Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қарттар үйі қашан «қара шаңыраққа» айналды?

Қарттар үйі қашан «қара шаңыраққа» айналды?

Қазақ халқы шаңырақты, тал бесікті және табалдырықты қасиет тұтқан ел. Мына дүниеге келген сәттен жаның тиыш тауып, ұйқыға бөленген бесігің, ата-анаңмен, әулетіңмен қуанышың, тәтті күндерің өткен қара шаңырағың және отбасыңа келетін ырысыңның кіреберісі – табалдырық. Міне, осы қара шаңырақтың қазынасы болған қарттарымызды қадірлеп жүрміз бе? Біздің қоғамға «қарттар үйі» деген ұғым қашан сіңді?
Қарт адам – қазақта әулеттің ұйытқысы болған, балалары мен немересінің тілеуін тілеп, отбасына құт дарытатын жан. Көбіміз ата-әжемізді жақсы көріп, олардың біздің жанымызда мәңгі қалып, ортамызда жүргенін қалаймыз. Алайда барлық адам олай ата-анасын аялап, төріне шығарып отырған жоқ. Төрт ұйқысын төрт бөліп, ақ сүтімен арамдықсыз өсірген, баласының көңілі мен қалауы үшін бар күш-қуатын арнаған үлкендерді пайдасыз етіп, жағдайын жасауға уақыт таппай, өзектен тебетін жандардың бар екендігі өтірік емес. Немере қызығын көрмеген ата-әжелерді осындай жағдайға түсіретіндей біздің тәрбиеге не болды? Ол кісілерге қартайған шағында өз баласынан артық қарайтын жан табыла ма?
Қарттар үйі алғаш рет КСРО тұсында құрылып, жағдайы төмен, еңбекке жарамсыз жандарға көмек беретін ұйым ретінде жұмыс жасады. Қазіргі таңда ол ұйым қараусыз қалған қарт жандарды өз балалары, ұрпағы тапсыратындай жағдайға жетті. Статистика бойынша Қазақстандағы қарттар мен мүгедектер үйінде 20 733 зейнеткер тұрады екен. Олардың 11868-і – ер адам болса, 8865-і – әйелдер. Еліміздің әрбір аймағында кемі 2 қарттар үйі бар, оның максималды көрсеткіші Шығыс Қазақстан облысында (2787 орындық 17 қарттар үйі) жұмыс істейді.
Аты соншалықты қатаң естілгенімен мұнда атаның ақ батасы, ананың аяулы алақаны бар. Сағыныштан сарғайған жүректер мен өзегі өкінішке толы жандардың мекені. Бұл – қатайған жанның жүрегін жібітер, кез-келгеннің мейірім көзін ашатын жер. Ондағы жандардың көз жасын, жұпыны көңілін көріп шыдау мүмкін емес. «Атасыз үй – батасыз, анасыз үй – панасыз» деген ұстаныммен жүрген халқымыздың қариялары қамсыз қарттықты осыннан тапты дегенге сену қиын.
Бір қызығы, қарттар үйіндегі жандар өз балаларын ақтайды. Ешқашан олардың өздеріне мейірімсіз, қатаң болғанын айтып егілмейді. Барынша «мен кедергі келтірдім, менің жағдайыма қарап отыра алмайды, қолдары босамайды» деп өзгенің алдында кінәсіз етуге тырысады. Тіпті кейбір бірнеше баласы бар қариялар өзге жанға «менің балам жоқ» деп баласының жамандығын жасырса, енді кейбірінің балалары кішкентай зейнетақысын алып кетуге бар. Бұлардың бәрінен ана мен әке жүрегінің мейірімділігі қаншалықты зор екенін көруге болады.
Жасыратыны жоқ, расымен де батыс мәдениетіне еліктеуіміз үдеп барады. Мұхиттың арғы жағындағы елдерде бала кәмелеттік жасқа толғанда басқа үйге көшетіні, ата-анасын іздемейтіндігі шын. Бастысы әке-шешесі бақты, өсірді. Ендігі жерде ешкім ешкімге міндетті емес. Міне, ойларына осындай «фундамент» құйылған жастар болашақта қайда бармақ? Құбылмалы балалық психология тез бұзылатыны анық. Өз бағасын «менікі дұрыс, маған ата-анам міндетті, менің міндетім – болашақ балаларыма қарау» деп шектен тыс асырудың да зияны бар. Қазақтың баласы бұған үйренбеуі керек.
«Өзіңнен туған ұл мен қыз сыйламаса, сол қайғы» деп Төле би бабамыз бүгінгі күнімізді болжағандай айтқан екен. Қарттар үйінің көбеюі, онда қазақ баласының ата-анасының көбеюі отбасындағы тәрбиенің ақсауында секілді. Бұрынғының ізімен «атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» деп ескерту жасап тәрбиеленген ұл мен қыздың саналы болып өсетіні айғақ. Елбасы айтқандай үш буын арасындағы сабақтастық берік болуы керек. Ата берген құндылық әкеге өтсе, әке қабылдаған тәлім-тәрбие балаға үйретілсе отбасындағы құндылық трансформациясы үйлесім тауып, парасатты ел болмақпыз.
Расымен де қарттар үйінің қызметкерлері оларға балалары бере алмаған жылулықты беруі мүмкін. Бірақ ол нәрсе өз баласының назары мен ықыласын алмастыра алмайды. Әлі күнге дейін ешжерде ата-әже институтын алмастыратын тәрбие көзі табылмады. Олар көрсететін жөн бөлек, жол басқа. Сондықтан ата-ананың қадіріне жетіп, ақ батасын алуды жаңғырту міндетіміз.
Г. САҚТАПОВА
24 қазан 2023 ж. 329 0