Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Өмірдің мәні – көп жасағанда емес, көпті көргенде

Өмірдің мәні – көп жасағанда емес, көпті көргенде


         Болашағын болжап білген пенде жоқ. Кімді тағдырдың қандай сыйы күтіп тұр, сынақтан сабырлықпен өте аламыз ба, мұның бәрі әрбір жан үшін жұмбақ. Ананың балаға деген махаббаты жөнінде көп айтылады. Әрине, ол – табиғи құбылыс. Ал, баланың әкеге деген көңілі де одан еш кем түспейді. Шығыста «Бір жылыңды ойласаң күріш ек, он жылыңды ойласаң –ағаш ек, жүз жылыңды ойласаң – адам тәрбиеле» дейді екен бабалар аманаты. Сол себепті, әке туралы өзімнің пайымымды айтып өтсем деймін.   
       Ес жия бастағанымнан үстінде шапаны, басында тақиясы, аяғына мәсі киген ақ сақалды "айналайын" деп елжіреп тұратын әкені көрдім. Оның осы үнсіз сабырлы қалпынан көп нәрсені үйрендік. Әкемнің жасы 65-ке толғанда туылған сүт сарыққан кенжесі едім. Содан да болар, әкеме "ата" деп те қалжыңдап қоятынмын. Ол жұрттың бәрін бірдей көретін, азаматтарды тең ұстайтын. Адам алалау деген біздің әкеміздің бойында болмаған қасиет. Біз бала болсақ та соның бәрін көріп өстік.  Таң намазын оқып болысымен шыбынға "бұлар да тіршілікке келген, ризық-несібесін жеуі керек" деп газет бетіне шекер сеуіп беретін. Біз үшін күлкілі болғанымен, ол өзінің өзгеге титтей де зияным тимеуі қажет деп өз ісін құптап отыратын. Әдемі сырбаз, түсінігі терең жан еді. Теміржолда жұмыс істеп жүргенінде, пойыз өтерде жалаушаны көтеру орнына бес уақыт намазын оқып, пойызы жүйткіп өтіп кеткен деп айтып отыратын анам марқұм. Шалғынбай деген досы болатын. Екеуінің таңнан кешке дейін жұбы жазылмайды. Айтар әңгімелерінің желісі – Аллаға құлшылық ету мен шынайы өмір сүру.
Әкемнің дастарханы кең, қонақжай, ақкөңіл, кеңпейіл, ел ішсін, жесін дейтін адамның дастарханы еді. Үнемі үйден қонақ арылмайтын. берекелі де, мерекелі болғандығын ауылдастары да, көрші-көлемдері бәрі айтып отырады. Қыз балаға әсіресе әкенің ықыласы ерекше болады ғой. Ол мені жерге түсірмей жетілдірді, ештеңеден зәру еткен жоқ, барын алдымызға тосты.
         Өмірдің мәні – көп жасағанда емес, көпті көргенде деп, ара-тұра әкемнің аңсары теңіз жағалауына ауып отыратын. Сол сәтте бір кездері әкесі Кален Әбдіжәміл Нұрпейісовтің "Қан тер" романындағы белгілі кейіпкер екенін де мақтан етіп айтып отыратын. Менің де белгілі бір дәуірдегі ел тарихын, адам тағдырын көрсете білген тарихи шығарма – "Қан мен терді" оқып шығуыма Кален бейнесі себепкер болды.
         1916 жылғы Арал өңірі кедейлерінің көтірілісі кезінде де Кәлен – соңғы айласы қалғанша ел алдындағы жауапкершілігін терең сезінген, оқшау жүректілігімен ерекшеленген тұлға. Сарбаздардың өзін хан сайлау туралы ұсынысына қайырған жауабында Кәленнің таң қаларлық қарапайымдығы мен халықтың тарихи, адамгершілік наным, сенімі арқылы әбден сіңісті болған сергек даналығы айқын көрініс береді. Кітаптан әрбір қадамын есепке алып, көп толғанып барып, бір амалға келетін сақ та байсалды екендігін көрдім. Кәлен – бар істі ашу-ыза үстінде тындырып салатын, кейінгіні ойлап, сары уайымға түспейтін, наркескендей өткір болған шынайы бейнесіне көзім жетті. Сол кезде әкемнің Каленнің баласы Өтепбергенмін деп кеудесін көтере айтуында көп мән барын түсіндім.
        Иә, біреулер әкем жоғары білімді, ғылым кандидаты және басқа деп әке жетістігін дәріптеп жатады. Менің әкемнің мұндай жетістігі болмады. Себебі, әріп танымайды, бірақ әркез "сабақтарыңды жақсы оқыңдар" дейтін. Әріп танымайды дегеннен шығады-ау, құжатқа қол қойғанда бір сызықша салып, қаламсап ұстағанына балаша қуанатын. Ата-ананың балаға сабақ үйретпегенінен толық білім ала алмайды деу менің тұжырымымда дұрыс емес. Ата-анамның еш сауаты болмаса да, бәріміз диплом алып, мамандық иесі атандық. Менің түсінігімде, ата-ана әрдайым баласының игі істері мен жеткен табыстарын қолпаштап, шалыс басқан жері болса түзетіп, дұрыс бағыт-бағдар берсе, бала әкесін қажет кезде арқасүйер тіреуіші, панасы болса болғаны. Тек сонда ғана осындай отбасында үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білетін, парасаты мен пайымы жарасқан ұл-қыздар дүниеге келеді. Әке мейірімін сезініп өскен жеткіншек ұрпақтың болашағы да жарқын болмақ. Сондықтан аяулы да абзал әкелердің балаларына әрдайым көңіл бөліп, мейірім шапағаты мен қамқорлығын көрсеткені абзал. Баланы ұрып-соғып тәрбиелей алмайсың, тек өзіңді сол балаға үлгі етімен ғана тәрбиелейсің.  Тек сонда ғана елімізде шаңырағы биік, босағасы берік отбасылар саны толысады. Себебі бала әрдайым абзал әкелерінен айрықша қамқорлықты,  ерекше ілтипат сезімін күтеді.
Күнзипа Зденова
14 қаңтар 2020 ж. 1 040 0