Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада сотталған азамат заңды некеге тұрды

Қызылордада сотталған азамат заңды некеге тұрды

Қызылордада сотталған азамат заңды некеге тұрды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №37 мекемесінде ҚР ҚК-нің 188-бабы 1-тармағы бойынша бір жылға бас бостандығынан айырылған сотталған азамат заңды некесін қиды.

"Бүгін мен үшін қуанышты күн. Темір торда жазамды өтеп жатсам да отбасын құрдым. Бақыттымын. Әрине істеген ісіме өкінемін, енді оны қайталамауға тырысамын, ол маған өмірлік сабақ болды", – дейді сотталушы.

Жуырда ғана жаза мерзімін өтеуге жіберілген азамат мекеме заңгерінен кеңес алады. Некеге тұру бойынша өтініш жазады. Мекемеге АХАЖ бөлімінен маман келіп, сотталған азамат пен сүйіктісіне неке қию туралы куәліктерін табыстады. АХАЖ бөлімінен келген маманның айтуынша, Қызылордада ҚАЖД мекемелерінде неке қию рәсімінің өткізілуі бірінші рет емес.

"Неке және отбасы туралы кодекске сәйкес, сотталғандардың да неке қиюға құқы бар. Некесін қидырып, отбасылы болған жазасын өтеуші азамат жауапкершілікті сезініп, түзелу жолына түсіп, отбасына тезірек оралуға тырысады. Бүгін некесін қиған азамат та өзін жақсы жағынан көрсетіп, тәртібі жақсы болып, отбасына тезірек оралатынына сенім артамыз. Жыл басынан бері екінші азамат отбасын құрып жатыр", – дейді мекеме заңгері Жалғас Есмаханов.

Сурет: ашық дереккөз 
10 маусым 2024 ж. 149 0