Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жүргізуші куәлігі сатыла ма?

Жүргізуші куәлігі сатыла ма?

Заманның өзгергені ме, әлде қоғамның дамуға бет бұрғаны ма қазір темір тұлпар тізгіндегендер көп. Бұрындары ер азаматтар ғана руль ұстаса, бүгін қыз-келіншектер де көлік басқарып, жүйткіп бара жатқанын көргенде таң қалмайтын болдық. Көлік тұрмысқа қажетілігімен қоса, бәсекеге де айналып бара жатқан сыңайлы. «Бір үйге бір көлік керек-ақ» дегенді қанатты сөздей құлақ шалатын. Ал қазір жағдай жеткендердің үйінде адам басына бір көлік бар. Әр нәрсенің жақсы, жаман жағы болатын секілді темір тұлпардың да төңірегінде мәселе жоқ емес. Жол - көлік оқиғаларын күнде құлақ естіп, көз көріп, үйреншікті құбылысқа айналып кетті. Көбіне мұндай жағдайлар жол ережесін білмейтін жүргізуші себебінен болып жатады. Ақшасы бардың айы оңынан туған заманда жүргізуші куәлігін еншілеу де оңайлаған. Жүргізуші куәлігін алуға байланысты өзгеріс көп. Тіпті тест тапсыру кезінде шикілік шығып, түк білмейтін адамдар да рөлде отыратын болды. Сондықтан куәлік алу жеңіл жолмен келмейді. Алғашқы сыннан өтпесе, меселі қайтпай қайта тапсыратындар бар. Ол үшін талап пен тәртіпке бағыну керек. Биылдың өзінде жүргізуші құжатын алудың жаңа заңдылығы енгізілді. Бұрындары біліктілікті анықтайтын теориялық тестті облыс орталықтарына барып тапсыратын. Қазір ол оңтайландырылды. Аудандық халыққа қызмет көрсету орталықтарында сынақтан өтсеңіз, тәжірибелік сынаққа ғана барасыз.
– Жүргізуші куәлігін алу үшін теориялық сынақ тапсыруға жеке басыңызды анықтайитын куәлік, 73 формалы медициналық анықтама, оқығаны туралы куәлік және 4615 теңге жүргізуші куәлігі үшін жарнапұл төлейсіз. Биылғы жылдың сәуір айында жүргізуші куәлігін алуға арналған №862 бұйырыққа өзгерістер енгізілді. Бұған дейін А және В санаты үшін куәлік алушыларға оқу куәлігі талап етілмеген болса, бұдан былай барлық санат бойынша құжат алушыларға оқу міндеттеліп отыр. 4 айға жуық уақыт ішінде ауданда 3 адам жүргізуші куәлігін алу үшін сынақтан өтіп, құжатты болды. Тестілеуде 40 сұрақтың 32-сіне дұрыс жауап беру керек. Тапсырушыны екі жақтан камера түсіріп отырады. Бұған қоса дыбыс жазғыш аппарат орнатылған. Сондықтан заңсыздықтың орын алмауы үшін бақылау қатаң – дейді аудандық халыққа қызмет көрсету орталғының маманы Азамат Мұратұлы.
Мұндай сынақты алғаш құжат алар кезде және өрескел заң бұзушылық жасап, жүргізуші куәлігінен айырылған жағдайда қайта тапсырады.
Жаңа заңдылыққа сәйкес, оқу куәлігіннің міндетті болуы автомектептердің жұмысының жүруіне оң ықпалын тигізуде. Ауданда 3 жылдан бері жұмыс істеп тұрған «Отан-Арал» ЖШС-нің қарқыны артқан.
– Біз теориялық білім береміз. Сондай-ақ тестте келетін сұрақтар бойынша дайындаймыз. Курс 3 апта жүреді. Осы кезде 13 адам курстан өтуде. Олардың арасында 60 жасқа таяған егде кісілер де, жастар мен әйелдер де бар. Көбі көлікті практика жүзінде үйренгендер. Бірақ жол ережесінің кейбір тұстарынан бейхабар, – дейді оқу бөлімінің жауапты маманы Анар Сәбитқызы.
Әрине автомектепте оқу ақылы. Әлеуметтік желіде өздерінің қызметін жарнамалаған мұндай мектептерден көз сүрінеді. Олар онлайн, офлайн негізде даярлықтан өткізіп, куәлік береді. Желідегі жарнама бойынша автомектеп деп көрсетіліп, өз қызметін ұсынған нөмірге хабарласып көрдім. Әрбі-бері сөйлескен соң «оқуға қатыспай-ақ куәлік алуға бола ма?» және «қомақты қаржы төлесем теориялық, практикалық сынақтан өткізіп бере аласыз ба?» деп сұрадым. Өздерін Шымкент қаласынанбыз деп таныстырған телефонның арғы жағындағы жарнама иесі ол үшін мені аталған қалаға келуге шақырды. Оңай куәлікті болу да бірнеше жүзмыңдықты санап берумен тынатын шаруа екен.
Жоғарыда айтылған қаптаған камера мен бақылаудан соң «бұл мүмкін бе?» деуіңіз заңды. Мұның бәрі алдын-ала келісіліп, сіздің төлқұжатыңызбен өзгенің сынақ тапсырып шығуына, ал соңында құжаттың сізге жазылуына мүмкіндік береді.
Бұл заңды белден басу болса, құжатсыз да емін-еркін көлік рөліне отыратындар да бар арамызда. Жыл басынан бері ауданда құжатсыз көлік тізгіндеген 377 адамға Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 612-бабына сәйкес хаттама толтырылған. Мұндай келеңсіздік жастар мен әйелдер арасында көп кездеседі.
Қазақстан Республикасының заңдарына сай жүргізуші кәлігі тек кәмелетке жасы толғандарға ғана беріледі. Сәйкесінше көлік рөліне де жүргізуші куәлігін алмай тұрып, он сегіз жасқа толмай отыруға рұқсат жоқ. Бірақ шалғай елді мекендерді былай қойғанда, жолдағы көлігі сапырылысқан ірі қалалардың өзінде құжатсыз көлік жүргізетін балалар азаймай келеді.
Олардың көпшілігі әке-шешесінің рұқсатынсыз, ата-анасы үйінде жоқ кезде көлікті рұқсатсыз мініп кетеді. Ал кей жағдайда үлкендер жағы баласын еркелетіп, өтінішін аяқсыз қалдыра алмай көлігінің кілтін өз қолымен табыстап жатады. Мұндай азаматтар «Балаға пышақты бермесең, бір жылайды, пышақты берсең екі жылайды», «Балаңды аясаң аяма» деген бағзыдан келе жатқан ата-бабамыздың даналық сөздерін қаперіне ала бермейді.
Өйткені, көліктің кілтін құжатсыз балаға өз қолымен ұсынып тұрған ата-ана өз ұл-қызын ғана емес, жолдағы жүргізушілер мен жүргіншілердің басын да қауіпке тігіп тұр. Бүгінде тәжірибесі бар, жол ережесін жетік білетін жүргізушілердің өзі жол апатына ұшырап жатады. Ал көлікте тосыннан техникалық ақау пайда болса, жолда аяқ асты апаттық жағдай туындаса, ешқандай тәжірибесі жоқ баланың тез шешім қабылдай алмайтыны түсінікті. Бұл баланың өзіне ғана емес, айналасына төнген қауіп.
Осы ретте 8 сыныптан бері көлік тізгіндеп үйренген 32 жастағы қала тұрғыны Гүлназ Қайырбекқызы былай дейді:
– Отбасында төрт қыз болдық. Ер бала болмаған соң әкем мені ер балаша тәрбиеледі. 8 сыныптан бастап көлік жүргізуді үйрендім. Біз ауылда тұратын болғандықтан бұл кезде менің құжатсыз көлік басқауыма еш кедергі болған жоқ. Кейін 18 жасқа толғанда жүргізуші куәлігін әкем өзі алып берді. Ол кезде қазіргідей заң күшті емес болатын. Бірақ мен практика жүзінде өз бетіммен барлық жол ережесін меңгеріп, көліктің автоматты, механика түрін басқаруды меңгеріп алғандықтан осы кезге дейін ешқандай өрескел заң бұзушылық жасап немесе жол апатына себепші болған емеспін. Қазір Астана қаласында тұрамын. Нәпақа табу үшін жалдамалы көлік алып, такси қызметін атқардым. Ерте жастан көлік айдаудың, құжатты сатып алудың дұрыс емес екендігін білемін. Бірақ жылдар бойғы тәжірибенің арқасында көліктің ақауын оңай тауып, өз бетімше жөндей де аламын. Нәзік болмысым бұған кереғарлық келтірген емес.
Ал Ерлан Бержанұлы өзінің 3 жылдан бері жүргізуші куәлігін ала-алмай сенделіп жүргендігін айтады.
– Көлік жүргізуді жақсы білемін. Жалған айтпай-ақ қояйын ең бірінші көлік айдап үйрендім. Құжатсыз да басқардым. Бірақ ол қылығым әшкере болып, айыппұл арқалаған соң көлік айдауды доғарып, құжат алудың қамына кірістім. Алғашқы барғанымда теориялық тесттен оңай өтіп, практикалық сынақтан сүрініп қайттым. Кейін тест сұрақтары өзгеріп, қиындай түскендігін байқадым. Практика алаңының да жол белгілері жаңартылған. Сондықтан бұл жолы тағы да жүргінші жолғанына 5 сантиметр жақын тоқтағаным үшін маған куәлік бермей қойды. Шынымды айтсам, қайта-қайта сынақ тапсыру менің қалтама салмақ салды. Оның үстіне облыс орталғына барып тапсыру керек. Сондықтан көбінің бұған шамасы жете бермеген соң амалдың жоғынан тәуекелге бел буып, қажеттіліктен құжатсыз көлік айдап жүрмін. Менің ойымша, құжат алудың жолдарын қиындату тек қарапайым халыққа ғана әсерін тигізіп жатыр. Қалталылар үшін мұның да оңай шешімі табылған. Сол себепті, әр ауданда сынақ тапсыруға мүмкіндік жасалса,– дейді ол.
Оңтүстік Кореяның Чха есімді тұрғыны жүргізуші куәлігін алу үшін 2005 жылдан бастап 950 рет теориялық, 10 рет тәжірибелік сынақ тапсырған екен. Емтиханның бәрінен сүрінбей өтіп, куәлік қолына тигенде оның жасы 70-ке таяп қалған. Кейуананың табандылығына тәнті болған полиция қызметкерлері «Чха жүргізуші куәлігін қолына ал¬ған күні өз қолымызбен ескерткіш қойып береміз» деген екен. Алайда бұл қарияның қажырлығына қойыл¬ған белгі ме, әлде осы елдегі жем¬қорлықтан ада жүйесінің тазалығын мойындатқаны ма... мұны өзіңіз таразылай жатарсыз.
Түйін. Көлік – алысты жақындатып, діттеген жеріңе тез жеткізудің құралы. Бұл – техника. Сондықтан оның сан алуан қыры мен сыры бар. Жол үсті сан мың адамның қозғалысын қамтамасыз етіп отырғандықтан онда өмір бар. Сол өмірдің өлшеуі жол үстінде таусылмас үшін темір тұлпарды тақымдар алдында жауапкершілікті сезіне біру керек. Құжат алу үшін заң күшейсе де айлалының көк қағазы түйткілді оңай шешуде. Ал құжатсыз көлік басқарғанның айыппұлмен құтылуы жеңіл жаза секілді. Иә, ақша жүр¬гізуші куәлігін сатып алған адам мен сатқан адамның мәселесін шешер. Бірақ оның арты қанша адамның өліміне ұласып, қанша отбасы қара жамылуы мүмкін.
Назерке МАРАТҚЫЗЫ
26 тамыз 2024 ж. 151 0