Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ХАҚҚ: Қаржы құйылмай, түйткіл тыйылмайды

ХАҚҚ: Қаржы құйылмай, түйткіл тыйылмайды

Теңізге деген алаңдаушылық барша аралдықтардың ұранына айналып қана қоймай, көңілге медеу, теңізге демеу болғанын жасыра алмаймыз. Алабы астан-кестең, табаны қақсыған қайраңға айналған теңіздің күйін осы өңірде тіршілік еткен халық жақсы біледі. Тайдай тулаған балығы, таудай тасыған толқыны тыйылған уақытта мұндағы қалың бұқара тентіреп, ауа көшкенін де көз көрді. Арал тағдыры – адам тағдыры деп аталғаны да сондықтан. Алайда егемендік еншімізге тиіп, тәуелсіздіктің тәтті дәмін таңдайымыз сезінген уақыттан-ақ Аралдың жан айқайын жаһанға жеткізген жандар болды. Соның нәтижесі болар, бүгінде үдере көшкен халық атамекенге оралып, қайта қоныстанып жатыр. Ал Аралды құтқару амалы қалай басталды, бүгінгі ахуал қалай екенін Халықаралық Аралды құтқару қорының Қазақстан Республикасындағы атқарушы дирекциясы директорының орынбасары Марат Нарбаевтан сұраған едік.
Алғашқы қадам
– 1992 жылы сол кездегі Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев Орталық Азия мемлекеттерінің Басшыларын қоршаған ортаға және аймактың тұрғындарына Аралдың кебуінің жағымсыз әcepiн жеңілдету үшін күш біріктіруге шақырды. Осы мәселе 1992 жылдың 4-шi қаңтарында Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Ташкент қаласында өткен кездесуінде тағы да көтерілді. Кездесудің қортындысы бойынша, тараптар, Халықаралық Аралды құтқару қорын (ХАҚҚ) құру туралы шешім қабылдады.
Ал, 1993 жылы 26 наурызда, Қызылорда қаласында, Орталық Азия мемлекеттерінің Басшылары аталған қордың ережесіне қол қойды. Сондықтан, осы күн Қордың құрылған күні болып есептеледі. ХАҚҚ-ның бipiнші Президенті болып Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев сайланды. Осы кездесуде «Арал теңізі және Арал маңы проблемаларын шешу, экологиялық сауықтыру және Арал аймағының экономикалық дамуын қамтамасыз ету бойынша бірлескен әрекеттер туралы қабылданды. Н.Назарбаев Арал экологиялық апатының жағымсыз кеpi әcepiн жеңілдету үшін 32 мемлекеттің Басшыларына хат жазып, үндеу тастады. Содан бepi Арал алабында көптеген жұмыстар жүргізілді. 4 рет Арал теңізі алабының бағдарламасы(АТАБ) қабылданды. Оның жарқын мысалы ретінде АТАБ-1-ді жүзеге асыру аясындағы Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы САРАТС-1 жобасын айтуға болады. Осыны пайдаланып бiз Шардарадан төменгі гидротехникалық құрылымдарды ретке келтіріп, олардың су өткізу әлеуетін күшейтіп, Солтүстік Аралды сақтап қалдық. Қазір игілігін Арал өңірі тұрғындары көріп отырғанын куәсіздер – дейді Марат Тұрсынбекұлы.
Иә, ХАҚҚ-ның құрылуына келер болсақ қордың атқарушы комитеті бар. Ол әр З жыл сайын кезеңмен орын ауыстырып тұрады. Бізден кейін Ташкентте, Ашхабадта, Душанбеде болды. Атқарушы комитет қай мемлекетке ауысса, сол мемлекеттің басшысы қордың президенті болып сайланады. Атқарушы комитет әлі күнге дейін осы ретпен орын ауыстырады. Тек Қырғызстан атқарушы комитетті қабылдаудан бас тартып жүр.
Осы жылдар көлемінде Қазақстанда атқарушы комитеттің төрағасы болып Ұзақбай Қараманов, Алмабек Нұрышев, Сағит Ибатуллин жұмыс істеді. Қазіргі кезде осы қызметті Асхат Оразбай атқарып жүр. Атқарушы комитеттің төрағасын Президенттер тағайындайды. Әрине, алдын ала басқа Президенттермен келісіледі. Атқарушы комитетте әр мемлекеттен eкi толыққанды өкіл жұмыс істейді. Қызылордадан өкіл болып Дәулетияр Баялимов 5 мерзімнен астам уақыт қызмет атқарды.
Бізде қаржы жоқ
Сондай-ақ, әр мемлекетте атқарушы комитеттің филиалдары жұмыс icтейді. Қазақстандағы филиал «Халықаралық Аралды құтқару қорының Қазақстан Республикасындағы атқарушы дирекциясы» деп аталады. Әр мемлекеттегі филиалдың орналасатын жері Орталық Азия мемлекеттерінің кездесуінде бекітілген. Біздегі дирекцияның басшысын, сыртқы істер министрлігі, Су ресурстары және ирригация министрлігі және Министрлер кабинетінің келісімімен атқарушы комитеттің төрағасы тағайындайды. Қазіргі кезде атқарушы дирекцияның Қызылорда қаласында филиалы және Арал қаласында арнайы өкілі бар.
М.Нарбаевтың айтуынша: "Ережеге сәйкес дирекцияның негізгі міндеті – қордың атқарушы комитетінің тапсырысы бойынша орталық Азия мемлекеттерінің басшылар кеңесін, қор және қор басқармасының шешімдеріндегі Қазақстанға қатысты мәселелерді шешуді, сондай-ақ орталық Азия бойынша Арал теңізі алабы бағдарламалары мен жобаларындағы Қазақстанға тиесілі жұмыстарды жүзеге асыруды қамтамасыз ету. Ол үшін әртүрлі нысандардан қаржы тартып, оны арнайы келісілген мақсаттарға бағыттау көзделген.
1999 жылдың 9 cәyipiнде орталық Азия мемлекет Басшыларының шешімімен ХАҚҚ-ның ережесі бекітілді. Ережеге сәйкес қордың құрылтайшы мемлекеттері 1998 жылдан бастап Қазақстан, Өзбекстан және Түркіменстан бюджеттік табысының 0,3 пайызы, ал Қырғызстан мен Тәжікстан – 0,1 пайызы мөлшерінде жарна төлеп тұратын болды. Алайда ешбір құрылтайшы мемлекет өз міндеттемесін орындамады. Тек өз елдеріндегі филиалды ұстап тұру үшін ғана қаржы бөліп отырды. Сонымен қатар өздеріндегі өкілетті органдардың жұмсаған қаржыларының тиісті бөлігін Қорға берген жарнама ретінде көрсетіп отырды.
Бүгінгі күні Алматы қаласында қордың атқарушы дирекциясы және Қызылордада филиал жұмыс жасауда. Қор деген аты болмаса, бізде жиналған қаржы жоқ. Бізге тек штатты және іс-сапарларды қаржыландыруға сыртқы істер Министрлігінің бюджетінен қаржы бөлінеді.
Биыл Б.Бекнияздың, Су шаруашылығы және ирригация министрлігіне, Министрдің бірінші орынбасары болғанына байланысты наурыздың ортасынан басшылық ауысты және де штатта біршама ауыс-түйіс болды. Үш департамент және бір Проектный офис құрылды.
Жаңа директор, сондай-ақ, дирекцияның тиісті мамандары, Арал мен Қазалы аудандарында болып жатқан халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайымен тереңірек танысты. Жобалар топтамасы қайта қаралып, көптеген өзгерістер енгізілді. Азия даму Банкі, Дүниежүзілік Банк, Еуроазиялық Банк, ЮСАИД, ЮНЕСКО, ОБСЕ, Қазақмыс, Аралтұз, тағы да басқа мүмкіндігі бар донорлар басшыларымен кездесіп, оларды Жобалар топтамасымен таныстырды" дейді ол.
Дирекция дерегі һәм грант
Осы орайда айта кету керек, 2010 жылдан бастап еліміз кемелденген мемлекеттер санатына енгеннен кейін, бізге шет мемлекеттер мен халықаралық қаржы ұйымдары тарапынан грант беру күрт тоқтатылды. Сондықтан қаржы ұйымдры тек Үкіметпен жұмыс істеп, байланысқан грант беретін болды. Басқаша айтқанда, Үкімет несие аламыз деп шарт жасасқанда ғана грант береді. Қазіргі САРАТС-2 жобасының гранты осы үрдіспен беріліп жатыр.
Дегенмен дирекция 2024 жылғы 12-17 сәуірінде Арал өңіріне ұйымдастырылған халықаралық экспедицияға қатысқан еліміздегі Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттері елшілерінің, АҚШ елшілігіне және экономикасы дамыған елдеріне, Арал өңірінің қазіргі экологиялық, әлеуметтік-экономикалық жағдайын хабарлап, ұсынған жобалар топтамасын жүзеге асыруға көмегін беруге хатын жолдады.
Жақында ғана, өздеріңізге белгілі, Арал геопаркі ашылды. Бұл бір күндік жұмыс емес, 5 ай бойы көптеген кездеуслер мен келіссөздердің нәтижесі. Қазір ЮСАИД-тің қолдауымен жасалған Оазисті жандандыру жұмыстары жүріп жатыр. Су мен экология министрліктерінің белгілі мөлшерде қаржыларын тарту мәселелері де күн тәртібінде.
Сұрауы бар су
Бұрын Арал теңізінің су көздері Амудария мен Сырдария еді. Теңіз деңгейі осы екі өзеннен жылына 55-60 млрд текше метр суымен қамтамасыз етілетін. Оның 2/3 бөлігі Амудариядан түсетін. Қазір ондай су жоқ, 1970 жылдан бастап суармалы жерлерді жаппай игеруге байланысты теңіз тартыла бастады. Біртіндеп Амудариядан су мүлдем түспейтін болды. Біз САРАТС-1 жобасыынң арқасында Аралдың солтүстігін сақтап қалдық. Жылына 5-8 млрд текше метр Қазалы су торабынан өтіп тұрды. Соңғы 4-5 жыл, су аз жылдар цикліне байланысты Солтүстік теңіз деңгейі төмендеп кетті. Осы цикл өткен соң бұрынғы қалпына келуі тиіс.
Сондай-ақ М.Нарбаев: "Жалпы, Арал теңізін қайтадан толтыру үшін Орталық Азия елдері сурамалы жерлерден бас тартуы керек. Бірақ, олардың экономикасы мен халқының өсуіне (соңғы 30 жылда олардың халқы екі еселенді) қарағанда, оларды суармалы жерлерден бас тарта қоймайтыны анық.
Мысал ретінде біздегі және олардағы халық саны айтуға болады. Қазір Сыр алабының Қазақстан бөлігінде шамамен 2,5 млн адам тұрса, оларда (Өзбекстан, Қырғызстан,Тәжікстан) –18 миллионнан астам адам тұрады. 7 еседен көп. Соған қарамастан біздің Сырдағы үлесіміз 37 млрд текше метрден 12 млрд текше метр, яғни, 1/3 бөлігі. Осыған қарағанда, қанша келіссөз жүргізсек те, олардың бізге бұдан артық су беруі екі талай. Әрине, мемлекет аралық келіссөздер жалғаса береді, керек суымызды алуға тырысамыз, бірақ ішкі мүмкіндіктерімізді барынша пайдаланағанымыз дұрыс.
Біз де күріштен бас тарта қоймаспыз. Ол мүмкін емес. Сондықтан, өзіміздің Солтүстік Аралды сақтау үшін суды үнемдеу технологияларын кеңінен қолдануымыз керек. Күріштен су үнемдеу өте қиын, сондықтан біртіндеп суды аз керек ететін дақылдарға және мал шаруашылығына көшуіміз керек. Аусыпалы егістік енгізіп, күріштің үлесін барынша азайту керек.
Мүмкіндік болса Жаңақорған мен Шиелі аудандарын кезең-кезеңімен мал шаруашылығына бейімдеу керек. Қазалы ауданын да мал және балық шаруашылығына көшірсе дұрыс болар еді. Әрине, мұндай жұмыстар облыс халқы мен басшыларының құзырында, солар шешеді.
Климаттың өзгеруі мен Орта Азия халықтары санының өсуіне байланысты, әрі Қызылорда облысының экономикасы мен хал-ахуалы негізінен Сыр суына байланысты болғандықтан көптеген мәселелерді шешу керек болады" деді.
Түйін: Жоғарыда ХАҚҚ құрылғаны көңілге медеу болды дегенбіз. Десек те әлі талай атқарылатын жұмыс бар. Халықтың қалауы да, уақыттың талабы да теңіздің тағдыры болған бүгінгі уақытта қордың да қарекеті көмек болады деп сенеміз.
О. ЖОЛДАСОВ
14 қыркүйек 2024 ж. 217 0