Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » «Бәрі де, Ана, бір өзіңнен басталды»

«Бәрі де, Ана, бір өзіңнен басталды»

Шеше
Сен бақыттысың,
Жыламағын!
Жай түсіп жатқанда да құламадың.
Тәңіріңнен мен едім ғой сұрағаның
Сондықтан жыламағын, жыламағын!
Қазақ әдебиетінде асыл анаға деген өлең шумақтарын арнамаған ақын-жазушылар жоқ шығар, бәлкім. Тоғыз ай құрсағында көтеріп, сенің мына жарық дүниеге келуіңе бірден-бір себеп осы анамыз. Мұнан кейін де түн ұйқысын төрт бөліп, сәбиімнің ұйқысы тыныш болсын деп бар уақытын арнайды. Ал нәресте өсе келе, қатарынан кем болмасын деген ниетпен ол үшін барлығын жасауға дайын тұрады. Иә, киімнен де, тамақтан да тарылтпай, баласының ел қатарлы болуы үшін бар ғұмырын арнауға дайын. Кейін өзі қалаған маман иесі атансын деп баланың асқақ арманының орындалуы жолында тағы да аянбай тер төгеді. Өз баласынан мейірімін аямай, тәрбиені де қатар беретін асыл жанның өмірдегі орыны бөлек ғой, шіркін.
Жалпы отбасының тірегі – ер адам. Яғни, әке. Дегенмен ер адам парызы балаға жақсы тәрбие беріп, отбасын асырау. Кей кездері ана ақылын тыңдап, сабырмен шешім қабылдайтыны рас. Әкенің күші жетпей жатқан тұста жары оған қолдау білдіріп, әрдайым сеніммен қарайды. Осы арқылы ер адам жетістікке де жетері сөзсіз. Қандай да бір мәселе болмасын екеуара ойласып, бірге шешім шығарып жүреді. «Әкеге қарап ұл өсер, анаға қарап қыз өсер»демекші, бала әке мен ана тәрбиесін қатар алып өскені дұрыс. Иә, осы тұста жас жұбайлар ажырасудың алдын алып, ортадағы бүлдіршін тағдырын ойлағаны жөн.
«Әйелдің қырық жаны бар»деп бекер айтылмаса керек-ті. Бұл сөзге дәлел Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» туындысы болып отыр. Шығармада жолдасын тұтқынға алып, кішкентай балаларымен жалғыз қалып, соғыс кезіндегі көп қиындықты көрген батыр ана бейнесі баяндалады. Кішкентай бала Барсханның бала болып ойнамай, ерте ер жетіп, басынан өткерген қиын тағдыры да суреттелген. Жазушының өзінен «Ай мен Айшада Ай образын жасаудағы себебіңіз не?» деп сұрақ қойғанда, Ш.Мұртаза: «...Кітаптың атында неге ай тұр десеңіз... Ол, енді, біржағынан тағдырдың ұқсастығы сияқты, біздің анамызбен, әсіресе соғыс кезіндегі жесірлік, қиыншылық көрген аналардың тағдырына ұқсас. Гейнеде бір өлең бар. Генрих Гейне деген ақында ай туралы әдемі бір сонеті бар. Мағынасы былай: Күнге ғашық ай, сұлу, күн де оған ғашық сияқты көрінеді. Шүпірлеген көп бала тараған. Ол – жұлдыздар. Күндердің күнінде арасынан әлдебір қара мысық өтті ме, әлдеқандай сызат бітті ме, екеуі содан екі жақта. Бірі – шығыс жақта, бірі батыста. Күн шықса ай батады. Ай шықса күн батып кетеді. Өмірбақи бір-біріне жолыға алмайды, осынау мұңлы сарыны бар. Ал адам баласының тағдырын алсақ, ері жаңағы трепрессияға ұшырап, не болмаса майданға кетіп келмей қалғандардың көбісі солай. Балалар қалды. Ері жоқ бір-біріне жете алмаған дүние. Жалпы, дүниенің философиясы сол. Ай деген арман болса, күн деген қиял болса, соны қуасың да жүресің. Қашан жетесің, белгісіз, соған байланысты алынған ат». Сонымен бірге батыр ананың жетім балаларына күнделікті ұйықтар алдында аңыз әңгімелер мен түрлі дастандарды айтып беретінінің өзі аналық мейірімнің бір бөлігін суреттейді. Жалпы туындыдан ананың отбасындағы рөлі, оның балаларының саулығы жолында жасаған ерлігі мен бастан өткерген қиындықтары туралы толықтай біле аламыз. Қазақ әдебиетінде өзіндік орыны бар туындының көпке берері мол.
Бүгінгі отбасындағы ана рөліне бір сәт тоқталып өтелік. «Балам» деп бар өмірін арнаған анасын қартайған шағында қарттар үйіне апаруға асығатын жандар да баршылық. Дегенмен ана жүрегі өз баласына ешқашан өкпелеген емес. Негізі дамыған елдерде өз ата-анасын қараусыз қалдыру қалыпты жағдай болып табылады. Яғни, бала ержеткен шақта ата-анасын тастап, өз өмірін өзі құруға бөлек шығып кетеді екен. Бұл әдет қазақ қанына енбеуі қажет. Осы кезге дейін баласына бар мейірімін төккен қарт ата-ана көмекке зәру шағында өз балаларынан артық ешкім де қамқор бола алмас. Сондықтан да баласы үшін барын беруге дайын ана қадірін ерте ұғынып, оны құрметтей білуіміз қажет.
Отбасындағы ананың орны әрқашан бөлек екендігі анық. «Ана – балаға жастық, әке – көрпе». Бұл – ұрпақтың тәрбиесіндегі бар ауыртпалық ата-ананың ғұмыр бойы мойнында деген сөз. Баланың жақсы тәрбие алып, саналы тұлға болып қалыптасуы жолында ананың да маңызы зор. Ана қадірін түсіне білейік...
А. НҰРЛАНОВА
14 ақпан 2023 ж. 1 685 0