Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әскердегі әлімжеттік: қорғаушыға да қорған қажет

Әскердегі әлімжеттік: қорғаушыға да қорған қажет

«Сәлеметсіз бе, аяулы анашым! Старшина ертең майдан алаңында үлкен ұрыс болатынын айтып, уақытты тиімді пайдаланып хат жазуымызға рұқсат етті. Негізі қолымыз қалт еткенде жертаса қазамыз. Өзімнің госпиталь ішінен шыққаныма көп болған жоқ. Басыма снаряд сынығы тиіп, бір айдай екі дүние арасында жаттым. Сауығып шыққаннан кейін «Ерлігі үшін» медалін берді. Бірақ мен үшін мұның бәрі маңызды емес. Туған жеріме барып, жаныма жақын жандарды көруге асығамын». Бұл сонау соғыс жылдары әскерге кетіп, елін, жерін, отбасын сағынған жауынгердің хаты. Қазір бейбіт уақыт. Батыр бабалардың осындай жігерлі хатын оқып, рухтанатынымыз рас. Ал қазір 4 жыл соғыс түгілі, 1 жылдық әскерден ат-тонын алып қашатындар көп. Себеп неде?

Отанды қорғау – маңызды міндет
Президент «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында «Әскер қатарында заң мен тәртіптің сақталуы – айрықша маңызды міндет. Жастар әскерге Отан алдындағы борышын өтеуге барады. Жас сарбаздарымыз өз міндетін алаңсыз орындауы үшін әскер қатарында, ең алдымен, темірдей тәртіп болуға тиіс. Қарулы күштер мен басқа да күштік құрылымдар осы талапты мүлтіксіз орындауы қажет.
Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады. Сондықтан сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты» деді.
Ахуал билік назарында. Ал діннің өзінде 5 нәрсені қызғыштай қорғау міндеттелсе, соның бірі – Отан. Мүмкін Отанға деген махаббаттың бүгінде әскери міндетпен тығыз байланыстырылатыны содан да шығар. Жүрегіндегі патриоттық жалыны өшпей, әскер қатарына қабылданып, аман-есен борышын өтеп келгенге не жетсін, шіркін?!
Негізінен 18-27 жас аралығындағы денсаулығы жарамды әрбір азаматқа әскерге бару міндеттеледі. Олар жылына екі рет, қазан және желтоқсан сосын сәуір-маусым айларында іріктеліп, шақырылады. Ең басты қойылатын талап – денсаулық. Денсаулығы жарап тұрған, он екі мүшесі сау азаматтың бәрі қатарға алынады. Азаматтардың əскери қызметке жарамдылық дəрежесін айқындау үшін еліміздің әр түкпір-түкпірінде атқарушы органның шешімімен тұрақты негізде медициналық комиссиялар құрылады. Олар əскерге шақырылушы азаматтарды медициналық куəландырудан өткiзеді. Болашақ сарбаздардың денсаулығы мінсіз болуы шарт. Сондықтан кешенді тексеріс тағайындалады. Жас жігіттердің бойы мен салмағынан бастап, қалқанша безі, іш құрылысы, жүрегі де мұқият тексеріледі. Мәселен, десанттық шабуылшы болғысы келетіндердің ең алдымен физикалық дайындығы ескеріледі. Сонымен қатар, спортшыларға басымдық беріледі.
Әскерден қашқан «әскер»
Байқасаңыз, Кеңес үкіметі кезіндегі жігіттер одақтас елдердің бірінде екі жылдық борышын өтеген. Оның бәрі темірдей тәртіптің арқасында орындалған дүние. Ауыл арасынан шығып, қала асып, өзге елде түрлі ұлт өкілдерімен Отан алдындағы парызын өтеу абыройлы міндет еді. Өзге ел былай тұрсын, Қазақстанның басқа қаласына барып «сарбаз» атанудан жасқанатын жастар бар қазір. Бұл жағдайды кешегі өткен Қаңтар оқиғасы одан әрі айқындай түсті.Сондықтан болар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та жастардың әскерге баруға деген қызығушылығын оятатын түрлі жағдайлар жасаудың маңызды екенін мәлімдеді.
– Көптеген жас азаматымыз Қарулы Күштер қатарында әскери борышын өтеуден қашады. Әскери билетке ие болу жастардың мақтанышын тудырмайды және Отанға қызмет етудің белгісі саналмайтын болды. Армия қатарында қызмет ету, құқық қорғау саласында жұмыс істеу – айрықша миссия. Бұл – Отан үшін жанын салуға бел буған азаматтардың саналы таңдауы. Жастарымызды әскери борышын өтеуге қалай ынталандыруға болатынын біз бүкіл қоғам болып ойластыруымыз керек, – деді Президент.
Бұл қамшылаудың өзі аздық етіп тұрғандай. Мысалы, өткен жылдың наурыз-маусым және қыркүйек-желтоқсан айларында 18 бен 27 жас аралығындағы кейінге қалдыруға немесе босатуға құқығы жоқ 37 056 ер азаматты шақыруды қамтамасыз ету тапсырылған. 2024 жылы олардың саны 40148-ге өсті. Алайда, жалпы статистикалық мәлімет бойынша, шақырылған азаматтардың 5/1-і ғана борышын өтейді екен.
Бәріміз білетіндей, соңғы жылдары әскерде жаға ұстатарлық жағдай көп болды. Суицид себебінен баласынан айырылған, сау кеткен баласын ауру күйінше қарсы алған ата-аналардың жанайқайы ешкімді бей-жай қалдырмады. Және оларға әскери бөлімше қызметкерлерінің кінәлі екендігі тағы бар. Соңғы 10 жыл көлемінде 220-дан аса сарбаз суицидке барған. Демек, жыл сайын 22 отбасы қара жамылады десек болады. Олар әскердегі әлімжеттікке шыдамаған сарбаздар және дер кезінде медициналық көмек көрсетілмеген сарбаздар арасында болған.
Ондай қорқынышты жайт әлі де басылар емес. Ақ жол тілеп шығарып салған баласын әскерден ақ матаға ораған күйінде әкелген ата-аналар көбейді. Ажал аузында ет жақынын көрген жандар да бар. Алысқа бармай-ақ мысал ретінде аудандағы бірнеше жыл бұрын дансаулығы нашарлап келген аралдық Ренат Жеткергеновті алсақ болады. Бұл біз білетін жалғыз жағдай. Ал Алматыда әскери борышын өтеп жүрген Ербаян Мұхтардың жағдайы қазақстандықтарды алаңдатуда.
Міне, осы жағдайдың бәрі ата-ананың да, жас сарбаздың да әскерден қашуына бірінші және ең үлкен себеп. Бір қызығы тергеушілер бұл қылмыстарға әскери қызметкердің кінәсі жоқ екенін айтады. Алайда олардың нақты тіркелген қылмыстық жағдайлар екенін ескергеніміз жөн.
–Қазір халықтың ойы екіге бөлінеді. Біздің әкелеріміз «қазіргі әскер оңай ғой. 1 жыл деген өте шығады әрі балаңмен хабарласа аласың, барып тұруға да болады» десе, аналарда қорқыныш басым. Көк жәшікте күнделікті естіп жүрген жаңалықтарды көріп, баласын әскерге жібермеудің бір сылтауын іздеп отырады немесе ЖОО-да арнайы әскери пәнді оқып, билет алғанын қалайды. Мен өзім де әскерге барғанды құп көрмеймін. Бір артық қимылмен өмірімді құртып алғым келмейді. Алдағы уақытта студент кезімде қосымша оқып алуды жоспарлап жүрмін. Бір жағынан 1 жыл уақытымды да үнемдеймін, – дейді атын жасыруды сұраған пікір білдіруші.
Иә, өзіңіз байқағандай, «1 жыл уақытты босқа кетіру» де басты себепке жатады. Одан қала бере әскерге шақырылушының бірі қала кезіп жұмыста жүр, біреуі – оқуын жалғастыруда. Ал ендігісі үйінің жалғызы, кейбірі – асыраушысы.

Сыры ашылған сандар
Арал ауданының Қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің мәліметінше, өткен жылдың көктемінде 331 жан әскерге шақырылса, соның 80-і ғана сарбаз атанған. Күзгі шақырылымның да жағдайы айтарлықтай қуантарлық емес. 282 жастың 87-сі ғана әскери борышын өтеуге аттаныпты. Ал биылғы жылы әскери борышын өтеуге жарамды 266 азаматтың 89-ы қазіргі таңда Отанын қорғауда. Олардың саны жалпы мөлшердің 50%-на да жетпейді.
–Қазір жастардың арасында әскерге барушылар аз екені бәріне мәлім. Олардың өзіндік бір себептері бар шығар, дегенмен оны құр босқа уақыт өткізу немесе мүмкіндіктерден қағылу деп ойлайтындар жоқ емес. Кез келген жігіттің қолына қару ұстап, елдік мүдде жолында сапта тұруы абырой, ерлік, қала берді міндет екенін ұмытып бара жатырмыз. Қазір жастарға ермек көп. Ертеңгі өмірім не болады деп те бас қатырмайды. Ақша тапқысы келсе, кез келген жерде мүмкіндік бар. Міне, сондай буын өсіп келе жатыр. Оларда әскерге бару немесе Отанға қызмет ету деген сынды патриоттық сезім жоқ болуы да мүмкін.
Соңғы жылдардағы есеп бойынша өз еркімен әскерге барғысы келетін жандар 10%-ды әрең құрайды. Ондай жастарды көргенде көңілімді қуаныш кернейді. Және олардың саны артқанын қалаймын, – дейді әскерге шақыру бөлімшесінің инспекторы Дулат Мегенов.

Әскерге бардым – жеңілдік алдым
Әскер – әрбір азаматтың азаматтық борышы. Бүгінде жастардың әскерге қызығушылығын арттыру мақсатында әртүрлі іс шаралар қолға алынып жатыр. Мысалы, әскерге барған жандарға білім беру жүйесі бойынша арнайы жеңілдіктер ұсыну, мерзімді әскери міндетін аяқтаған жанға біржолғы ақшалай сыйақы төлеу. Отан алдында борышын өтеп отырған жанның ата-аналарына жылына 1 рет темір жол қатынасын тегін пайдалануға жағдай жасау және өзіне кредиттік демалыс беру. Және де биылғы жылдың қаңтар айында болған оқиғалар да әскери қызметтің абыройын арттыруға себеп болды. Тіпті олардың пайдасын көріп жатқан студенттер де аз емес.
–Мен жоғарғы оқу орнын аяқтаған соң мерзімді әскери міндетімді өтеуге бардым. Алғашында қорқыныш, қобалжу сезімдері болғаны рас. Бірақ уақыт өте келе бәрін ұмытып кетуге болады. Бұл нәрсеге отбасындағы тәрбиенің де әсері бар деп ойлаймын. Ерке, түске дейін ұйқысын қандырып үйренген, ақсаусақ жігіттерге қиын тиетіні шынымен. Ал өзіме әкем де, атам да бала кезімнен әскердегі қызықтары туралы әңгімелерін айтатын. Ол кезде барлығы басқаша болғанымен қызығушылығым сол кезден-ақ басталған. Кейін шақырту алғанда бірден келістім. Келген соң емтихан тапсырмай-ақ магистратураға қабылдандым. Менің ойымша барлық нәрсе тек өзіңе ғана байланысты. «Қалауын тапсаң қар жанар» демекші, өзің тәртіптен шықпасаң, ережеге бағынып, берілген тапсырманы уақытылы орындасаң ештеңеден қорқудың керегі жоқ, – дейді магистратура түлегі Ерсамат Қобланов.
Сонымен қатар, әскери борышын өтеген сарбаздың арнайы келісімшартпен қызметтік жолын жалғастыруға болатынын да есте ұстаған жөн. Әрі біздің ел әскери қызметкерлердің өздеріне де, сондай-ақ олардың отбасы мүшелеріне де қажетті көмекті көрсетуге тырысады. Қазақстанда нормативтік құжаттарға сәйкес әскери қызметкерлерге белгілі бір жеңілдіктер бар. Соның бірі – әскери қызметкерлердің тұрғын үймен қамтамасыз етілуі. Ол «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен жүргізіледі. Әскери қызметшілерді әлеуметтік қамсыздандыру жеңілдігі де қарастырылған.

Әскерден кімдер босатылады
Әскер міндетті дегенмен, кей жағдайда оған мүлдем шақырылмайтын немесе мерзімі кешіктірілетін азаматтар да кездеседі. Ол – заң бойынша бекітілген арнайы ереже сай адамдар. Әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру аудандық (облыстық маңызы бар қаланың) әскерге шақыру комиссиясының шешiмi бойынша беріледі. Оның ішінде отбасы жағдайлары, білім алуды жалғастыру үшін, денсаулық жағдайы, басқа да себептер болуы мүмкін.
Ал әскери қызметке және әскери жиындарға шақырудан босатудың жайы мүлдем бөлек. Бейбiт уақытта әскери қызметке шақырудан денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылған жандар, жиырма жеті жасқа толған, заңды негiздер бойынша мерзiмдi әскери қызметке шақырылмаған, туыстарының бiрi (әкесi, анасы, аға-інілерi немесе апа-сіңлілері) әскери қызмет өткеру кезеңiнде қызметтік мiндеттерiн атқару кезiнде қаза тапқан немесе бiрiншi немесе екінші топтағы мүгедек болып қалған азаматтар, басқа мемлекетте әскери (баламалы) қызмет өткергендер босатылады. Сонымен қатар еліміздің арнаулы мемлекеттік органдарында қызмет өткергендер, ғылыми дәрежесi бар ғалымдар мен тіркелген діни бірлестіктердің дін қызметкерлері әскерге бармаса болады.
Және қазірде басында берешек несиесі бар 18-27 жас аралығындағы азаматтардың «әскерде болған 1 жыл уақытта несиесін тоқтату туралы» арнайы келісімшартқа отыруға құқығы бар.
Қай жерде болсын, сапалы нәрсеге халықтың сұранысы жоғары. Әскери қызметті жандандыру арқылы жастардың қызығушылығы артатынына кәміл сенеміз. «Өз еркіммен...» деген бозбалалардың көбейетіні анық. Бастысы, ата-ана уайымсыз, сарбаздар қауіпсіздікте, еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!

Гүлмарал САҚТАПОВА
03 қыркүйек 2024 ж. 165 0