендігі бөлігі 292 шақырым, орташа тереңдігі 16,1 метр, ең терең жері 68 метр деп сипатталып жазылған. Содан қалған бүгінгі теңізде шамамен 15-20 мың шаршы шақырымға жуық қана су айдындары бар көрінеді. Теңіздің осындай тартылуына орай өңірде алғаш рет 2001 жылы Арал теңізінің табаны қала орны болған деген болжам жасалды, ал бұл күндері осы болжам шындыққа айнала бастағандай. Өйткені бұрын Арал теңізі өз деңгейін сақтап тұрған жылдары сол жағасынан көне заманға тән ою-өрнектер, адам сүйектері ұшырасқан кездері болғаны жөнінде кезінде теңізде жүзген кейбір қарт кеме капитандарының талай өз аузынан естіген кездеріміз де болды. Бірақ та, ол кезде теңіз астында қала барын кім білсін. Ал енді теңіз тартылып, жағасы әр деңгейде ашыла бастағанда, қазір де бұл жағдай жиі көріне бастады. Өйткені қазіргі археолог ғалымдардың деректері бойынша құрғаған теңіз табанынан табылған әлгі мешіттің ою-өрнектерді сол 12-15 ғасырлардың еншісіне жатқызады. Сондай-ақ бұған дәлел ретінде Арал тарихынан белгілі сол 1592 жылдарға дейін қазіргі табылған қала орны яғни, «Барсакелмес» аралының батыс беті құрлықпен бірігіп жатқан көрінеді. Кейін теңіз суының көтерілуіне байланысты құрлықтан бөлініп қалған. Сондай-ақ жоғарыда сөз болғандай сол ертедегі араб ғалымдарының деректері бойынша да теңіз көлемі сол әрқили көлемде өзгеріп отырған. Мысалы, 80,100 және 300 фарсах мөлшерінде. Егер де бір фарсах 6 шақырым болса, сонда кезінде теңіздің ең үлкен деген көлемі не бәрі 300 х 6 = 1800 шақырым ғана. Бұл – теңіздің сол 1950 жылғы көлемімен салыстырғанда төмен екенін көрсетеді. Міне осыған орай бір сөэбен айтқанда «Барсакелмес» аралы сол 1592 жылға дейін құрлықпен жалғасып жатыр деген сөз шындыққа жақын.

Арал ойысы – Арал теңізі ойпатын және оның солтүстігін, шығысы мен оңтүстік-шығысын алып жатқан мезозой-кайнозой шөгінділерінен құралған тектоникалық құрылым; геоморфология тұрғыдан алғанда солтүстік Қызылқұмға жалғасып жатқан ойпат. Тұран плитасының құрамына енеді. Ауданы 350 мың км2 шамасында. Арал ойысының солтүстік-шығысы, Тұран шығысы, оңтүстігі жайпақ жазық, ал Үстіртке жалғасатын батыс жағы тік жарлы болып келеді. Арал ойысы солтігінде Торғай ойысының оңтүстік шетімен, шығысында Аққырқақұм қыратымен, оңтүстігінде төменгі Әмудария мегаантиклиналімен шектеседі. Ойыстың оңтүстік-шығысындағы Бозкөл қырқасы оны шығыс Арал және Тәжіқазған қазаншұңқырларына бөледі. Арал ойысы табанының жоғары бөлігі палеозой мен триас шөгінділерінен түзілген. Оның үстін мезозой мен кайнозойдың қалыңдығы 1800 – 2000 м шөгінді жыныстары (саз, құмтас, әктас, мергель) жауып жатыр. Арал ойысының юра мен бор шөгінділерінде мұнай мен газ, палеоген жыныстарында қоңыр көмір, темір кендері кездеседі, сондай-ақ жер асты суының мол қоры бар.

19-ғасырдың ортасында Ресей патшалығы Орта Азия хандықтарының, Арал теңізі мен Әмударияның шекараларына жақындай түсуі бұл өңірде порттар салып, Арал флотилиясының құрылуына әкелді. Ең алғашқы әскери «Николай» шхунасы 1847 жылы Орынборда құрастырылып, Сырдарияның жоғары ағысы арқылы Райым бекінісіне жеткізілді. 1847 жылы 20 тамызда шхуна Хиуа бекінісі жаңа қаланы алу шайқасына қатысты. 1848 жылы Арал теңізін зерттеу лейтенант А.Бутаков пен прапорщик Поспеловке жүктелді. Олар сапарға «Николай» және «Константин» (1848) шхуналарымен шығып, Хиуа хандығына қарайтын Аралдың оңтүстік жағалауы мен Әмудария жағалауларын зерттеді. 1850 жылы Швейцарияда Маталь зауытында теңізде де, өзенде де жүзетін «Перовский» кемесі мен Обручев баркасы жасалды. 1852 жылы олар Сырдария жағалауына жеткізіліп, 1853 жылы ақпанда суға түсірілді. 1853 жылы 5 маусымда «Перовск» кемесі Ақмешітті алуға қатысты. 1856 жылы 5 маусымда Бутаков баржамен Әмудария арқылы Қоңыратқа жетті. 1873 жылы Хиуа жорығына 2 кеме, 3 баркас қатысты. Жалпы Арал флотилиясының құрамында 4 кеме («Самарқанд», «Арал», «Ташкент», «Сырдария»), 11 баркас, 10 баржа және бес сал болды. 1877 – 78 жылы кемелер 4 телім (Қазалы – Перовск, Перовск – Чинар, Қазалы – Қосарал және Қосарал – Николай аралы) аралығында адам, жүк тасымалдады. 1888 жылы «Самарқан» кемесі Перовск қаласы жанында суға батып кетті. 1882 жылы 26 қазанда генерал-адъютант Черняев Арал флотилиясын тарату туралы комиссия құрды. 1883 жылы 7 сәуірде комиссия флотилияны жойды. Арал флотилиясының орнына 1888 жылы Әмудария флотилиясын құрылды.

Арал қазба фаунасы – Арал теңізінің солтүстік жағалауындағы (Ақеспе елді мекені маңынан) олигоцен дәуірінің аяқ кезіндегі құрлық шөгінділерінен табылған жануарлар қалдығы. Қазба жұмыстарын 1930 ж. КСРО Ғылым Академиясының Палеонтология институты және Қазақстан Ғылым Академиясының Зоология институты (1952, 1966, 1981, 1990 – 1991 ж.) жүргізді. Қазбадан: мүйізтұмсықтар (Paraceratherіum, Aceratherіum, Protaceratherіum, Aprotodon, Gіgantamynodon), бұғытәрізділер (Lophіomeryx, Mіomeryx, Prodrematherіum, Amphіtragulus), кемірушілер (Propaleocator, Aralomys, Argіromys, Agіspelagus, Protalactaga, Eumysodon), бауырымен жорғалаушылар (Chelonіa, Testudo), құстар (Anas) қалдықтары табылды. Олар шамамен 25 – 26 млн жыл бұрын ылғалды ормандар мен көлді, батпақты аймақтарда тіршілік еткен. Арал қазба фаунасының жер қабатының геологиялық салыстырмалы жасын анықтауда маңызы зор.

Алтыншы жыл сайынғы «Digital Almaty 2024: Х Индустриясы – Болашақтың цифрлық эволюциясы» халықаралық форумының алаңында Арал теңізінің экожүйесін қалпына келтіруге жәрдемдесу мақсатында Қазақстан Республикасындағы Халықаралық Аралды құтқару қорының (ХАҚҚ) атқарушы дирекциясы мен Freedom Holding Corp. арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға салтанатты түрде қол қойған еді. ХХ ғасырдың 60-жылдарының басынан бастап Арал теңізі суының азаюы оның Әмудария мен Сырдария өзендерін қоректендіретін су ресурстарын ұтымсыз пайдаланудан туындады. Теңіз суы деңгейінің төмендеуі және теңіз түбінің құрғауы бірқатар экологиялық проблемаларды тудырды. Арал теңізінің құрғап кеткен түбінен көтерілген шаң, құм, сондай-ақ ауыл шаруашылығы химикаттарының қалдықтары елді мекендер аумағында желмен тасымалданады, бұл халықтың өмір сүру жағдайларына теріс әсер етеді.

ХАҚҚ-тың және Freedom Holding Corp. бірлескен жобасы USAID, World Bank және Арал теңізінің экожүйесін қалпына келтіру жөніндегі басқа да халықаралық донорлардың қолдауымен құрғап кеткен теңіз түбіне қара сексеуіл мен төзімді өсімдіктердің басқа түрлерін отырғызуға бағытталған.

Қорғаныш орман екпелері қоршаған ортаның экологиялық жағдайына оң әсер етеді: олар құмдардың қозғалысын тежейді, Арал теңізінің құрғап кеткен түбінен тұз бен шаңның үрленуін азайтады. Қара сексеуіл жергілікті жердің микроклиматын жақсартады және парниктік газдардың деңгейін төмендетуге ықпал етеді. (анықтама үшін: 13 жастағы сексеуілшілердің 1 га-сы 4,95 тонна көміртекті сіңіреді және бұл ретте 3,78 тонна оттегін бөледі).

2023 жылы Freedom Holding Corp. және USAID 150 га жерге қара сексеуілді пилоттық түсіру жөнінде ХАҚҚ-ты қолдады. 2024 жылы “Freedom Шапағат” арнайы қайырымдылық қоры және халықаралық донорлар арқылы қосымша 1336 гектар жерге қара сексеуіл түсіруге жәрдемдесу жоспарлануда.

Freedom Holding Corp. үшін Аралдың экожүйесін қалпына келтіру жобасы БҰҰ Жаһандық шартына қол қоюшы ретінде енгізілетін ESG-қағидаттары мен қабылданған міндеттемелерді іс жүзінде іске асыру болып табылады.

Аралдан таралатын тұз туралы «Егемен Қазақстан» 2018 жылы арнайы мақала жариялаған еді.

«Ауаға көтерілген тұзды масса шекара таңдамайды, Осы ғасырдың басында ға­лымдар тартылған теңіздің ор­нында зерттеу жұмыстарын жүр­гізіп келген еді. Бұл орын ал­­ған проблемаларды анық­тау­­ға, оған қарсы іс-шаралар қол­­­дануға және залал мөлшерін тара­­­­зы­лауға мүмкіндік беретін. Өкі­нішке қарай, соңғы алты-жеті жылда Аралды зерттеу жұ­­мыстары тоқтап қалды. Осы мә­се­­лемен айналысатын мамандар іс-әрекетсіз осылай отыра берсе, алдағы уақытта теңіз­дің орнында қалған шағын көлдерден де айырылып қа­ламыз деп дабыл қағуда. Ма­ман­дардың жанай­қайы дұ­рыс. Өйткені Аралды құт­қару ха­лықаралық қоры жұ­мыс істей бастағаннан бергі аралықта қор­дың қарауына 70-тен астам ғы­лыми жоба түскен екен. Со­ның 12 жобасы ғана іске асы­­рылыпты. Олардың ешқай­сысы теңіз суы деңгейін шамалы бол­са да көтеруге септесе ал­май­­ды. Себебі көпшілігі ғылы­ми жобаларға қарағанда, әлеу­мет­тік жобаларға жақын келеді.

Арал теңізінің экологиялық зардаптарына қатысты адам жанын түршіктіретін деректер де кездеседі. «Арал туралы деректер көпшілікке әлі де беймәлім. Мәселен, КСРО кезінде Арал теңізі «Байқоңыр» ғарыш ай­ла­ғына қосымша айлақ болып есептелетін, дейді ресей­лік ғалым Сергей Лисовский Sputnik порталына берген сұх­батында. – Яғни ғарышқа ұшы­рылған ғарыш кемелерінің кап­сулдері Аралдың суына түсе­тін. Дәлірек айтқанда, теңіз «Байқоңыр» ғарыш айлағының қону алаңы болды. Оның КСРО билігі үшін маңыздылығы сонда еді. Екіншіден, Арал теңізінің «Возрождение» деп аталатын аралында бактериологиялық қару жасалғанын бүгінде көпші­лік біле бермейді. У жасал­ған жерде оған қарсы қолданылатын дәрі де болатыны белгілі. Сол сияқты бактериологиялық қару жасаған кезде ол қарудан қор­ғану­дың да барлық жолдары қарастырылды. Кеңестер Одағы тарағаннан кейін улы заттан қорғану амалдары да жойылды. Қазір посткеңестік елдердің бірде-бірі бактериологиялық қарудан қорғана алмайды».

Арал проблемасын зерттеу­шілердің пікірінше, теңіз­дің суы тартылған жерлерінде қазіргі кезде топырақтың қайта түзілу процесі және өсімдіктердің өзді­гімен өсу процесі жүріп жатыр. Бұл таңғаларлық құбы­лыс дейді ғалымдар. Сондай-ақ Арал­дың құрғаған орнына сек­сеуіл және басқа да шөлге тө­зімді ағаштар мен өсімдіктер егіле бастаған. Оның жалпы көлемі 270 мың гектардан асады. Бұл жердің астында әлі де су бар екенін білдіреді. Болашақта Аралдың тағдыры қалай болатынын болжап-білу қиын­дау. Өйткені тылсым таби­ғат­ты адам баласы әлі толық зерт­теп болған жоқ. Ал Аралдың қасі­рет-тағдыры бүгінде АҚШ-тың Юта штатындағы Тұзды көл мен Африка құрлығындағы Чад көлі­нің басына түсіп отыр. Сон­дық­тан зерттеу жұмыстарын тоқтатпаған жөн.

Эколог-ғалымдар Оңтүстік Аралда енді тіршілік ешқашан бол­майды деген қорытынды жа­сап отыр. Ал Солтүстік Арал өзі­нің өміршеңдігімен ерекшелену­де. Себебі онда тұщы су бар, балық та көбейіп келеді. «Қазақ­стан аумағына қарайтын Солтүс­тік Аралда балықтар қоректенетін шаяндардың пайда болғанын естіп, ерекше қуан­дым», дейді ресейлік ғалым Николай Аладин.

Өзіміздің өзендерді Аралға қарай бұрса қайтеді?
Кезінде Арал проблемасымен Орталық Азия елдерінің ға­лым­­дары ғана емес, алыс-жа­қын шет мемлекеттердің де зерт­теуші ғалымдары айналыс­ты. Көптеген ұсыныстар да ай­тыл­ды, бірқатар жобалар да іске асырылды. Солардың нәти­жесінде теңіздің бір бөлігі – Кіші Арал суға толды. Бірақ эко­логиялық қауіп сейілген жоқ. Тіпті өткен ғасыр­дың сек­се­нін­­ші жылдары Сі­бір өзен­де­рін Қазақстанға бұру идеясы көтерілгені де есі­мізде. Ал АҚШ ғалымдары Арал эко­ло­гия­­лық апатын жою үшін 4 миллиард доллар қаржы қажет­тігін айтады.

Арал теңізінің проблемасын шешуге қатысты еңбек арда­гері, ақтөбелік инженер Сәбит Наурызбаевтың ұсынысы көп­шілік назарын аударады деген ойдамыз. Ақтөбе облыстық «Ақтөбе» газетінде (2016 жылғы сәуір) «Аралды құтқаруға бола­ды!..» деген тақырыпта жария­лан­­­ған мақалада автор Арал проб­­лемасын аймақтық су көз­дерін пайдалану арқылы, яғни Ор мен Жайық өзендерінің суын Ырғыз өзеніне қосып ағызу ар­­қы­лы шешуге болатынын ұсы­­­на­ды. Соған байланысты С.Нау­­рыз­­баев нақты дәлелдерді ал­ға тар­та отырып, мысалдар келтіреді.

Автордың атап өтуінше, Ырғыз өзенінің ұзындығы 593 шақырым, салаларын қосқанда 850 шақырым болады, ал су бассейнінің көлемі 32 000 шаршы шақырымды құрайды. Өзен Ресейдің Домбровка елді мекенінің шығысынан бастау алады. «Өзен суы Комсомол, Қарабұтақ ауылдарының жанынан өтіп, Аралтоғай, Ұлғайсын, Құрылыс арқылы Ырғыз селосына жетеді, дейді С.Наурызбаев. – Ырғыздың бастауы Ресейдің Орск (Жаманқала) қаласынан 30 шақырым ғана жерде. Осы жақтағы Жайық, Ор өзендері жазғытұрым тасыған кездерінде Шідер өзені арқылы Комсомол елді мекенінің жанында Ырғыз өзенімен қосылып ағады. Бұл қос өзен – Жайық пен Орды Ырғыз өзеніне қосып ағызуға бо­ла­тынын көрсетеді».

Аталған осы өзендердің ішін­де Ырғыз өзені жаз шыға бірін­ші болып тасиды екен. Тасы­ған Ырғыз суы Телқара сала­­сы арқылы Торғай өзеніне құя­ды. «Бір ай шамасында Тор­­ғай өзенінің өзі тасып, құ­йыл­ған Ырғыз суы тағы да сол Телқара арқылы Ырғыз өзені­не қайта құйылады, дейді С.Наурызбаев. – Бұл жағдай Ырғыз, Торғай суларының көп­ке дейін тұщы күйінде сақталуы­на мүмкіндік жасайтын еді. Өкінішке қарай, ертеректе Ыр­ғыз өзеніне бөгет салынды... Жал­пы, бұрындары Жайық, Ор және Торғай өзендері Ырғыз өзені­не құйып тұрған. Енді сол өзен­дердің барлығының ба­сын қосып, олардың суын Ыр­ғыз өзеніне бағыттаудың аса қажет­тігі туып отыр».

Бір кездері Торғай өзені Құр­дым (Шалқар теңізі) арқылы Арал теңізіне құйғаны жөнінде деректер бар. Сәбит Наурызбаев соны негізге ала отырып, Арал­ды дала өзендерін пайдалану ар­­қылы бастапқы қалпына кел­тіру­­дің жолдарын ұсынады. Оның осы күрделі проблеманы шешуге байланысты бұдан бас­қа да жинақтаған деректері мен ақ­парат-анықтамалары жеткілікті» делінген.

Ақпан айында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Кэти Лич бастаған делегациямен кездесті. Кездесу барысында елші Ұлыбритания Үкіметі алғаш рет Орталық Азияда климаттың өзгеруімен айналысатын халықаралық қор құрғанын мәлімдеді.

Біріккен корольдік қор аясында өңірдегі 5 мемлекетке климаттың өзгеруі салдарымен күресуге қолдау көрсетеді. Сондай-ақ британдық тарап халықаралық Аралды құтқару қорымен де ынтымақтастық орнатуға дайын. Кэти Лич Ұлыбритания Қазақстанмен өңірлік қана емес, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастық аясында да өзара іс-қимыл жасауға ниетті екенін атап өтті. Нұржан Нұржігітов Қазақстан үшін су дипломатиясы саласында техникалық мамандық иелерін дайындау маңызды екенін айтты. Елші Ұлыбритания «Болашақ» бағдарламасы аясында магистрлер мен философия докторларын дайындауға әзір екенін жеткізді. Сондай-ақ британдық делегация Қазақстанға гидрогеология, ирригация, мұздықтарды зерттеу және тағы басқа саладағы білікті сарапшыларды шақыруға дайын екенін мәлімдеді. Сондай-ақ кездесуде Кэти Лич ағын суларды тазарту технологиясын енгізумен айналысатын британдық компаниялар Қазақстанда жұмыс істеуге ниетті екені айтқан еді.

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық етуде. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі хабарлаған еді. Швейцарияның Қазақстандағы елшісі Салман Балмен және Швейцарияның су ынтымақтастығы мәселелерімен айналысатын агенттігінің Blue Peace Central Asia (BPCA) бағдарламасының өкілдерімен кездесу кезінде Қазақстанның су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов өңірде халықаралық су-энергетикалық консорциум құру мәселесін көтерген.

«2024 жылы Дүниежүзілік банкпен бірге жүзеге асырылып жатқан Аралды сақтау жобасының екінші кезеңін бастауды жоспарлап отырмыз. Сондықтан Blue Peace-пен бірлесіп Орталық Азия елдерінің су-энергетика саласындағы өзара іс-қимылы мәселелерін қозғаймыз. Жаңа кадр даярлауға және су саласында жұмыс істеп жүрген мамандарының біліктілігін арттыруға мүдделіміз», – деді су ресурстары министрі Нұржан Нұржігітов.

Бағдарлама аясында Өзбекстан аумағында Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан қатысатын гидрогеологиялық болжау бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама Орталық Азия елдері арасындағы су ағындарын бақылауға мүмкіндік береді.Blue Peace Central Asia өкілдері жоба аясында Халықаралық Аралды құтқару қоры және Дүниежүзілік банк Орталық Азия үшін іске асырып жатқан су-энергетикалық бағдарлама (Cawep) шеңберінде су ресурстарын басқарудың өңірлік институттарын нығайту, сарапшыларды тарту және тәжірибе алмасу, трансшекаралық гидротехникалық құрылыстарды жаңғырту және реконструкциялау жұмыстары іске аспақ.

Осыған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшылары кеңесі отырысында Ұйымды одан әрі дамытуға қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Олардың қатарында Арал теңізі бассейніндегі су ресурстарын есепке алатын автоматтандырылған жүйе енгізу де бар.

2050 жылға қарай Сырдария мен Әмударияның су деңгейі 15 пайызға азаяды. Ал қос өзеннің суы тартылса, Арал теңізінің жағдайы одан әрі қиындай түспек. Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана халықаралық форумында» Халықаралық Аралды қорғау қорын қолдау үшін көбірек қаржы бөлуге шақырған болатын.

Экологтардың дерегінше, Арал теңізінің құрғаған қайраңының жалпы аумағы 2 млн гектарды құрайды. Ал, Солтүстік Аралды қалпына келтіру мен құтқару жобасы халықаралық донорлардың да назарында.

Атап айтқанда, қазіргі таңда Дүниежүзілік банк пен Қазақстан үкіметі экология саласындағы қолға алынуы мүмкін болашақ жобаларға қатысты консультациялар жүргізіп жатыр. Бұл туралы Душанбеде өткен «Орталық Азиядағы климаттың өзгеруі жөніндегі конференция-2023» кезінде Дүниежүзілік банктің Орталық Азия бойынша тұрақты даму секторының жетекшісі Джейн Эбингер мәлімдеді. Оның айтуынша, Дүниежүзілік банк Арал теңізінің солтүстігіне қатысты жоба әзірлеп жатыр.

Ақпарат көзі: kyzylorda-news.kz
06 маусым 2024 ж. 243 0