Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолдану

Бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолдану

77-1-тарау. Бөлшек салықтың арнаулы салық режимі

77-2-тарау. Бөлшек салықтың арнаулы салық режимі.

696-3-бап. Бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолдану және оны қолдану кезінде салықтарды есептеу тәртібі.

1. Бөлшек салықтың арнаулы салық режимін мынадай шарттарға сәйкес келетін салық төлеушілер қолдануға құқылы:
1) салықтық кезең ішіндегі жұмыскерлердің орташа тізімдік саны 200 адамнан аспайды;
2) күнтізбелік жылдағы кірісі республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын 600 000 айлық есептік көрсеткіштен аспайды;
3) осы режимді қолдану мақсаттарында Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған қызмет түрлерінің тек қана біреуін немесе бірнешеуін жүзеге асырады.
2. Құрылтайшысы немесе қатысушысы бір мезгілде арнаулы салық режимін қолданатын басқа заңды тұлғаның құрылтайшысы немесе қатысушысы болып табылатын заңды тұлғалар бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолдануға құқылы емес.
3. Бөлшек салықтың арнаулы салық режимі, төлем көзінен ұсталатын салықтарды қоспағанда, корпоративтік немесе жеке табыс салығын есептеудің ерекше тәртібін көздейді.
4. Төлем көзінен ұсталатын салықтарды қоспағанда, корпоративтік немесе жеке табыс салығын есептеуді бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолдану кезінде салық төлеуші есепті салықтық кезең ішінде салық салу объектісіне мынадай мөлшердегі мөлшерлемені өз бетінше қолдану арқылы жүргізеді:
егер осы тармақтың үшінші абзацында өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасында және оның шегінен тыс жерлерде салықтық кезеңде алынған (алынуға жататын) кірістер бойынша – 4 %;
корпоративтік немесе жеке табыс салығын есептеу үшін шығыстар сомаларын шегерімге жатқызу бойынша осы Кодекстің 242-бабы 3-2-тармағының нормаларын қолданатын салық төлеушілерге тауарларды өткізуден, жұмыстарды орындаудан, қызметтер көрсетуден алынған кірістер бойынша – 8 %.
5. Жергілікті өкілді органдардың осы баптың 4-тармағының екінші абзацында белгіленген мөлшерлемені қызмет түріне және объектінің орналасқан жеріне қарай 50 пайыздан аспайтын мөлшерде төмендетуге құқығы бар.
Бұл ретте жекелеген салық төлеушілер үшін мөлшерлемені жеке-дара азайтуға тыйым салынады.
Мөлшерлеме мөлшерін азайту туралы мұндай шешімді жергілікті өкілді орган ол қолданысқа енгізілетін жылдың алдындағы жылдың 1 желтоқсанынан кешіктірмей қабылдайды, ол қабылданған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.
6. Бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеуші осы баптың 4-тармағының ережелеріне сәйкес қолданылатын мөлшерлемелер бойынша салық салынатын кірістер бойынша бөлек салықтық есепке алуды жүргізуге тиіс.
7. Бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеуші үшін Қазақстан Республикасында және оның шегінен тыс жерлерде алынған (алынуға жататын) және салықтық кезеңде жиынтығында осы Кодекстің 681-бабында белгіленген кірістерді айқындау тәртібіне ұқсас тәртіппен айқындалатын кіріс салық салу объектісі болып табылады.
Бұл ретте, төлем көзінен ұсталатын салықтарды қоспағанда, корпоративтік немесе жеке табыс салығын есептеу кезінде бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеуші үшін салық салу объектісі осындай салық төлеуші-жұмыс берушінің жұмыскерлерінің кірістері бойынша оның шығыстарының сомасына азайтылуға жатады.

696-4-бап. Салықтық кезең, декларация тапсыру және салықтарды төлеу мерзімдері.
1. Бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолдану үшін салықтық кезең күнтізбелік тоқсан болып табылады.
2. Бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілер үшін декларациялар салық төлеушінің орналасқан жеріндегі салық органына есепті салықтық кезеңнен кейінгі екінші айдың 15-інен кешіктірілмей тапсырылады.
3. Бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілер үшін декларацияда көрсетілген салықтарды бюджетке төлеу есепті салықтық кезеңнен кейінгі екінші айдың 25-інен кешіктірілмей жүргізіледі.

Сурет: www.gov.kz
11 қыркүйек 2024 ж. 101 0