Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » БАҚЫТСЫЗДЫҚТЫҢ БАРЛЫҒЫ - ОЙДАН

БАҚЫТСЫЗДЫҚТЫҢ БАРЛЫҒЫ - ОЙДАН

Өз отанында еркін өмір сүріп жатып, өзін бақытсызбын дейтіндерді көргенде, Қытай данышпаны Конфуций мен бір кезбенің әңгімесі еске түседі Баяғыда Конфуцийге бір бейсауыт адам келіп өз өміріне шағымданады.
Не істесем де ісім жүрмей жатыр. Жер бетіндегі ең бақытсыз адам менмін депті. Данышпанның бетіне қарап: 
- Бақытты болу үшін не істесем болады? Осындай бақытсыздықтан арылу үшін не істейін, айтшы? – дейді. 
Конфуций айтыпты:- Бақытсыздығыңның себебін білгің келе ме? Жақсы. Мен саған оның құпиясын айтайын. Бірақ алдымен менің айтқанымды істе, – дейді. 
- Әрине, құзырыңызға құлдық, - деп ол адам қуанып кетеді. 
- Сен екеуміз отырған бөлмеде заттар көп: кітаптар, құмыралар, кілемдер, қабырғалар, сөрелер, суреттер, сенің және менің киімдеріміз... Осы заттарға мұқият қара да, қоңыр түстілерін есіңде сақтап қал. 
Бөлме ішінде қоңыр түсті бұйым көп еді. Адам жан-жағына жіті қарап, шамасы келгенше қоңыр түстілерін жаттап қалуға тырысты. 
- Ал, жақсы. Мен дайынмын, - дейді. Ішінен айтылғанның бәрін дұрыс істегеніне сенімді еді. 
Бірақ данышпан күтпеген сұрақты қояды: 
- Енді көзіңді жұм да, көк түсті заттарды айтып шықшы...
Адам сасып қалды. Көзін жұмып, көк түсті заттарды есіне түсіріп әлек болады. Бірақ бірде бірі есіне түспейді. Көзін ашпастан данышпанға былай дейді: 
- Есіме ештеңе түспей тұр. Өзің айтқандай мен тек қоңыр заттарды жаттадым ғой, көк түсті заттар қайдан есімде қалсын? 
Сонда Конфуций оған:
- Көзіңді аш та, мұқият қара. Бұл бөлмеде көк түсті заттар өте көп депті. 
Адам көзін ашып, жан-жағына тінтіп өтеді. Айналасында шынында да көк түсті заттар көп екен. 
- Бұл мысал, - дейді Конфуций, - өмірдің мынадай заңдылығын көрсетеді: «Тек осы бөлмеде емес, өз өміріңде де сен көргің келген нәрсені ғана көресің. Бөлмеден қоңыр заттарды іздесең, соларды ғана есіңде сақтайсың. Өміріңнен тек жамандықты іздесең, алдыңнан тек жамандық шығады. Бақытты болу мен бақытсыз болу да өз қолыңда. Неге назар салу керектігін өзің ғана шешесің. Өйткені, әр адам іздегенін табады».

Назарыңды неге салу немесе неге салмау - адамның қолынан келетін ерекшеліктің бірі екен. 
- Кей бақыттыларға ол туа біткен қасиет. 
- Кейбірі оны жылдар өте сіңіреді. 
- Үшіншілерге ол ауыр дертті жеңумен келеді. 
- Төртіншілерге көп ойлану арқылы ашылады. 
- Бесіншілерге ол мүлдем берілмейді екен. 
Себебі бесінші топтағылар басынан не кешсе де таңдау жасауды меңгермей өтеді. Себебі, олар дүниеге байланған. Рухани өсуге бейім тұрмайды.

Адамның негізгі болмысы "ойдан" тұрады дейді (Руми). Жаман ойласақ жаман адамбыз, жақсы ойласақ жақсы адам болмақпыз. 
Жақсы іс бастап, нәтижесін жаратушыға тапсыру халқымызда бар құндылық. Ақыл иелерінің "гүл ойласаң гүлстансың" дегені осы.

Айтпақшы Алла тағала қасиетті құранда: "Ойың сені алдауы мүмкін", дейді.
24 мамыр 2019 ж. 1 912 0