Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «ВЕРТЕРМАНИЯ»: ДЕМ ҮЗУДЕГІ ДАҚПЫРТ

«ВЕРТЕРМАНИЯ»: ДЕМ ҮЗУДЕГІ ДАҚПЫРТ

Өлімге де «жарнама» жасалып жүрген сыңайлы. Суицидтің себебін «айғайлатып» беріп, салдарының ауыр болатынын көбі аңғармайды. Ақпарат құралдарында жарияланған мақала, жаңалық, тіпті, фильм мен әдебиет жұқпалы кеселді өршітеді. Мысал да көп. Мәселен, тамырын немен тіліп, қайдан секіргенін яки қандай дәрі қолданғанын мұқым елге мәлімдейді. Ал, бұл келесі бір адамның өз-өзіне ажал «шақыруына» ықпал етуі мүмкін. Нану қиын. Бірақ, шындығы сол. Ғылымдағы атауы – «Вертер әсері». Суицид қоғамда қаузалған сайын, өлім дерегі де жиілей түседі. Ендеше, медиа этикаға қаншалықты мән беріліп жүр? Халықаралық нұсқаулық не дейді? Төменде тарқатайық.
Көшірме суицид көбейген
Неміс жазушысы Гетенің «Жас Вертердің қайғысы» атты романы дүниені дүр сілкіндірді. Әлемнің 20-дан астам тіліне аударылып, тез танылды, кейін тыйым салынды. Себеп те жоқ емес. Басты кейіпкер махаббаттың машақатын тартып, өз-өзін өлімге қияды. Осылайша, «романтикалық суицидтің» шебері Гетенің романынан соң Еуропада көптеген адам өзіне қол салады. 1974 жылы америкалық әлеуметтанушы Дэвид Филиппс мұны «Вертер эффектісі» деп атады. Ол 12 мыңға жуық суицид фактісін зерттей келе,мұны әдебиетте сипатталған, кинода көрсетілген немесе БАҚ-та жарияланған суицидтерге еліктеудің белгісі деп қарастырған. Яғни, АҚШ-та суицид туралы ақпарат жарияланған соң өзіне қол салу көрсеткіші артқан.
Кино әлемінің жарық жұлдызына айналған Мэрилин Монроның өлімі жұмбақ. Десек те, ақпарат құралдарында бөлмесіндегі үстелде ұйықтатын дәрі болғанын және актрисаның қаны мен бауырындағы дәрі-дәрмектің өлімге әкелетін дозасы туралы дерек тарады. Актриса көз жұмғаннан кейін бір ай ішінде Лос-Анджелестегі суицид деңгейі екі есе өскен.
Мұндай оқиға көп. Соның бірі – Тунистің Сиди-Бузид қаласының тұрғыны Мұхаммед Буазизиге қатысты. 2010 жылы полиция рұқсат етілмеген саудасы үшін одан жемістерді тартып алған кезде 26 жаста болған. Ол алаңға шығып, жанармай құйып, өзін өртеп жіберді. Содан соң алты ай ішінде Тунисте өзін-өзі өртеу салдарынан 107 адам көз жұмған. Еліктейтін суицид толқыны талай елдің есін шығарған.
1980 жылдары Германияда «Студенттің өлімі» атты 6 бөлімнен тұратын телехикая танымал болды. Әр эпизодта кейіпкер Вагнердің пойыздың астына түсіп бара жатқан көрінісі көрермен назарын аудартады. Сериал қол жұмсауға итермелейді деген кей ата-ана алаңдайды. Бұл орынды. Өйткені, Мангеймдегі Орталық психикалық денсаулық институты алғашқы эфирден кейін 70 күн ішінде жүргізген зерттеуіне сәйкес, 15 пен 19 жас аралығындағы ер жасөспірімдер арасындағы теміржол аймағында суицидд еңгейі өскен. Кейін сериалдың эфирден көрсетілуіне тыйым салынады.
Шындығында, киноөнімнің психикаға әсері және жасөспірімнің қандай да бір әрекетке баруына ықпал ететіні жиі айтылады. Өткен жылы елімізде «Слова пацана. Кровь на асфальте» сериалы көптің назарына ұсынылды. Қоғамда талқыға түскені сонша, пікір де әр алуан болғаны жұрт жадында. Жасөспірімдерді криминалдыққа үгіттеп, топтық төбелесті үдетеді деген күдік көңілден кетпеді. Алматы облысында жасөспірімдердің қатысуымен жаппай төбелес орын алып, төртеуінің ауыр жағдайда ауруханада жатқаны туралы ақпарат шықты. Көпшілік бұған аталмыш сериалдың әсері бар деп тапты. Алаң болған ата-аналар сериалдың зорлық-зомбылықты насихаттайтынын жеткізіп, білім министрлігінен шара қолдануды сұраған еді.
Австрияда да метродағы суицид белең алған. Өзіне қол жұмсау дерегі артқан соң шешім қабылдау маңызды болды. Сондықтан, олар дағдарыс көмектесу орталығымен бірлесе жұмыс істеп, журналистер арасында талқылау жүргізіп, арнайы нұсқаулық дайындайды. Өз-өзіне қол жұмсау бойынша оқиғаның БАҚ-та жарияланбауын қадағалайды. Нәтижесінде, суицид үш есеге азайған. Осыдан соң Австрия баспасөзі біреудің жан азабы мен қайғысы туралы сенсацияларды көбейтпеген.

Триггер: трагедияны тәптішеудің теріс тұсы
Медиадағы мәселе осы болып тұр. Суицид туралы статистика мен жаға ұстататын жаңалықтан көз сүрінеді. Елімізде де мамандар қайғылы оқиғаны бүге-шүгесіне дейін баяндамау туралы дабыл қағуда. 2020 жылы суицидтен көз жұмғандар саны жол апаты мен жүрек ауруынан қайтыс болғандар санынан басым болған. Дерекке сәйкес, 2020 жылы елімізде 3 515 адам өзіне қол салса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 3 922-ге жеткен. «Қазақстан Медиа Альянсы» мәселені қызу талқыға салып, Елордада «БАҚ-та суицид туралы материал жариялаған кезде жауапты болу» тақырыбында іс-шара өткізді.
– БАҚ суицидтің алдын алуда маңызды рөл атқара алады. Баспасөзде суицид туралы ақпарат таратқан уақытта сақ болған жөн. Елдегі сайттардың бірінен «2020 жылы 4 қазанда Алматы облысында славян нәсілді әйел көпірден секіріп, өзін өлтірмек болды» деген ақпаратты оқыдым. Менің ойымша, суицид мәселесі ұлтқа бөлінбейді. Сонымен қатар, мұнда адам өзіне қалай қол салмақ болғаны туралы ақпарат жазылған. Себебі, бұл өзіне қол жұмсауға бейім адамдарға ықпал етуі мүмкін. Материалда адам көмекті қайдан алатыны жазылуы тиіс. Мысалы, психологиялық көмек, құтқару қызметі немесе тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған сенім телефоны, балалар мен жасөспірімдерге арналған сенім телефоны берілуі керек. Яғни бұл нөмірлерге қоңырау шалып, тиісті жәрдемді алуға мүмкіндік туады, – деді «Қазақстан Медиа Альянсы» қоғамдық бірлестігі өкілдігінің атқарушы директоры Қанат Сахариянов.
Расымен, өлімнің әрбір деталіне тоқталмай, керісінше тиісті мәліметпен бөлісу суицидтің алдын алады. Мәселен, тележүргізуші, жазушы және аспаз Э.Бурденнің қаза болғаны туралы ақпаратта Американың көп БАҚ-ы психологиялық көмек берумен айналысатын мекемелердің телефон нөмірін көрсеткен екен.
Бәрінен үміт үзген адамдар суицид туралы жаңалықтарға әрекет алгоритмі ретінде қарайтыны анық. Бұл ретте, журналист, мәдениеттанушы Әсия Бағдәулетқызы кейбір журналистердің «вертер синдромы» туралы біле тұра, ақпарат жариялағанда өз жауапкершілігін сезіне бермейтінін жазды.
– Жұмыс бабымен психикалық саулық пен суицидтің алдын алу мәселесін біраз зерделедім дей аламын. Сондықтан әріптестеріме суицидті сенсацияға айналдыруға болмайтынын жеткізгім келеді. Яғни тақырыпқа «өзіне қол жұмсады», «асылып қалды» сияқты сөздерді шығару қауіпті. Сіздің аудиторияңыз тек қана төрт құбыласы түгел адамдардан тұрмайтынын түсіну керек. Жазбаңыз немесе сюжетіңіз алдынан шыққан әр адам әртүрлі психологиялық күйде болуы мүмкін. Ал мұндай айқайлап тұратын тақырыптар жай-күйі мәз емес адам үшін триггер болуы ықтимал.
Марқұмға қатысты стигматизация жасау, оған «буллинг құрбаны», «жоқшылық құрбаны» деп анықтама беру мүлде дұрыс емес. Дәл қазір қаншама адам жоқшылық не зорлық-зомбылық құрбаны болуы мүмкін. Сондай жағдайға түскен адам үшін суицид қиындықтан шығар жол болып қабылдануы мүмкін. Сонымен қатар, марқұмның фотосын, аты-жөнін, жеке деректерін отбасы не жақындарының рұқсатынсыз жариялап, онсыз да қаралы жандарға жан-жарасын үдетудің қажеті жоқ, – дейді ол.
Қазақстандағы медианың өзін-өзі реттеу жөніндегі қоғамдық комитеті де қиын жағдайға тап болған тұлғалардың фотосы мен видеосын жариялау туралы шешім қабылдағанда жан-жақты ойлану керегін ескертеді.
– Суицид немесе оған әрекет жасаған адамдардың видеосы мен фотосуретін тарату күрделі мәселе. Өйткені, біріншіден, аудиторияның назары проблемаға емес, адамның жеке деректеріне ауады. Оны бұл шешімге не итермеледі, әлеуметтік проблема ма, жеке жағдайлар ма? Бұл жағдайда ақпаратты жалпылама, егжей-тегжейін көрсетпей және суреттерді жарияламай беру керек деген ұсыныс айтуға болады. Сонымен қатар, Қазақстан медиасының трагедиялық оқиғаларды аудитория тарту және рейтинг жинау құралы ретінде қолдануы үрдіске айналмауы керек, – делінген.
Комитет оқыс оқиғадан соң жақыны мен туысынан, әріптестерінен сұхбат алуға асықпау керектігін айтады. Олар өздері оқиға туралы айтқысы келген жағдайда ғана жариялауға болады. Мұндай жағдайдың өзінде медиада оқиғаны шамадан тыс егжей-тегжейлі хабарламау қажет. Тіпті, сұхбат алушыларға жарияланымның моральдық қолайсыздықтар тудыруы ықтимал деп хабардар ету ұсынылады.

«Папагено әсері»: пікір қайшылығы неде?

Вертер әсерінің әлемді әуреге салғанын байқадық. Әрі оның мән-жайын медиада талқылау, қол жұмсаудың әдісіне дейін атап көрсету құбылыстың қайталануына түрткі дедік. Папагено әсері Вертерге мүлдем қарама-қарсы. Яғни ақпарат құралдарында суицид жасаған адамның монологын немесе әңгімесін жариялау келесі бір суицидтің алдын алады. Суицидті шешім көрген адамды ойынан арылтудың амалы. Папагено бойынша суицид туралы хабарлардың барлығы суицид деңгейінің артуына әкелмейді. Бұл тұста, ақпараттың медиада қай ракурстан берілетініне назар аударған ләзім. Мәселен, суицидті сәтті жеңген адам жайлы жаңалықтар суицидті азайтуы мүмкін. Иә, зерттеушілер екі теория арасындағы қарама-қайшылық болса да, әр теорияның белгілі деңгейде өз шындығы барын айтады. Бастысы – екеуінде де асыра сілтеуге бой алдырмау.
Америкада суицид 10 өлімнің бірі болып табылады. Әр 13 минут сайын өз-өзіне қол жұмсау оқиғасы көрініс табады екен. Осы орайда АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулдығы америкалық режиссер, жазушы Лиза Кляйнның қатысуымен психикалық денсаулық пен суицидтің алдын алуға қатысты фильм түсіреді. Яғни режиссердің әкесі мен бауырының өз-өзіне қол жұмсауы бұған себеп болған. Басынан өткен қасіретті өзгенің көрмеуі үшін фильм түсіруге бекінген. Азапты сәтті таспаға айналдырып, суицид тақырыбын ашық талқылауды мақұл көреді. Жазушының психикалық денсаулық тақырыбын жиі көтеретіні де содан. Сұхбатының бірінде «суицид туралы айту керек пе әлде жоқ па?» осы төңіректе жауап берген.
– Менің ойымша, біз міндетті түрде ол туралы сөйлесуіміз керек. Неге десеңіз, сөйлескен кезде, біреуге ашылып айтқан кезде біз үшін қауіпсіз орта пайда болады. Ондай ортада болу жайлылыққа әкеледі және адамның бойындағы ауыртпашылықты азайтады. Көпшіліктің «ол туралы сөйлеспеу керек, ашық айтпау керек, талқылауға болмайды» деген көзқарасы бар. Суицид деп айта берсек, адамның ойына сол суицидтің мүмкіндігін салып қоямыз деген түсінік қалыптасқан. Меніңше, ол – миф. Статистикаға қарасақ, оның даму белгілеріне қарасақ, ол олай жұмыс істемейді. Яғни бір адамға суицид деген сөз айтсаңыз, ол барып соны істейді деген сөз емес. Кез келген нәрсе сияқты оның шешімі сөйлесуден басталады. Сонда оған мәселені шешуге мүмкіндік бересіз, шешу жолының басын бастап бересіз. Жіпті тарқатқандай болады. Адамды оны жасауға емес, керісінше ішіндегісін шығаруға мүмкіндік бересіз, – дейді ол.
Режиссер фильм түсіру барысында қиындық туралы да тілге тиек етеді. Ет жақынынан айырылған жандармен сұхбаттасқанда естеліктер қайта жаңғырған. Монтаж бөлмесінде жылаған күндері болған екен. Бірақ нәтижесінде талай адаммен достық қарым-қатынас орнатқан. Тіпті «өмірімді өзгертіп, көмектестіңіз» деген адам қатары көбейіпті.
ТҮЙІН. Әркім өз өміріне жауапты. Десек те, ақпарат жариялауда абай болған абзал. Қаралым жинаймын деп қаралы хабар көбейіп, трендтен түспеудің соңы трагедияға ұласпасын. Сан мен сөзді ойнатуда ойлану керек.

А.СЫРЛЫБАЙ

20 тамыз 2024 ж. 69 0