Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаһандық жаңалық жаңа Қазақстанға да қажет

Жаһандық жаңалық жаңа Қазақстанға да қажет

Ел көз алдымызда дамып келеді. Біз Кеңестік биліктің бағытын да, егемендік алған жылдары қиындықты да, кейінгі дамыған Қазақстанды да көрдік. Өткенді көріп, келешекке үңіле отырып қуанамыз. Жыл сайын жаңғырған Қазақстандағы жаңалықтарды естіп, дамудың жаңа бағытын бағамдап, халық ахуалының, ел еңсесінің биіктегіне тілекші болып отырамыз.
Кеше де Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына жолдауын тыңдадым. Жолдау жағымды жаңалықтарға, тың бастамаларға толы. Елдің көкейіндегі сауалдарды дөп басып, халыққа қажетті сұрақтарға жауап берді.
Әсіресе елең еткізер тұсы Президент АЭС салу бойынша референдум өтетін күнді атағаны.
"Қазір әлемде энергия тапшылығы күшейіп барады. Елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет. Сондықтан біз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек деп ойлаймын. Себебі экономикамыз күн өткен сайын мол энергияны қажет етуде. Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады. Қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұр. Біз еліміздің өзіне тән ерекшелігін және ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, тек алға қарай жүруіміз қажет. Бір сөзбен айтсақ, болашақты ойлауымыз керек. Сондықтан мен атом электр стансасын салуға қатысты барынша байыпты шешім қабылдау қажеттігін ұдайы айтып келемін. Стратегиялық жоспарларды қоғамда кеңінен талқылау керек деп санаймын. Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс. Атом электр стансасы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керек. Былтыр мен бұл мәселе бойынша өз пікірімді айттым, яғни, референдум тақырыбының қоғам талқысына түскеніне бір жыл болды. Бұл азаматтарымыздың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім деп ойлаймын. Сондықтан мен Үкіметтің ұсынысын қолдаймын" деген Мемлекет басшысы атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум 6 қазанда өтеді. Тиісті Жарлыққа да қол қоямын деді. Осы сөзінен-ақ жалпыұлттық диалогтың тағы бір айқын көрінісі байқалып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекетке» тән сипатты байқадық.
Шындығында жаһанның жетекші елдерінің бірі Францияның және Түркияның АЭС арқылы энергия өндіру ниеті басқа дамушы елдерді де атом электр станцияларына иелік етуге итермелейді. Қазақстан да бұл мәселеге бей-жай қарамауы қажет. Президент бастамасын Қазақстан халқы да бағалай отырып, болашақ болжамын қалыптастыруда қателеспейді деп сенемін.
Нұралы ОСПАНОВ,
аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы

Сурет: aldaspaninfo.kz
03 қыркүйек 2024 ж. 159 0