Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Адам папиллома вирусының жұғу, таралу жолдары, алдын алу шаралары

Адам папиллома вирусының жұғу, таралу жолдары, алдын алу шаралары

Адам папиллома вирусы  - кондиллома (сүйел өсінділері) түзілуімен сипатталатын, теріні және дененің әртүрлі бөліктерінің шырышты қабықтарын зақымдайтын вирустар тобы.
 АПВ-ның 200-ге жуық түрі белгілі, олардың  15-і онкогенді және қатерлі ісік тудыруы мүмкін,  ең қауіпті түрлері - 6,11,16 және 18-типтегі вирустар.
Түріне байланысты вирус ауыз қуысының ,көмейдің , қол мен табанның , жыныс мүшелерінің  терісіне әсер етеді.
Бала кезінен бастап көптеген адамдар қолдарындағы дөрекі сүйелдерді жақсы біледі, оларды әдетте  адам папиллома вирусы қоздырады. Бұл вирустың ерекшелігі - ол қарапайым теріге тиген кезде де жұғады. Ересектер мен балалар оны жиі жұқтырады, бірақ бұл қорқынышты емес және ол із қалдырмайды.
          Бірақ АПВ вирусының  қатерлі ісік шақыратын түрлері қауіпті, әсіресе вирус әйелдің денесінде  ұзақ уақыт болған кезде жатыр мойны  обырының  даму  қаупі артады. Вирус тез таралуға қабілетті, нәтижесінде папилломалар пайда болады(сүйел өсінділері), жасушалардың қатерліге айналуын және қатерлі ісіктің , мысалы жатыр мойны обырының дамуын қоздырады. Жатыр мойны обыры жағдайларының барлығы дерлік АПВ инфекциясынан туындаған. Ғылыми мәліметтерге сәйкес ,10 әйел мен ер адамның 8-і 25 жасқа дейін АПВ жұқтырған. Жыл сайын Қазақстанда жатыр мойны обырының 1900-ге жуық жаңа жағдайлары тіркеледі, 600-ден астам әйел бір жылда осы аурудан көз жұмады. Біздің елімізде жатыр мойны обыры барлық жастағы әйелдер арасында сүт безінің обырынан кейінгі кең таралған обырдың екінші түрі болып табылады. Кейінгі бес жылда  Қазақстанда 2 948 әйел жатыр мойны  обырынан көз жұмған, өкінішке орай, бұл көрсеткіш жылдан жылға артып келеді. Соңғы бес жылда 148 әйел қынап обырынан  қайтыс болған. Адам папиллома вирусының онкогенді түрлері ерлерге де зиян. 2018-2022 жылдары жыныс мүшесі мен тік ішек айналасындағы обырдан 95 ер адам көз жұмған.Соңғы бес жылда тіл, ауыз қуысы мен тамақ-өңеш обырынан 1 мың адам қайтыс болған.
АПВ вирусы адамнан адамға келесі жолдармен беріледі:
Тұрмыстық жанасу жолымен , яғни АПВ қол алысу, сүйісу, терідегі зақымданулар арқылы берілуі мүмкін. Вирус ылғалды ортада тез таралады, сондықтан қоғамдық орындарға - сауналарға, моншаларға , спорт залдарына, бассейндерге , дәретханаларға барғанда сақтық шараларын сақтаған жөн.
         Жыныс жолымен, яғни вирустардың онкогенді типтері жыныстық жолмен берілгенде жыныс мүшелері аймағында орналасатын ұшы сүйір сүйелдерді тудырады.
Тікелей жолмен бала туу кезінде: Вирус анадан сәбиге босану жолдарымен өту кезінде беріледі. Сүйелдер көбіне нәрестелерде өмірінің алғашқы жылдарында ауызда немесе теріде пайда болады.
Өзіне -өзі жұқтыру жолы , яғни АПВ қырыну немесе эпиляция (терідегі шаш талшықтарын жұлу) кезінде дененің бір бөлігінен екінші бөлігіне жиі ауысады. АПВ ауруының клиникалық белгілері байқалмайды, яғни адам өзіне вирус жұққанын білмеуі мүмкін. Вирус зертханалық сараптама  көмегімен анықталады.
         Бұл аурудың емі жоқ. Ғылыми түрде дәлелденген жалғыз жолы- вакцина салғызу.  Бүгінгі таңда  дүниежүзінде 135 мемлекетте АПВ-ға қарсы вакцинация жүргізілуде.  Денсаулық сақтау министрлігі Австралия, АҚШ, Канада, Германия, Ұлыбритания  секілді дамыған мемлекеттердің тәжірибесіне сүйеніп отыр. Австралия  мемлекеті  - 2007 жылдан бастап адам папиллома вирусына қарсы екпе енгізген алғашқы мемлекеттердің бірі. Бағдарлама нәтижесінде 18-24 жас аралығындағы австралиялық әйелдердің адам папиллома вирусын жұқтыруы 22 есеге , яғни 22,7 пайыздан 1,5 пайызға дейін азайған. Жатыр мойны обырымен ауыру 50 пайызға кеміген. Орталық Азия мемлекеттерінің арасында  Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан мемлекеттерінде АПВ-ға қарсы вакцинация жүзеге асырылуда, Өзбекстан мемлекеті адам папиллома вирусына қарсы вакцинаны  ұлттық екпелер күнтізбесіне енгізіп, мақсатты топтағы балаларды  95 пайыз қамтып отыр.
          Қазақстан Республикасының  Денсаулық  сақтау вице-министрінің 2023 жылғы 7 маусымдағы "Қазақстан Республикасында адам папилломасы вирусына қарсы 11 жастағы қыздарды вакцинациялауды енгізу жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған жоспарды бекіту туралы"№321 бұйрығына сәйкес 2024 жылы күзден  бастап республика бойынша 11 жастағы қыз балаларды адам папиллома вирусына қарсы егу жоспарлануда.
АПВ-ға қарсы вакцина мектептердің медициналық пункттерінде немесе тіркелген мекенжайы бойынша емханалардың егу кабинеттерінде тегін негізде қолжетімді . Вакцинацияға қарсы көрсетілімдер болмаса дәрігердің немесе фельдшердің қарап-тексеруінен кейін 6 ай аралықпен екі рет жүргізіледі. Егу шарасына АПВ 6,11,16,18 - 4 типінен қорғайтын 4 валентті вакцина қолданылады.
Неліктен вакцинация 11 жастағы қыздарға жасалады?
Вакцина адам папиллома вирусын жұқтырғанға дейін енгізілсе, ең тиімді болып табылады. АПВ 25 жасқа толмаған адамдар арасында жиі кездеседі. Сонымен қатар, осы жастағы вакцинация ең күшті иммундық реакцияны қамтамасыз етеді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 9-14 жас аралығындағы қыздарға вакцинация жүргізуді басымдық ретінде ұсынады.
АПВ-ға қарсы вакцина 2006 жылдан бастап пайдаланылуда, бүкіл әлемде 250 миллионнан астам адам екпе алған, осы мақсатта  500 миллион доза пайдаланылған, бұл күрделі теріс реакциялар тудырмады.
АПВ-ға қарсы вакцина әйелдердің репродуктивтік қызметіне ықпал етпейді және бедеулікке әкеп соғуы еш мүмкін емес, ол әлемнің дамыған елдерінде көп жылдық клиникалық зерттеулер нәтижесінде дәлелденген.
АПВ вакцинасының құрамында тірі вирустар жоқ.Вакцинаның құрамында ағзаға түскенде иммуниттеті белсендіретін жекелеген вирус ақуыздары бар. Өз кезегінде ,иммундық жүйе жасушаларымен адам папиллома вирусымен күресуге бағытталған қарсы денелер( антитела) өндіріледі. Осыған байланысты , вакцина обырды тудыруға қабілетсіз.
         АПВ вакциналарының  тиімді екені дәлелденді. АҚШ-та вакцина енгізілгеннен кейін 11 жыл өткен соң  13-26 жастағы әйелдер арасында АПВ-ның  таралуы 81 пайызға төмендеді.
         Адам папиллома вирусы ауруынан сақтаныңыз, қыз балаларыңызды осы аурудан екпе жасату арқылы қорғауға кеңес береміз.
  А.Балшамбаева,


Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық  бақылау 
басқармасы басшысының міндетін атқарушы

Сурет:  aikyn.kz                                                 
16 тамыз 2024 ж. 261 0