Ана махаббаты

Ақберен жырлар, аңыздар.
Жаралған таудан, тастардан,
Жер үсті саған қарыздар!
Қарыздар желмен сөйлеген,
Талдырмаш мынау талдар да.
Атыңды беру керек қой,
Ақ қарлы асқар тауларға.
Оятар таңды қыз-кірпік,
Әлдиің сенің тербетіп.
О, Ана, сенсіз мұз бүркіп,
Тастауы мүмкін жер бетін...
Ана – құдіретті есім. Отбасының ұйытқысы, үлкен-кішінің қамқоры болған ананың орны өмірде ерекше бөлек болатынын енді ғана түсініп, сезініп жүрген сияқтымын. Анамның атымды атағанын ешқашан естіген емеспін. Өйткені мен ата-анамның тұңғышы болғандықтан, өздерінен үлкендердің кенже баласы санайтын қазақы ұғымнан шығар бұл. Әйтеуір мен алыстан келгенде жаныма жақындамай, бетімнен сүймей, көзімен ғана аналық мейірімін төгіп тұратынын іштей сезініп тұрушы едім. Дәл осындай жағдай мен Саратовтағы оқуымнан кезекті демалысқа келгенде болғаны қазір есіме түсіп отыр.
Иә, сол сәтте алдымнан аяулы анашым үйден шыға келгенде, екі тәулік жолаушы пойызы үстінде шаршап-шалдыққанымды ұмытып кеткенмін. Оның сабырлы, сағынышқа толы ақ дидарын көргенде, жүрегім асқақтай соққаны әлі күнге ойымда.
Аллаға шүкір, әкем, бала-шағам, бауырларымның ортасында жүрсем де, ананың орны перзенті үшін бөлек екен ғой. Әлемнің жарығын сыйлаған асыл анам сенің есімің әркез қымбат маған.
Сүйеген Төлегенов,
ішкі істер қызметінің подполковнигі,
полиция ардагері
ішкі істер қызметінің подполковнигі,
полиция ардагері