Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада жазасын өтеушілер ақылы еңбек демалысына шығуда

Қызылордада жазасын өтеушілер ақылы еңбек демалысына шығуда

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты қауіпсіздігі барынша төмен мекемесінде жазасын өтей жүріп ақылы жұмыс жасайтын сотталғандарға жұмыс берушінің тарапынан ҚР Еңбек кодексінің талаптарына сәйкес ақылы еңбек демалысы беріледі.

Сотталған азамат ҚР ҚАК-нің 113 бабының талаптарының негізінде мекеме аумағынан тыс жерде еңбек демалысын өткізуге мекеме бастығына өтініш береді. Мекеме әкімшілігінен құралған комиссия сотталғанның өтінішін 1 тәулікте қарап, оның мінез-құлқы ескеріле отырып беріледі.
Ақылы демалысқа өтініш жазған сотталғанның бірі – Ерлан. Ол масаң күйде автокөлік басқарғаны үшін сот үкімімен бас бостандығынан айырылып, жазасын осы мекемеде өтеуде. Қазір темір тордағы күндерін құр өткізбей, «Алтай-транс Ойл» ЖШС дәнекерлеуші болып жұмыс жасап жүр. Айлығын да уақытылы алып, отбасына жіберіп отыр.
«Мені сағына күтіп отырған бес балам бар. Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды» демекші, өзім кінәлімін, мас күйімде көлік жүргіздім, заң бәрімізге ортақ. Жазамды өтеп жатырмын. Масаң күйде көлік басқару өзіңді де өзгені де жарға жығады. Балаларыма ақыл айтып отыратын кезімде темір торда жазамды өтеп жатқаныма өкінемін»,- дейді сотталған Ерлан.
Сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тобының инспекторы әділет аға лейтенанты Айгүл Ботпанованың айтуынша, жазасын өтеушілердің жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына шығуына құқығы бар. Еңбек Кодексінің 92 бабына сәйкес тараптардың келісуі бойынша ақылы еңбек демалысын 1жыл ішінде 2-3 рет бөліп алуына болады. Қазіргі таңда мекемемен келісім-шарт негізінде сотталғандарды жұмыспен қамтып отырған 30-дан жеке кәсіпкерлік субьектілері бар. Мекемеде 100-ден астам сотталған осы жеке кәсіпкерлерде жұмыспен қамтылған. Сотталғандарды жұмыспен қамтудағы басты міндет сот үкімі негізінде мемлекет пайдасына, жеке, заңды тұлға пайдасына келтірілген шығындарын өтеу болып табылады дейді мекеме қызметкері.

kyzylorda-news.kz
08 сәуір 2022 ж. 485 0