Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Алаяқтық азаймай тұр

Алаяқтық азаймай тұр

Қаржылық алаяқтық, қаржы пирамидасы деген қазіргі қоғамның ең өзекті дертінің бірі. Бүгінде  алдау, сенімге қиянат жасау және заңсыз баю мақсатында түрлі айла-амалдар жасау арқылы ақша айналымы саласында заңсыз әрекеттер жасайтындардың қатары күн санап өсуде. Қаржылық алаяқтықтың түрлері өте көп. Кең тарағандары:  банк карталарын пайдалану арқылы,  интернет желісіндегі алаяқтық, ұялы телефондарды пайдалану арқылы алаяқтық жасау, қаржы пирамидаларымен жасалатын алаяқтық. 
Осы ретте Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті өткен жылы жастарды қаржылық алаяқтықтан сақтандыру мақсатында «Қаржылық  сауаттылық және қаржылық қауіпсіздік негіздері» тақырыбында қала мектептері мен колледждерде семинар сабақтар өткізуді қолға алған. 2022 жылдың соңғы 3 айында 19 мектепте, 7 колледже және Қызылорда университетінде  29 кездесу өткізді. Мұндай  шараларды оқу жылының аяғына дейін өткізу жоспарға қойылып отыр.
Сондай-ақ, өткен  жылы қаржылық алаяқтық белгілерімен Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінде   «Rogneda», «Не работа» және «Tiens» жобаларына қатысты  3 іс тіркелді. Тергеу реттілігімен екі материал полиция органдарына, 1 материал Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жолданды.
Бұдан бөлек Қазақтан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі 2022 жылдан бастап  қаржы  пирамидалары мен алаяқтық сайттарын анықтау бойынша әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу  жобасын қолға алды. Соған сәйкес, «Кибернадзор» ақпараттық жүйесі бойынша қаржы пирамидасының белгісі бар сайттар мен сілтемелерді бұғаттау үшін Қазақстан Республикасының цифрландыру министрлігі жанынан арнайы эксперттік топ құрылды. Нәтижесінде осы эксперттерге 526 сайттар мен сілтемелерді бұғаттауға жолдама берілген, оның ішінде  60 сілтеме бұғатталса,  96 сілтеме эксперттің бақылауында, 333 сілтеме «қол жетімсіз» (недоступны) болып үлгерген. Ал биыл екі айда 250 сайттың сілтемесі анықталып, 100 сілтеме эксперттермен бұғатталған.
Қазіргі күні көптеген қаржылық және өзге сауда айналымдары онлайн форматта жүзеге асады. Соның салдарынан әлеуметтік желілерде интернет-алаяқтардың саны күн санап артып, жәбірленушілер қатары көбейген. Интернеттегі қаржылық алаяқтықтың жиі кездесетін түрлері:
- Интернет арқылы сатып алу. Сатушы жалған немесе жарамсыз жеке куәлікті қолдана отырып, ақша аударымдары жүйесі арқылы тауарды төлеуді сұрайды. Ақша алған кезде ол жоғалады.
- Жұлдызнама құрастыру. Пайдаланушыға сауалнаманы толтыру ұсынылады, содан кейін электрондық поштаға жұлдыз жорамалының өзі емес, көрсетілген нөмірге SMS-хабарлама жіберу туралы хат жіберіледі. Мұндай хабарламаның құны бірнеше жүз теңге болуы мүмкін.
- Тіркеме ретінде жасырылған вирус тіркелген төлем жүйелерінің хаттары – файл немесе сілтеме. Оның міндеті-төлем жүйелеріндегі сіздің шоттарыңыз және банк карталарының деректері туралы деректерді жинау.
«Мұндай  алаяқтықтан қорғану үшін хаттардағы сілтеме бойынша төлем жүйелерінің сайттарын ашпау қажет, мекенжай жолағындағы URL мекенжайын тексеріп, сілтеменің қайда апаратынын қарау маңызды. Сілтеме сенімді болып көрінсе де, мекенжайларды ұйымдардың ресми сайттарының домендік атауларымен тексерген жөн. Сондай-ақ, интернет арқылы сауда жасау кезінде жеке банктік картаны және тек тексерілген сайттарды ғана пайдаланған дұрыс. Парольді айтпау керек, оларды тек төлем жүйелерінің сайттарына енгізу керек. Құпия ақпараты бар файлдарды қол жетімді немесе сенімсіз ақпарат құралдарында да мүлдем сақтауға болмайды  және олардың бірнеше көшірмесін жасап отырған дұрыс. Оған қоса қашықтан жұмысқа орналасу кезінде ешқандай жарна төлемеу қажет. Осындай істе күмәніңіз бар болса «baiqa piramida» телеграмм ботына салып тексеріп,  жедел желіге  «Call center» хабарласқан жөн» деді  Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істерді тергеу жөніндегі тергеушісі Майра Оралбаева.
Қаржылық алаяқтық кең тараған уақытта әр адамның бойында қаржылық сауаттылық және қаржылық қауіпсіздік деген түсініктерге салмақты көзқарас қалыптастыру, өзінің қаржысына өзі ғана  иелік ететін сенімділік беру, түрлі алаяқтықтарға ұрынып қалу тәуекелін азайту бүгінгі күннің басты талабы. Осы ретте әрбір адам қандайда бір іске ақша салмас бұрын жеті рет өлшеп, бір рет кескені абзал.
                                                                        
 Бақыт ОРДАНОВА,                                                    
Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру 
департаментінің бас маманы

kyzylorda-news.kz
20 наурыз 2023 ж. 426 0