Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан көлемінде қызылша ауруынан қалыптасып отырған эпидемиологиялық ахуал

Аудан көлемінде қызылша ауруынан қалыптасып отырған эпидемиологиялық ахуал

Бүгінгі біздің кезекті сұхбатымыз Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасыныңбасшысы Ақзия Қасымқызы Сатекеевамен «Аудан көлемінде қызылша ауруынан қалыптасып отырған эпидемиологиялық ахуал және алдын алу шаралары туралы» тақырыбында болмақ.
Сұрақ:Сұхбат басында тұрғындар арасында тіркеліп отырған қызылша ауруы туралы айтып өтсеңіз ?
Жауап :Өткен жылдың алғашқы 6 айында аудан көлемінде қызылша ауруы тіркелген жоқ. 2024 жылдың осы мерзімінде аудан тұрғындары арасында қызылша ауруының алғашқы диагнозымен 182 жағдайы тіркеліп, оның 155 жағдайы 14 жасқа дейінгі балалар үлесінде болды. Тіркелген 182 науқастан қан сынамалары алынып вирусологиялық зерттеумен қамтылды, нәтижесінде 75 науқаста қызылша ауруы зертханалық жолмен нақтыланды, оның ішінде 14 жасқа дейінгі бала саны-56, жасөспірім саны-1.
Сұрақ : Қызылша ауруының жыл басынан бері көптеп тіркелуі қай айларда басым болды және қазіргі кезде аудан бойынша аурудың тіркелуі қандай деңгейде болып отыр?
Жауап: Жыл басынан бері ай сайын тіркелген қызылша ауруының деңгейіне талдау жасайтын болсақ, ауру деңгейінің біршама төмендегенін байқаймыз, яғни қаңтар айында 16 жағдай, ақпан айында 27 жағдай, наурыз айында -15 жағдай,сәуір айында-7 жағдай, мамыр айында-8 жағдай, маусым айында 2 жағдай тіркелген. Талдауға сүйенетін болсақ, жұқпаның көп тіркелуі ақпан айында (27 жағдай) байқалады, ең азы- маусым айының үлесінде (2 жағдай) . Балалар арасында да қызылша ауруының ең көбі ақпан айында (23) тіркелсе, ең азы маусым айында (2 жағдай) орын алған. Ауданда бүгінгі таңда қызылша ауруының тіркелуі төмендеп, эпидемиологиялық ахуал «тұрақты» деп бағаланды.
Сұрақ : Қызылша балалар инфекциясы деп танылғанмен, қазіргі кезде бұл аурумен ересектер де ауырғанын білеміз. Жоғарыдағы көрсетілген мәлімет бойынша аурудың ересектер арасындағы үлес салмағы қандай,сол жөнінде айтсаңыз?
Жауап :Ол рас, осы кезге дейін қызылшаны көп жағдайда балалар ауруы деп білдік, бірақ статистикалық мәлімет көрсеткендей, 2023 жылы тіркелген қызылшамен ауырғандардың 14 пайызы ересектер арасында орын алса, үстіміздегі жылдың 6 айында қызылшамен науқастанушы 75 адамның 19-ы, яғни 25,3 пайызы ересектер арасында тіркеліп отыр. Бірінші кезекте иммунитеті төмендеген, бұрын қызылшаға қарсы егілмеген ересектер осы ауруға шалдығып отыр.
Сұрақ :Қызылша ауруыныңалдын алу шаралары туралы тоқтала өтсеңіз?
Жауап :Қызылшаға қарсы екпе жұмысының жүйелі түрде жүргізілуіне байланысты қазіргі кезде балалар арасында осы жұқпаның едеуір азайғандығын байқаймыз. 2024 жылдың 6 айлық қорытындысы бойынша ауданда 1 жас пен 6 жас аралығындағы балаларды қызылшаға қарсы ай сайынғы жоспарға сәйкес егу 95 пайызға қамтылып отыр. Бұдан басқа Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау
министрлігінің Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің2023 жылғы 1 қарашадағы №7 қаулысына байланысты республика бойынша 1 жасқа толмаған және 5 жасқа дейінгі балалар арасында ауру деңгейін азайту, осы жастағы балаларды қызылша ауруынан қорғау мақсатында қосымша жаппай иммундау жұмысының ұйымдастырылып жүргізілуі де балалар арасында қызылша ауруын азайтуға көп септігін тигізуде, қазіргі таңда бұл шара одан әрі жалғасуда. Ауданымыз бойынша белгілі бір контингенттегі адамдарды қызылшаға қарсы егуге 7419 адам жоспарланса, бүгінгі таңда 7673 адам егілді, яғни 103,4 пайыз, оның ішінде 6 ай-11 ай аралығындағы балаларды қызылшаға қарсы егуге 1125 бала жоспарланған болатын, бүгінгі таңда 1113 бала егілді, яғни 98,9 пайыз, 2-5 жас аралығындағы жоспарланған 5250 баланың егілгені-5264, яғни 100,2 пайыз, медицина қызметкерлері жоспар-297 адам, егілгені-297 адам, яғни 100 пайыз, қызылшаға қарсы толықтыра иммундауға 747 адам жоспарланып, 999 адам егілді, яғни 133,7 пайызға орындалды.
«Ауырып ем іздегенше , ауырмайтын жол ізде» демекші , барлық ата-аналарға балаларына қызылшаға қарсы жоспарлы егу шараларын 1 және 6 жасында уақытында жасатуға кеңес береміз.
Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Айсауле НҰРЛАНОВА

Сурет: ашық дереккөз 

















10 шілде 2024 ж. 221 0