Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 73 жастағы қызылордалық қария 500 шақырымды велосипедпен 4 күнде еңсерді

73 жастағы қызылордалық қария 500 шақырымды велосипедпен 4 күнде еңсерді

Қызылорда облысы Арал ауданының тұрғыны 4 күнде 500 шақырымды велосипедпен жүріп өтіп, қалаға жетті. Ардагер спортшы бұл веломарафонды ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы құрметіне арнағанын айтады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Серік Өтепәлиевтің жасы бүгінде 73-ке жеткен. Қария жастайынан салауатты өмір салтын ұстанып, спортты жанына серік еткенін сөз етеді. Семей полигонының ардагері қауіпті радиациядан жапа шеккендердің бірі. Соған қарамастан қарт өзін сергек сезінетінін айтады, оның үстіне қимыл-қозғалысы да ширақ. Күнделікті жаттығу жасап, үздіксіз дене шынықтырумен айналысқанды жөн көреді.

"Спорт – денсаулық кепілі. Әр адам өзінің саулығына көңіл бөліп, дене қозғалысымен айналысуы тиіс. Мен күн сайын таңертең 10 шақырым жүгіруді әдетке айналдырғаныма көп жыл болды. Оның үстіне тек табиғи таза өнімдерді ғана тұтынамын. Бие мен түйенің сүтін ішемін. Бұл сусындар ағзамды қалыпты деңгейде ұстауыма көмектеседі", – дейді қарт.

Серік Өтепәлиев өткен жылы марафонға қатысып, Арал ауданынан облыс орталығына жүгіріп келген болатын. Бұл жолы ардагер өзін велошеруде сынап көрді. Нәтижесінде 500 шақырымды 4 күнде еңсеріп, аман-есен облыс орталығына жетті.

"Негізі 4 күннен де аз уақытта жетуге болатын еді. Мен жолай Қазалы, Қармақщы, Жалағаш және Сырдария аудандарына соқтым. Семей полигоны ардагерлерінің құрметіне қойылған ескерткіштерге тағзым жасап, құрмет көрсеттім. Мен де жас кезімде радиациядан жапа шеккен едім. Бұл велошеруді ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына тарту етемін", – дейді Серік Өтепәлиев.

Облыс орталығының тұрғындары ардагер-спортшыны ерекше ықыласпен қарсы алып, қошемет көрсетті.

stan.kz​​​

30 қыркүйек 2021 ж. 358 0