Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қариялар – қазақтың қазынасы

Қариялар – қазақтың қазынасы

Қазақстанда 100 жасаған және одан да үлкен жастағы 423 азамат бар. Жасы ең үлкен кейуана Ұлытау облысында тұрады, ақ жаулықты әжеміз биыл 114 жасқа толған туған күнін атап өткен. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, ең көп өмір сүретіндер еліміздің оңтүстік өңірінде деуге болады. Ал Арал ауданында зейнет жасына келген 8481 жан бар екен.
Қазақ халқы шаңырақты, тал бесікті және табалдырықты қасиет тұтқан ел. Дүниеге келген сәттен жаның байыз тауып, ұйқыға бөленген бесігің, ата-анаң, әулетіңмен бірге тәтті сәттер өткен туған үйің және отбасыңа келетін ырысыңның кіреберісі – табалдырық. Даналық пен даралықты бойына жиған, осы үштаған бірлігінің бекем сақталуының ұйытқысы – қазыналы қарттар. Молшылықты күз мезгілімен ілесе жететін 1 қазан – халықаралық қарттар күні мерекесінде ата-әжемізге құрмет еселене түседі. Ерекше мейірімді мерекеде жас буын өкілдерінен ыстық ықылас қарша борайды.
Ежелгі Эллада елінде «Жастарға көрген-білгенін айтпаса, ағалардың өздері кінәлі» дейді екен. Иә, өмірлік тәжірбиесімен бөлісіп, ізінен ерген іні-қарындасына ақыл айтып, ізгілікті ұрпақ тәрбиелеу үлкендердің міндеті деп есептеген. Соның арқасында қоғам дамып, өркениет жалғасып келеді. Оның ішінде қарттарға қамқорлық көрсету біздің халқымыздың дәстүрінде дәріптеліп, салты мен санасына берік орныққан қасиет. «Ата қайратты болса, бала ғибратты болады» деген сөз бекер айтылмаған. Қазақтың дәстүріндегі ата өсиеті, ананың ақ батасы деген ұғымның да мәні зор. Олар елдің берекесі мен жас ұрпақтың өнегесіне әр уақыт қолдау көрсетіп, ел келешегінің жарқын жолын жарасымды жалғап келеді. Бүгінде әр шаңырақта ақылын айтып, тәлімді тәрбиесін беріп, ұлағатты ұғымдарды сіңіріп, шүпірлеген немере-шөберелерінің ортасында марқайып отырған ата-әжелерімізді көрудің өзі бір ғанибет. Жастары егде тартқан шақта қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіріп, жетілдірген ұл-қыздары қас-қабағына қарап отырса еңбектерінің ақталғаны емес пе!? Қарияларымыздың «Жасымда бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деуінің мәні де осында.
«Ақиқатты айқындап жариялар,
Бара жатыр азайып қариялар.
Дауыл тұрса, бүлк етіп толқымайтын,
Бара жатыр сарқылып дариялар» деп Мұқағали жырына арқау болған ақылы дария қарияларымыздың мейрамын атап өтудегі басты мақсат – аз қамтамасыз етілген қарт адамдарға, жалғызбасты қарт зейнеткерлер мен қарт мүгедектерге көңіл бөлу, оларға материалдық, әлеуметтік-тұрмыстық және басқа да көмек түрлерін көрсету болып табылады. Бұл күні біздің елімізде ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінде қарттарға арналған мерекелік іс-шаралар өткізіліп, оқушылар мен студенттердің тарапынан қарияларға көмек көрсетілетін алуан түрлі жобалар ұйымдастырылып, мемлекет тарапынан арнайы жәрдемақылар тағайындалады.
Қарттың бүгілген беліне сүйеу болу – қазақ халқының дәстүр сабақтастығы ғой. Сондықтан қарттар әрқашан қоғам назарынан тыс қалған емес. Мысалы, өткен жылы мейрам қарсаңында «Ұлағатым – ұрпаққа» атты ансамбльдің 10 жылдық шығармашылық кеші өтіп, кеш соңында өнерпаз қарияларға, ардақты ардагерлерге Арал қаласы әкімі аппараты атынан Алғыс хат пен ақшалай сыйақы, қалалық ардагерлер кеңесі атынан бағалы сыйлықтар табыс етілген болатын. Биылғы жылы да дәстүрлі марапаттау жалғасын тауып, қариялар құрмет төрінен көрінді.
Бұл қолдау – мемлекетіміздің қарттарға, айрықша қолдау күтетін жандарға деген шынайы қамқорлығының жарқын көрінісі. Иә, олардың жүріп өткен жолы, қилы тағдыры біздің қоғамымыздың сан алуан кезеңдерімен тұстас келді. Қарттар соның қай-қайсысында да алдыңғы қатарда жүріп, шама шарқынша үлес қосып, ауданның дамып өркендеуіне үлес қосқандар. Сондықтан мерейлі күнде ғана емес, жылдың қай күнінде де тағылымды тәрбие беріп, ізгі дәстүрлер сабақтастығын жалғастырып келе жатқан қарттарды мақтан тұтып, қоғам назарына бөленіп, өз еңбегі үшін лайықты марапатталып, сый-сияпат көрсетілуі қажет.
Қазыналы қарттардың толайым еңбектерінің, бай тәжірибелерінің, дарқан даналықтарының алдында басымызды иеміз. Сіздерге зор денсаулық, берекелі ұзақ ғұмыр тілейміз. Айналаңыздағы жаны жомарт жандардың ықылас-ниетіне бөленіп, арамызда жүре беріңіздер!
Гүлмарал САҚТАПОВА
02 қазан 2024 ж. 93 0