Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Назерке ҚАРТБАЕВА: Баю үшін де сауаттылық қажет

Назерке ҚАРТБАЕВА: Баю үшін де сауаттылық қажет

Жастардың бойына қажет қасиет – қаржылық сауаттылық. Бүгінгідей интернет алаяқтық пен қаржы пирамидасы арқылы алдау-арбаудың көбейген кезінде бұл білімнің қоғамға артық етпесі анық. Жақында қаржы маманы Назерке Маратқызымен сұхбаттасқан болатынмын.
– Қайырлы күн! Қаржылық сауаттылық ұғымын қарапайым тілмен түсіндіріп өтсеңіз. Қаржымыз қолда қалу үшін нақты қандай қадамдар қажет?
– Көбіне қаржылық сауаттылық дегенде адамның ең бірінші ойына есепші мамандығы, яғни «есептеу керек» деген ой келеді. Ал көп адамдар оны үнемдеу деп ойлайды. Сондықтан біздің миымыз есептегісі келмейді, себебі есептеп жұмсасам тарылып қаламын дейміз. Ал шын мәнінде ол табысыңды өсіру үшін кіріс пен шығысты анықтайтын құралымыз. Егер біз нақты шығатын шығынымызды дұрыс есептесек, қанша ақша табу керектігі де түсінікті болады. Біздің миымыз түсінікті нәрсені оңай қабылдайды. Түскен ақша мен жұмсалған ақшаның есебін жүргізіп отыру – қаржылай сауатты адамның пайдалы әдеті.
Қарапайым тілмен қаржылық сауаттылық дегеніміз – ақшаның еркін айналымын қамтамасыз ете алу, оны жұмсай білу. Яғни қаржылық, экономикалық үрдістерді түсініп, талдап және ол машықтарды күнделікті өмірде қолдана алу – қаржылық сауаттылықтың негізі. Былайша айтқанда, қарапайым логика, білім мен дағдылардың жиынтығы. Мәселен, табысы жақсы азаматтар бар, жоғары жалақы алады. Бірақ айдың аяғында қалтасында ештеңе қалмай, қайда кеткенін білмей отырады. Табысы жақсы болса да, не жинағы, не көлігі, не үйі жоқ. Бұл қаржылық сауаттылықтың болмауынан. Сондықтан табыс табуды, оны арттыруды ғана емес, дұрыс игеріп, басқаруды да үйрену маңызды деп ойлаймын.
Ол үшін кіріс шығыстан көп болуын қамтамасыз ету қажет. Ақша жоқ болса оны жарата да, қолдана да алмайсың. Ал бар болса, орнымен жұмсап, артылғанын жинайсың. Мысалы, менің телефонымда қосымша жүктеме бар. Онда күнделікті кіріс пен шығысты тіркеп, 1 аптада, 1 айда қанша жинай алатынымды, қанша үнемдеп, қанша ақшаны қайда жаратып жатқанымды бақылауымда ұстап отырамын.
Нақты қадамдарды айтар болсақ, алғашқы қадамы – дұрыс талдау, отбасылық бюджетті құру. Қарапайым қағазға жазсаң да, ұялы телефонға тіркесең де, әйтеуір жүйелі есеп жасау қажет.
Келесі қадам – қаржылық мақсат қойып, ұмтылу. Мәселен, саяхатқа шығам деп несие алып, жолға шығып кеткеннен гөрі алдын ала жоспарлап, қанша керек, қолда қанша ақша бар, бағасы қазір алсам қандай, үш айдан кейін алсам үнемдеймін бе деп талдау жасау керек. Ойланып, шешім қабылдап, осы ақшаны жинау үшін қанша уақыт керек, неше теңгеден жинау керегін анықтап аласыз. Кез келген ауқымды сатып алулар үшін осы әдісті қолданған жөн.
Одан соң, әрине, қауіпсіздік қоры. Рас, барлық күнделікті шығындардан бөлек қор жинау көпшілігімізге қиындау. Сонымен қатар менің тағы бір құпиям тапқан табысымды пайыз бойынша бөліп тастағанмын. Бір мысал, 100 мың айлық алатын болсам, 10 пайызын міндетті түрде депозитке саламын, кейін ол ақшаға қыдырамын немесе қажетті заттарымды аламын. 10 пайызын қалауымша мұқтаж жандарға міндетті түрде беремін. Содан соң қалған ақшаны да осылай бөліп, несиелерімді жауып отырамын.
Әрине, көп адамдар «кіріс жақсы түсіп тұрса неге депозитке салмасқа» деп ойлайды. Мәселе онда емес. Қанша тапсақ та, шығатын шығыныңды дұрыс ретімен есептей білсеңіз, кіретін кірісті де соған қарай жоспарлаймыз. Бұл біздің қаржылық сауаттылығымыздың мықтылығынан. Бастысы бізден қаржылық ұқыпты әрекет болуы керек.
– Бухгалтерлік білімді қандай курс немесе оқу орны арқылы үйрендіңіз?
– «Сыр елі – Жыр елі» деп айтады ғой, менің анамның нағашылары өнерге жақын болды, сондықтан кішкентайымнан жырларды, қисса-дастандарды тыңдап өстім. Содан ба, білмеймін, өнерге қызығушылығым басым болды. Мектеп бітіргенше домбыра үйреніп жүрдім. Бірақ әрбір қыз баланың арманы анасындай болу ғой. Анам Кампит Куанышқызы Арал ауданы бойынша кірістер басқармасында 28 жыл бас маман, бөлім басшысы қызметтерін атқарған. Анамның есеп-қисаппен отыратынын көзіміз көрген соң, жолын қуып, осы есеп саласын таңдап Қызылорда қаласы, Ақмешіт институтында «Есеп және аудит» мамандығы бойынша жоғарғы білімді аяқтап шықтым. Ал өнерді хоббиім есебінде алып жүруді жөн көрдім.
Содан бері қаржы саласында жұмыс істеп келе жатқаныма биыл 10 жыл болыпты. «Кәсіби бухгалтер маман» сетификатым бар. Әрі әр 2 жыл сайын біліктілікті арттыру курстарынан өтіп отырамын. Сонымен қатар мемлекеттік сатылым, 1С салаларын қосымша меңгергенмін.
Осы жолды таңдағаныма еш өкінбеймін. Себебі электрондық жүйеге өткен нарықтық заманда қаржылық сауаттылық және есепшілік мамандық өте қажет. Адам баласы бір өзі ғана дами бермей, жанындағылармен бірге дамығаны дұрыс. Сол себепті білгеніммен бөлісейін деп «1С», «Есепші», «Зейнетке тиімді жолмен шығу», «Салық есептері», «Қаржылық сауаттылық» курстарын өткізіп жүрмін.
Абай атамыз: «Адам еңбегімен ардақты, мінезімен қадірлі» дейді ғой. Өзім балаларыма аяулы анамын, әулетіме үлгілі келінмін, сүйікті жармын және есепшімін. Көркем мінезіммен бәріне үлгеруге тырысамын.
Ақпараттық кеңістік тез дамып жатқан заманда бір орында отырып қалуға болмайды, сол себепті өзімді әркез жетілдіріп отырамын. Отбасыма да көп көңіл бөлуге тырысамын. Ең үздік инвестиция – ол білімге құйылған, өзіңе арналған инвестиция. Оны сізден ешкім ұрлай алмайды, тартып та ала алмайды. Мәңгілік өзіңіздің санаңызда сақталады.
– «Декретке миллионмен» курсы қазіргі таңда өте актуалды. Ол туралы не айта аласыз?
– Декреттік төлемдер – әйел адамның босануға дейінгі, босанудан кейінгі және бір жасқа дейінгі алатын жәрдемақысы. Бұл әлеуметтік аударым арқылы жүзеге асады. Босанудан кейінгі «сүйінші пұл» деп аталатын баланың тууына байланысты берілетін жәрдемақы тұрақты сомада болады. Сіз бұл босануға дейінгі тағайындалатын жәрдемақыны белгілі бір қызмет жасап отырған мекемеңізден, жеке кәсіпкер болсаңыз, жүргізіліп отырған есепке байланысты ала аласыз. Немесе заңды түрде жұмыс жасап тұрған кәсібіңіз жүріп, ай сайынғы табысыңыз ең төменгі айлықтың 7 есесінен асатын болса, 7АЕК дейінгі мөлшерде 3,5% әлеуметтік аударым құюыңызға болады. Ал қазіргі таңда төменгі айлық көрсеткіші 85000 теңге. Айлықтан төленетін әлеуметтік төлемді төлей отырып және қосымша төленетін салық түрлерін төлеп өзіңізге жоғары мөлшерде жәрдемақы тағайындап алуыңызға болады. Сонда декретке төленетін жоғары табыс 595,000 теңгеден есептеледі. Сіз осы соманың 3,5%-ын әлеуметтік сақтандыру қорына аударасыз. Яғни ол 20,825 теңге болады.
Босанғанға дейін жәрдемақыны миллионға жеткізу үшін немесе асыру үшін сіздің соңғы 12 айдағы ай сайынғы табысыңыз 595 мыңнан кем болмауы керек. Мәселен, сіз жұмыс істемейсіз делік, бірақ үйде отырып торт пісіресіз немесе интернетте отырып киім сатасыз. Яғни сіздің осы уақытқа дейін тастамай айналысып келе жатқан кәсібіңіз бар. Бірақ сіз оны осы уақытқа дейін заңдастырмадыңыз. Көбісі салықтан қашады, оны артық шығын деп есептейді. Сөйтіп, тіркеуден бас тартады.
Жеке кәсіпкерлікті тіркеген кезде салық режимін таңдайсыз. Олар: жалпыға бірдей салық режимі, оңайлатылған салық режимі. Бұлардың барлығымен де декретке шығуға болады. Бірақ салық төлеуде айырмашылықтары бар. Солардың ішінде өзіңізге ыңғайлысын таңдап аласыз.
Жүктіліктің 7-ші айы болған кезде гинеколог-дәрігер еңбекке жарамсыздық парағын береді. Алдын ала есепке тұрған кезде мынаны ескеріңіз: өзіңізде жеке кәсіпкерлік қағазы барын және еңбекке жарамсыздық парағы керек екенін ескертіңіз.
Еңбекке жарамсыздық парағын қолға алғаннан кейін, егер сізде кәсіпкерлік жұмыс болса, екінші бетін өзіңіз толтырасыз. Мөр қою міндетті емес. Халыққа қызмет көрсету орталығына апаратын негізгі анықтамалардан бөлек, оны растайтын құжаттардың тізімі қажет. Олар: жеке кәсіпкерлік қағаз ашылғанын растайтын құжат, жеке есеп-шот бойынша көшірме, салық есебі (оңайлатылған – №910 форма), хабарлама (салық есебінің тапсырылғанын растайтын құжат). Міндетті түрде осы 4 құжатты өткізесіз. Оларды өткізгеннен кейін, екі аптаның ішінде «расталды, босанғанға дейінгі осындай көлемде жәрдемақы аласыз» деген хабарлама келеді. Егер келмесе, қандай да бір қателік жібергеніңізге байланысты қайта қарауға тапсырылады. Ондай жағдай болып жатса, уайымдаудың қажеті жоқ.
Құжаттарыңыз реттеліп, қалпына келтірілгеннен кейін міндетті түрде жәрдемақы қолыңызға тиеді. Босанғанға дейінгі жәрдемақыны бала 1 жасқа келгенге дейін алуыңызға болады.
– Ал осы жеке кәсіпкер, дара кәсіпкерлердің тоқсандық/жылдық есептерін үй жағдайында жабуға бола ма?
– Иә, әрине, болады. Жұмысы бойынша тоқсандық/жылдық есептілікті дара кәсіпкердің жалпыға бірдей режимде жұмыс жасайтын кәсіпкерлер тапсырады. Тоқсандық салық есептілігі ол 200.00 санды есептілік. Жарты жылдық салық есептілігі ол 910.00 санды есептілік және 1 жылдық 220.00 нысанды есептілік формасында жүзеге асады. Үй жағдайында тапсыру үшін салық төлеуші жеке кабинетіне кіреді. Сол жерден жеке кәсіпкер өзіне керекті салық есептілік формасын, жылын, кезеңін таңдай отырып өзі тапсыра алады.
– Қаржылық сауаттылықты қай кезден, қалай үйренген дұрыс?
– Қаржылық сауаттылықты бала кезден үйренген дұрыс. Оған бір дәлел айта кетейін, менің әжем мен өмірге келерден 1 апта бұрын дүниеден озған. Үлкендердің айтуы бойынша, мен ата-әжемнің көптен күткен немересі болған екенмін. Үйдегі балалардың үлкенімін. Қазақта «үйдің үлкен баласы – ата-әжесінің баласы» дейді ғой. Кішкентайымнан атамның қызы болып өстім, не айтсам да орындалатын. Мені ештеңеден қыспай өсірді.
Атамның зейнетақысын ес білгелі мен жұмсап өстім. Оны алуға мені ертіп баратын. Оны өзім есептеп-санайтынмын, қажет ақшамды алып, қалған ақшаны атамның төбетейінің ішіне салып қоятынмын. Осыны қорытындылай келе айтайын дегенім, біз көбінесе балаларды үйдің кіріс пен шығысын есептеуге араластырмаймыз. Сондықтан көбіне шығыстың бар екенін білмей өскен бала үйге кіріс кіргізу жөнінде ойланбайды. Ал егер ерте жастан бала ақша санап, ұстап, жұмсап үйренсе, өскенде ол балаға ақшаны жарату қиындық соқтырмайды.
Жоғарыда анамның да осы есеп саласында жұмыс істегенін айтып кеткен болатынмын. «Өнер жолы – ауыр жол» дегенді мен «Есеп жолы – қиын жол» деп өзгерткім келеді. Себебі біздің кішкентайымызда анам көп уақытын жұмысқа арнады. Үйдің үлкені болған соң үйге қатысты кіріс пен шығысқа да мен анамның көмекшісі болып ерте араластым. Тиісінше, ата-анамнан ретсіз ақша сұрауды қойдым.
Есейгенде дәл осы мәселелерге тап болған бала бұл жағдайды жаңа көргендей болмай, үнемдеп жұмсап және ерте бастан ақша табу керегін түсінеді.
Осының бәрі үшін ата-анама үлкен алғысымды айта кеткім келеді. Өзім үлкен қызыма да барынша өзім көрген тәрбиені көрсетіп келе жатырмын. Соның арқасында қызым ақшаны ақылмен жұмсайды, пайданы менен артық есептейді. Сондықтан болашағында ақша табу, қаржылай тәуелсіз болу қиын емес деп ойлаймын.
– Халыққа қаржылық сауаттылықты үйренуге не кедергі?
– Әдетте ата-аналар ақша санап отырған бөлмесіне бала келіп, «ақша берші» деп қызығып, ұстап көргісі келсе, «анда бар, есікті жап, бөлмеден шық, кішкентайсың» дейміз, ақшаны тығамыз. Егер бұл жағдай керісінше болғанда, менің ойымша, ақшаға қатысты мәселені жастардың өздері-ақ шешіп алатын еді. Қаржылық сауаттылықты білмегеннің кесірінен қарызға батушылар өте көп. Себебі олар бала кезден ақшамен таныспаған, студент болғанда кішкентай баланың рөліне кіріп, қолына түскен аз ақшаны көп ақшаға айналдырам деп тоймастықтың күйін кешіп, ойынға салып жатқандар күннен күнге көбейіп келе жатыр. Сондықтан қаржылық сауаттылық тақырыбы тек есепшілерге ғана емес, жалпы барлық халыққа қажет. Халық бұл тақырыпқа жауапсыз қарайды. Бүгінгі нарықтық қоғамда ол әрбір адам үшін маңызды екенін түсінсе деймін.
– Саланың артықшылықтары туралы не айтасыз?
– Адам өміріндегі ең негізгі маңызды қадамның бірі – мамандық таңдау. Әрбір мамандық маңызды. Және заман ағымының дамуымен бірге есепші мамандықтарға сұраныс одан сайын артып келе жатыр. Сондықтан белгілі бір мамандық қылып таңдамаса да, қосымша курстар оқып жеке есепші болып жүргендер өте көп. Оның бәрі сұраныстың көптігінен. Себебі, бүгінде бәрі электрондық жүйе, электрондық технология, көп дүниелерді халық өзі жасайды. Оны жасай алмаған жан, әрине, осы есепшілерге жүгінеді.
Бухгалтерлік есеп – қажетті, маңызды және таптырмайтын мамандық. Бухгалтерлік мамандығы әрқашан сұранысқа ие. Жұмыспен қамту агенттіктерінің беттеріндегі хабарландыруларда да бухгалтерлік бос жұмыс орындарына көптеген ұсыныстарды көресіз. Қанша уақыт өтсе де, әлем қалай өзгерсе де, экономикалық қарым-қатынастар бар жерде бухгалтерлер қажет болады. Бірде-бір кәсіпорын, коммерциялық және мемлекеттік, тіпті қоғамдық ұйымдар есепшілерсіз жұмыс істей алмайды. Өйткені, компанияның қаржылық қызметін талдай алатын, салық және бухгалтерлік есептерді, инвесторлар мен несиелік мекемелерге құжаттарды дайындаумен айналысатын мамандар қашанда қажет болады. Сондықтан басқа мамандықтарға қарағанда есепші мамандығының артықшылығы, пайдасы, қажеттілігі өте көп.
– Болашақ қаржы мамандарына кеңесіңіз.
– Болашақ мамандарға, артымнан ерген іні-сіңілдеріме айтарым, жастарда ізденіс, құлшыныс болуы керек. Жан-жақтылық, көркем мінез, сонымен қатар батылдық болса, қай саланың да шебері боласыздар. «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» дегендей, заманның ырғағына сай тек дамып, білім ала беру қажет. Біз көбіне біреулерге қызығып өмір сүреміз. Бірақ бір адамның қолынан келген іс екінші адамның да қолынан келетініне мән бере бермейміз. Сіздің бүгінгі бір батыл қадамыңыз жарқын болашақтың бастауы екенін ұмытпаңыз.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен Гүлмарал САҚТАПОВА
24 қыркүйек 2024 ж. 112 0