Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралдан Ақмешітке жаяу жеткен ақсақал

Аралдан Ақмешітке жаяу жеткен ақсақал

Ауыл ақсақалдары «Сәнмен қартайғанның сыры кетпейді» деп айтып отыратын. Бұл сөзге тағы бір мәрте көзім жетті. Себебі жақында редакцияға жиһанкез Серік Өтепәлиев келді. «Аға, қайырлы күн! Жасыңыз елу-алпысты еңсерген ел ағасы шығарсыз» дедім таныстық барысында. Ол кісі «Жоқ. Келер жылы сексеннің сеңгіріне өтемін» деп жауап қатты. Қарияның айтуынша бұл жастықтың құпиясы тынбай жаяу жүруде екен.
Қаламгер Жәрдем Кикиннің «Егделіктің көлеңкесі ұзарып, батыс көк-жиегіне еңкеюі, қарттықтың табалдырығы, босағасы. Өмір оты ерте өшірілмесе, адам баласының қартаюы табиғи заңдылық. Ол организм мен ой сезімнің даму, жетілу үдерісі тоқырып, белсенділік мүмкіншілігі мен қарқынының үдемелі төмендеуі. Адамға қалауынсыз-ақ өзінің табиғи жолымен жетер бұл кәрілік кезең ел аузында: «Ат мініп, атан жетелеп, келмейді, сірә, кәрілік. Күтпейді оны көпшілік, сағынып не тарығып» деп сипатталады» деген сөзі бар еді. Ал біздің кейіпкеріміз осы табиғи заңдылықтың бұғауын бұзып-жарып шыққан жігерлі жан.
Жас күнінде Семей полигонының зардабын тартқан әскерилердің бірі болса да денсаулығын спортпен шыңдапты. Кейін Арал маңында кеме жөндейтін зауытта еңбек еткен. Теңізді өлкенің тарлан зейнеткері сексеннің сарайын ашқан шағында да Арал қаласының көшелерін таңсәріде түгел жаяу шарлап шығады екен. Оның қашықтыққа жүгіруге қызығушылығы 5 жасында басталған. Әкесі қаршадай кезінен еңбекке тәрбиелеген. «Көрші ауылдарға жаяу қатынып жүріп, желаяққа айналдым» дейді қарт марафоншы.
– «Бес жасымда түйеге барып кел» дейді. Мен жүгіремін, барып келемін. 5 шақырымнан 10 шақырым күнде түйені алып келіп, жүгіруге машықтандым. Содан бастап өзіме спортты жан дос қылып алдым», – дейді Арал қаласының тұрғыны Серік Өтепәлиев.
Ол 70 жастан асқан шағында да Арал қаласынан Қызылордаға дейін 500 шақырым жолды жаяу еңсергенін естелік етіп айтып берді. Содан соң араға үш жыл салып, дәл осы аралықты велосипедпен жүріп өтеді. Бұл – үлкен дайындық пен күш-жігердің жемісі екені даусыз.
– Кростан Алматыдағы Бауым бағында жүгірдім. Ол 12 шақырым болды. 5-10 шақырымдық халықаралық марафонға қатыстым. Енді қалған уақыттарда өзім үшін жүгіріп келе жатырмын. Әбден ақтық демім қалғанша жүгіре беремін, – дейді ардагер.
Түйін. Серік ақсақалдың осы бір өмірлік ұстанымын жастарға үлге ету керек. Себебі «Баланың балалығында атаның даналығы бар. Ата көтерген батпан жүк – атанның жүгі», – дейді халық. Ата әрдайым құрмет иесі. Қазақы үлгілі жастар бейтаныс болса да қарияға жолықса «аталап» иіліп сәлем, бүгіліп жол береді, төріне шығарып, жылы-жұмсағын ұсынады. «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» осы болса керек.
Ақсақал – өмірлік тәжірибесі мол, ширақ, ел тарихын, шежіресін, ұлттық салт-сананы, әдет-ғұрыпты, жоралғы-қағиданы жетік білетін зерделі, халық ортасында абыройлы, дарынымен көпке танылған қадірлі адам. Олар ұлттық болмысты, өнеге мен үлгіні халық санасына терең сіңіру, ауыл-аймақ деңгейлі шаруашылық, тұрмыстық, әлеуметтік істердің тетігін тауып, түйінін шешу, жастарды спортқа, өнер-білімге, еңбекке баулу, көрші ауылдармен тату қарым-қатынас жасау, тағы басқа жүйелі мәселелермен айналысқан емес пе... Сол үшін де қадірлі қарттарымыздың қайсарлығын, өнегелі өмірін жадына түйіп жүрген жастардың осал болмасы анық.
Айдар САЙЛАУОВ
28 қыркүйек 2024 ж. 70 0