Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қорықшылар отбасы

Қорықшылар отбасы

Мейрамбек Қуатов пен Фатима Әнесова «Барсакелмес» қорығында еңбек ете жүріп бір-бірін ұғысқан жандар. Олар 2019 жылы отбасын құрды. Қазір екі баланың ата-анасы. Қызметте де, өмірде де жұптары жазылмай жүрген жандар өздеріне артылған жауапкершілікті сезіне біліп, тапсырманы тыңғылықты атқаратын үлгілі қызметкерлер. Мақаланы жазу барысында тақырыпқа арқа болған жас отбасының отанасы Фатима Әнесовамен сөйлесудің сәті түсті.
Оқуды бітірген соң 2014 жылы қорыққа ғылыми бөлім қызметкері болып орналасқан Фатима үшін бұл жаны сүйіп істейтін жұмысқа айналды. Жалпы ол экологилық білімді жетілдіру, шетелдік, еліміздегі ғалымдарды қажетті ақпаратпен қамтамасыз етіп, зерттеу жұмысына көмектесу, қорықтың тыныс-тіршілігімен таныстыру сынды жұмыстар кіреді.
– Жолдасым Мейрамбек 2015 жылы біздің мекемеге қызметке орналасты. Бастапқыда екеуміз бір бөлімде жұмыс істедік. Кейін ол мемлекеттік инспектор болып ауысты. Біздің жұмыс барысы өте қызықты жайлармен ерекшеленеді. Көбіне теңіздің кепкен ұлтанында орналасқан қорықтың аумағына іссапарға шығып отырамыз. Шөлді аймақтың да өзіне тән тартымдылығы болады. Құландарды көзбен көру, сексеуілді ормандар, қорықты қорғалатын өсімдіктер мен жәндіктердің ерекше түрлері бәрі маған жақсы әсер қалдырады. Кейде жұмыс барысында қиындықтар да болып тұрады. Сондай кездерде Мейрамбек қамқорлық танытып жүрді. Осылай келе-келе арамызда сезім пайда болды. Қорықтың 80 жылдығы қарсаңында біз отау құрдық, - дейді Фатима.
Әркез қатар жүретін жарасымды жандар бір-бірін айтпай түсінісіп қолдау көрсетіп отырады. Көбіне апталап іссапарға кететін кездерде олар үшін отбасылық қиындықтар тумайды. Өйткені екеуі де бір ұжымның болашағы үшін еңбек етіп, нәпақа тауып жүргендіктер жұмыс барысын жақсы түсінеді.
– Әйел адам үшін отбасы бірінші орында тұрады. Дегенмен сүйікті ісіңмен айналысу да адамды тұлғалық жағынан дамыта түседі. Жолдасым екеуміздің бір мекемеде еңбек етуіміз көптеген жақсы қырларын көрсетті. Ол менің жұмыс барысымды түсінеді. Мен Мейрамбектің қызметтегі жауапкершілігін жақсы білемін. Қазір бала күтіміне байланысты демалыста отырмын. Бірақ әркез ұжымның жаңалықтарына ортақтасып отырамын, - деп ағынан жарылды кейіпкеріміз.
Расында, бір салада еңбек ете жүріп жарасым тапқан қоғамда мыңдаған жұптар бар. Олар еңбек жолы мен өмір жолын қатар ұштастырған жандар. Тіпті кейін балалары да ата-ана жолын қуып, үлкен династияға айналып жатады. Бұл баланың бесікте жатып бойға сіңірген қасиетінің жемісі. Ендеше жас қорықшылар отбасы Мейрамбек пен Фатиманың да табиғатты қорғау жолындағы қызмет жолын ұрпақтар жалғары да бек мүмкін.

Н. МАРАТҚЫЗЫ
10 маусым 2024 ж. 193 0