Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан көлемінде қызылша ауруы бойынша эпидемиологиялық ахуал

Аудан көлемінде қызылша ауруы бойынша эпидемиологиялық ахуал

tolqyn.kzБүгінгі біздің сұхбатымыз Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ақзия Қасымқызы Сатекеевамен «Аудан көлемінде қызылша ауруынан қалыптасып отырған эпидемиологиялық ахуал және алдын алу шаралары туралы» тақырыбында болмақ.
Бүгінгі сұхбатымызды аудан тұғындары арасында тіркеліп отырған қызылша ауруының жағдайынан бастасақ?
– Өткен жылдың алғашқы 5 айында аудан көлемінде қызылша ауруы тіркелген жоқ. 2024 жылдың қаңтар-мамыр айлары мен маусым айының 18-і жұлдызы аралығында аудан тұрғындары арасында қызылша ауруының тіркелу деңгейі біршама төмендеп, ауданда қызылшадан эпидемиологиялық ахуал
«тұрақты» деп бағаланды. Алғашқы 5 айда қызылша ауруының жалпы 181 жағдайы тіркеліп, оның 73-і лабораториялық жолмен зерттеліп, нақтыланды. Маусым айының 1-18-ші жұлдызы аралығында алғашқы диагнозбен 4 жағдайы тіркеліп, оның 1-і лабораториялық жолмен нақтыланды. Ай сайынғы талдау нәтижесіне сүйенсек, ауру деңгейі біршама азайды, дегенмен де аптасына 2-3-тен қызылша ауруының тіркелу жағдайы байқалуда.
Қызылша ауруы аудан бойынша қай елді мекендерде басымырақ және негізінен қандай жастағы адамдар ауыруда?
Аудан бойынша қызылшамен ауырғандардың басым бөлігін бұрынғысынша Арал қаласының тұрғындары құрап отыр. 2024 жылдың 5 айында тіркелген 73 жағдайдың 29-ы Арал қаласынан болса, одан кейін Сексеуіл кентінен – 17 жағдай, Аралқұм е/м -13, Жақсықылыш кентінен 4 жағдай , Бекбауыл елді мекенінен 3 жағдай, Шижағадан 2 жағдай, Аманөткелден 2 жағдай, Тоқабай е/м-1, Қамбаш е/м-1 Бөген е/м-1 жағдай тіркелді. Жоғарыда айтып өткендей, қызылшаның нақтыланған 73 жағдайдың 54-інде, яғни 74 % 14 жасқа дейінгі балалар ауырып отыр. Оның ішінде 24,6 пайызында қызылшаға қарсы екпеге жасы толмаған 1 жасқа дейінгі балалар ауырып отыр.
Қызылшамен ауырғандардың ішінде осы ауруға қарсы егілгендер бар ма?
Қызылшамен тіркелген науқастардың ішінде 20 бала, яғни 27,4 пайызы қызылшаға қарсы егілген болса, қалған 53 бала, яғни 72,6 пайызы қызылшаға қарсы егілмегендер. Оның ішінде ата-ана қарсылығымен 18 бала, әртүрлі ауруына байланысты медициналық кедергіге алынған 8 бала, жасы толмауына байланысты 18 бала егілмеген, 9 науқаста осы ауруға қарсы егілгендері туралы деректемелері болмаған. Қызылшаға қарсы егілген ,бірақ қызылшамен ауырған 20 баланың медициналық құжаттарына талдау жасағанда, бұл балалардың қызылшаға көп жағдайда уақытылы, мерзімдеріне сәйкес егілмегендері анықталды. Бұл өз кезегінде бала бойында қызылшаға қарсы иммунитеттің дер кезінде қалыптаспай, ауруға қарсы күрсеу қабілетінің төмендеуіне әкеп соғады. 2-ші жағынан қызылшамен ауырған адамдармен тығыз байланыста болуы себепті балалар қызылшамен ауырады, бірақ бұл ауру егілген балалар арасында жеңіл өтеді.
Қызылша ауруын төмендетіп, алдын алу шараларын күшейту мақсатында республика деңгейінде, облыс көлемінде нақты іс шаралардың жүргізіліп жатқандығын білеміз. Арал ауданы бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатқандығына қысқаша тоқталсаңыз?
Қызылша ауруы ауа-тамшы жолымен берілетін, кең таралған және тез жұғатын жіті инфекциялық жұқпалы ауру екендігін ескерсек, бұл аурудың көбінесе бұрын қызылшамен ауырмаған және егілмеген адам қызылшамен ауырған адаммен қарым-қатынаста болғандардың арасында жұқтыру қаупі өте жоғары екендігі белгілі.
Қызылшадан қорғанудың бірден-бір тиімді жолы осы ауруға қарсы екпе жасату. Мерзімінде,уақытылы қызылшаға қарсы егілген балалар арасында қызылшаның ауру көрсеткіші едеуір төмен екендігі дәлелденген нәрсе. Сондықтан әрбір ата-анаға баласының денсаулығына бей-жай қарамай , қызылшаға қарсы баласына уақытылы екпе жасатса, осы аурудан қорғай алатындығын айтқым келеді. Бұдан басқа ауру тіркелген әрбір ошақта басқарма мамандары жергілікті емхана дәрігерлерімен біріге отырып індетке қарсы шаралар жүргізіп келеді. Жыл басынан бері қызылша ауруының алғашқы диагнозымен тіркелген 181 науқаспен үй ошағы, мектеп , балабақша, колледж, жұмыс орны бойынша жақын байланыста болған
2947 адам жергілікті емханалар дәрігерлерімен медициналық бақылауға алынып, бұрын қызылшаға қарсы егілмеген немесе толы егілмеген, сондай-ақ егілгендері жөнінде толық мәліметтері жоқ 30 жасқа дейінгі 55 адамның 36-ына ауру шығуына байланысты қызылшаға қарсы егу шарасы жүргізілді.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2023 жылғы 1 қарашадағы №7 қаулысына байланысты республика бойынша 1 жасқа толмаған және 5 жасқа дейінгі балалар арасында ауру деңгейін азайту, осы жастағы балаларды қызылша ауруынан қорғау мақсатында қосымша жаппай иммундау жұмысының ұйымдастырылып жүргізілуі де балалар одан әрі жалғасуда. Ауданымыз бойынша белгілі бір контингенттегі адамдарды қызылшаға қарсы егуге 7419 адам жоспарланса, бүгінгі таңда 7673 адам егілді, яғни 103,4 пайыз, оның ішінде 6 ай-11 ай аралығындағы балаларды қызылшаға қарсы егуге 1125 бала жоспарланған болатын, бүгінгі таңда 1113 бала егілді, яғни
98,9 пайыз, 2-5 жас аралығындағы жоспарланған 5250 баланың егілгені-5264, яғни 100,2 пайыз, медицина қызметкерлері жоспар-297, орындалғаны-297, яғни 100 пайыз, толықтыра иммундау жоспары бойынша 747 адам, егілгені-999, яғни 133,7 пайызға орындалды. Егу шарасы ары қарай жалғасуда.

Сұхбатыңызға рахмет
Сұхбаттасқан О. ЖОЛДАСОВ

Сурет: tolqyn.kz
19 маусым 2024 ж. 295 0