Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ҰБТ 11 шілдеде аяқталады

ҰБТ 11 шілдеде аяқталады

Биылғы оқу жылында өңіріміздегі 321 мектептің 11-сыныбын 9 236 түлек аяқ­таса, оның 480-і «Алтын белгіге», 663-і жалпы орта білім туралы үздік аттес­татқа­ ие болды. Ал Ақтөбе облысында ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыру мерзімі ­­­25 мамырдан 11 шілдеге дейін жалғасады.

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуованың айтуынша, Жоғары білім және ғылым министрлігі су тасқынынан зардап шеккен өңірлер­дің қатарында болған Ақтөбе облысының түлек­тері үшін тестілеу мерзімін 11 шілдеге дейін созған.

«Қазір аптаның әр күнінде тест орта­лығында сынақ өтіп жатыр. Осы уақытқа дейін қанша түлегіміз ҰБТ тапсырды, қаншасы енді тапсырады деген сұраққа жауап бере алмаймыз. Бізге ондай мәлімет түспейді. Өйткені ҰБТ өткізуге ұлттық тесті­леу орталығының мамандары жауапты, тест тап­сырғандарға қатысты барлық дерек сол жерде сақталады. Облыстық білім бас­қар­масының қызметкерлері 2017 жылға дейін ҰБТ қорытындысы бойынша өңірдегі мек­теп­тердің білім сапасына талдау жасап жүрді. Өйткені тестілеу қала мектептерінде жүргізілетін. Ал, 2022 жылдан бастап тестілеу форматы түбегейлі өзгеріп, «Бір тестіленуші – бір компьютер – екі камера» ережесімен тапсыру жолға қойылғаннан бастап, барлық жауапкершілік Ұлт­тық тестілеу орталығына жүктелді», дейді Н.Бертілеуова.

Ақтөбе облысында екі тестілеу орталығы ашылған. Бірі облыс орталығында, екіншісі – Шалқар қаласында. Өңірімізде мектеп бітіру­шілердің ҰБТ-ға тіркелуі 6 мамырда басталды. Оған 8 342 (барлық мектеп бітірушілердің 90,2%-ы) түлек екі мүмкіндікпен тапсыруға 16 556 өтініш жазған. Одан өзге өткен жылдары мектеп, колледждерді аяқтаған 994 бала толық оқу мерзіміне оқуға, ал 289 колледж түлегі қысқартылған оқу мерзіміне білім грантын алуға өтініш жазыпты. Биылғы ұлттық тестілеуде төрт пән бойынша 120 сұрақ қам­тылған: «Қазақстан тарихы» пәнінен – 20, «Оқу сауаттылығынан» – 10, «Математикалық сауаттылықтан» – 10 тапсырма және түлек таңдаған екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырма жүктелді.
Ақтөбе облысы

Ақпарат көзі: egemen.kz
Сурет: ашық дереккөз 
25 маусым 2024 ж. 169 0