Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бабаға тағзым – ұрпақ парызы

Бабаға тағзым – ұрпақ парызы

Өткенсіз бүгін жоқ. Қазіргі тіршілік-тынысымыздың жайлылығы, бейбіт, берекелі күндеріміз үшін ата-бабамызға қарыздармыз. Ел ұйытқысы болған даналарымыз бен дараларымыз әріден айтсақ алты Алаштың, беріден қайырсақ, ауыл-елдің, ағайын-туғанның қандай қиын күндерде де көш бастап, жұртымыздың ынтымақ-бірлігіне қылау түсірмей ұстап, өркендеп-өсуімізге, төрт құбыламыздың тең болуына өлшеусіз үлес қосқанын білеміз.
Халықтың ағасы болып тату-тәтті бірлікті ұстанған қайраткер бабалар мен екіталай замандарда ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен ел қорғаны болған батырларымызды, әділдіктің ақ туын жықпаған би-бағландарымызды еске алып отыру, ұрпақтардың басын қосып, пәтуалы шаруа жасау, жұртшылық жадында жаңғыртып отыру – қазіргілердің бір үлкен парызы.
Халықтық дәстүрдің, елдік салттың сондай бір үлгісі жақында Қаратерең ауылында болып, жан-жақтағы қаншама адамдардың, жырақ жүрген бауырлардың басын қосып, адамгершіліктің, адалдықтың, ауызбіршіліктің нәтижесіндей үлкен шара өтті. «Бабаларды ұлықтау – ұрпақ парызы» атты Тоғыс Өмірқұлұлы ата, (1731-1821) оның балаларын ұлықтауға арналған рухани-танымдық шара тарих беттерін қайта жандандырумен бірге Қаратерең ауылының тұрғындары үшін өте ерекше, мазмұнды, рухани күндер ретінде есте қалды.
Асан тайпасының ішіндегі бір руға есімі берілген Өмірқұлұлы Тоғыс туралы айта өткен жөн болар. Иә, біздің жұртымызда жазба тарих аз болғанымен, халық жады қалаулы перзенттері туралы қаншама деректер мен аңыздарды сақтап қалды десейші.
Әріден бастасақ, інісі Бақай мен шешесін түркімендер айдап алып кеткенін білген Өмірқұл соңдарынан қуып барып, олардың бір батырымен жекпе-жекке шығып, оның қылышын жалаң қолымен шап беріп ұстап сындырған екен. Қылышқа у жағылған болып қайтыс болады. Сол уақытта Тоғыс екі жаста қалған. Жетім бала Тоғыс тоғыз жасында қой бағып жүріп шаршап ұйықтап кетіп, түсіне қолында асатаяғы бар, ақ сақалды кісі еніп: «Балам, көп қиналдың-ау, қапаланба, әлі-ақ жетіліп, жақсы болып кетесің. Қиналсаң өзіме келерсің, есімім – Қосымқожа, сені «Адам ата» деген жерде, тұт ағашының түбінде қарсы аламын» – деп аян берген.
Содан Тоғыс жолға шығып, ұзақ жолдан шаршап бір ағаштың түбіне жатып оянса, түсіндегі ақ киімді кісі жанында тұр екен. Ол: «Мен Қосым баба боламын. Сен өкіл балам боласың. Балам Әбжел екеуің бірге өсесіңдер» деп мешітіне әкеліп, қамқорлық қылады.
Күндердің күнінде Тоғыс рұқсат сұрап еліне қайтады, өз еңбегімен қоңырқай тіршілік етеді. Ол батыр, атсейіс әрі саятшы, мәрт, жомарт жан болған. Алайда ұрпағы жоқтығына налып жүргенде бәйбішесі оған Қосымқожаға баруын сұрайды. Тоғыс содан бабаға келіп жалбарыныпты. Баба: «Ұл мен қызды құдай береді, мүмкін менің септігім тиіп қалар» дейді. Ұзамай Қосымқожаның түсіне Жаратқан иеміз он қошқарды Тоғыстың көгеніне байлап жатқаны кіреді де, Тоғысқа: «Балам, Алла саған он бала береді, кел жауырныңды тос деп, асатаяғымен түртіп тұрып: «Мә, саған Әкімқұл, мә, саған Әлімқұл, мә, саған Ақпан, мә, саған Тоқпан, мә, саған Үдер, мә, саған Көбек, мә, саған Байзілда, мә, саған Жарылқап, мә, саған Абыла, мә, саған Дәндібай» деп он рет ұрыпты, алайда соңғы таяқ тая тиіпті де: «Мына балаң қортық болады екен, құдай қаласа қалған тоғыз ұлыңнан ұрпақ тарап, атың мен даңқың көпке кетіп, өсіп-өнесің» деп батасын беріпті.
Елге келген соң Тоғыс атаға бата дарып, он ұлды болып, әр ұлы апайтөс, жаужүрек, досқа адал, дұшпанға қатал, үлкен бір тайпа ел болыпты.
Міне, аңыз шежіре-тарих осылай сөйлейді. Бүгінде Тоғыс ата ұрпақтарынан елдің мақтанышы болған қаншама біртуар перзенттері шықты. Олардың есімдерін күллі қазақ халқына танымал десек болар. Кеңес одағының батыры Үрмаш Түктібаев–екінші дүниежүзілік соғыстың қаһарманы. Қоғам қайраткері Бегімбай Қосаев облыстағы бірнеше ауданда басшылық қызмет еткен. Ал Толыбай Ұйқасов Арал өңірі балық шаруашылығының белгілі майталманы. Қазақ спортында мәнерлеп сырғанаудан Элизабет Тұрсынбаева өз есімін алтын әріппен жазып қойды. Талантты ақын Абдулла Сапар өмірден ерте кетсе де, қазақ поэзиясына өзінің өлмес өлеңдерін қосты. Айта берсек, әр салада қаншама саңлақтар ел құрметіне бөленгенін көреміз.
Тоғыс ата мен балаларын ұлықтауға арналған шара Қаратерең ауылының орталық алаңындағы сахнада облыстық ақындар мүшәйрасымен ашылды. Аймағымыздың әр түкпірінен жиырма шақты ақын ең әуелі әділқазыларға аталмыш тақырыпқа және еркін тақырыптағы өлеңдерімен сынға түскен. «Жүзден жүйрік» дегендей алты ақын іріктеліп сахна төріне шығып, арнау өлеңдерін оқып, көпшіліктің көз алдында өлең додасының көрігін қыздырды. Қай-қайсысы да төселген ақын екенін көрсете білді. Көрермендер қошеметіне бөленіп отырды. Ақындар бәйгесінің бас жүлдесін қанжығасына бөктерген дарынды жас ақын Айдар Сайлауов «Рух» деген өлеңінде Тоғыс ата ұрпақтарын өрнекті жырға қоса, баба ұрпағы Абдулла Сапар ақынға арнаған екінші өлеңінде:
Мылқаудың тіліне ұйыған дыбыстай,
Боздақтың борышын сезінген қылыштай.
Сол қылыш соғылған алдаспан болаттай,
Найзағай намыстың ұшқынын жоғалтпай.
Қазақты дәл сендей сүйе алсам,
Не арман?! – деп толғана да тебірене сөз кестесінен өрілген өрелі де өр жырын толғайды.
Жазба ақындар мүшәйрасының жыр жүйріктерінің бірі, сырдариялық Айтмағанбет Темірханов «Батырлық болмыс» өлеңімен бірінші орынды иеленді, ал екінші орынға шиелілік Ержігіт Бекжан «Текті болмай кім болсын Тоғыс тегі» өлеңімен көтерілді. Жүлделі үшінші орынды қазалылық Гүлбарам Жауқашарова, Бекарыстан би ауылынан келген Қанат Сырлыбай, аралдық Оңғарбек Жөргенбаевтар өзара бөлісті. Ақындар ұйымдастырушылар тағайындаған ақшалай сыйлық пен диплом және естелік медальға ие болды.
Мәдени шараның алғашқы күнін Арал, Қазалы ауданының әнші-күйші өнерпаздары ауыл тұрғындары алдында гала-концертпен түйіндеді.
Келесі күні Қаратерең ауылынан 15 шақырым жердегі Қаратөбе деген жердегі қорымдағы Тоғыс ата балаларына арнап салынған ескерткіш белгінің ашылу рәсімі өтті. Одан соң Қаратерең ауылындағы алаңшада ұлттық спорт сайыстары басталды. «Күш атасын танымас» дегендей, «Арқан тарту», «Гір көтеру», «Қол күресі», «Қошқар көтеру», «Қазақ күресі», «Түйе палуан» бойынша күштілер анықталды. Бұл спорттық сайыстарда Үрмаш ата, Айсауыт ата, Аманжол аға, Құранұлы Жексембі, Мәт ата, Күркей ата, Толыбай аға, Орынбет ишан, Аманкелді аға, Байзақ аға, Жолай ата, Тоғыс ата, Сейілхан аға атындағы жүлделер өз жеңімпаздарын тапты.
Рухани-танымдық шара Тоғыс Өмірқұлұлы ата мен оның балаларына Құран бағышталып, ас берумен қорытындыланды.
Ел ынтымағын, ұрпақтар парызын айғақтаған үлкен шара көпшілік көңілінен шықты.
Ерғали АБДУЛЛА
01 қазан 2024 ж. 64 0