Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сот азаматтардың бұзылған еңбек құқықтарын қалпына келтірді

Сот азаматтардың бұзылған еңбек құқықтарын қалпына келтірді

Арал аудандық сотында талап қоюшы Ш. мен Т-ның «Арал қаласы әкімінің аппараты» КММ-не бұрынғы жұмыстарына қайта орналастырып, лажсыз бос жүрген күндеріне жалақы өндіруді сұраған азаматтық ісі қаралды.
Іс құжаттарына сәйкес, талап қоюшылар «Арал қаласы әкімінің аппараты» КММ-де әдіскер қызметтерін атқарған. Жұмыс берушінің 2024 жылғы 4 сәуірдегі өкімдерімен Қазақстан Республикасы Еңбек Кодексінің 52-бабының 1-тармағының 2)тармақшасына сәйкес, штат саны қысқартылуына байланысты деген негізбен еңбек шарты тоқтатылып, талап қоюшылар жұмыстан босатылған.
Бұл жағдаймен келіспеген талап қоюшылар сотқа жүгініп, жұмыстан босату туралы өкімдерді заңсыз деп танып, күшін жоюды, бұрынғы жұмыстарына қайта орналастыруды және лажсыз бос жүрген күндері үшін жалақы өндіруді сұраған.
Сот талқылауы барысында жұмыс берушінің өз бастамасы бойынша жұмыскерлермен еңбек шартын бұзу негіздемесі өз дәлелін таппай, Еңбек кодексінде көзделген талаптардың бұзылғаны анықталған.
Осылардың негізінде, сот тараптардың түсініктерін тыңдап, іс құжаттарын зерделеп, еңбек шартын тоқтату туралы өкімдер заңсыз деп танылып, талап қоюшылар бұрынғы қызметтеріне қайта орналастырылып, талап қоюларды толық қанағаттандыру туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар, талап қоюшылардың пайдасына лажсыз бос жүрген уақыттарына жалақылары өндірілген.
Сондай-ақ, жұмыс беруші тарапынан орын алған заңдылықты бұзу жағдайларына қатысты жеке ұйғарымдар қабылданған.

Шешім заңды күшіне енбеген.

Арал аудандық соты
10 қыркүйек 2024 ж. 183 0