Портрет

Шалғынбай деген досы болды. Екеуінің таңнан кешке дейін жұбы жазылмайды. Айтар әңгімелерінің желісі – Аллаға құлшылық ету мен шынайы өмір сүру. Бұл күндері сол кісінің баласы, көпті көрген, сабырлы, әр сөзі мағыналы Қайролла әкейден де түп-тамырынан бойына жақсы тәрбие дарығанын аңғарамын. Әкемнің дастарқаны кең, қонақжай, ақкөңіл, кеңпейіл, ел ішсін, жесін дейтін адамның дастарқаны еді. Үнемі үйден қонақ арылмайтын, берекелі де мерекелі болғандығын ауылдастары да, көршікөлемдері – бәрі айтып отырады. Қыз балаға, әсіресе, әкенің ықыласы ерекше болады ғой. Ол мені жерге түсірмей жетілдірді, ештеңеден зәру еткен жоқ, барын алдымызға тосты. Осындай кеңдігімен, адами қасиетімен өз балаларына ғана емес, дүйім ауылға үлгі болды. Өмірдің мәні – көп жасағанда емес, көпті көргенде деп, ара-тұра әкемнің аңсары теңіз жағалауына ауып отыратын. Сол сәтте бір кездері әкесі Кәлен Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романындағы белгілі кейіпкер екенін мақтан етіп, аузынан тастамайды. Менің де белгілі бір дәуірдегі ел тарихын, адам тағдырын көрсете білген тарихи шығарма – «Қан мен терді» оқып шығуыма Кәлен бейнесі себепкер болды. 1916 жылғы Арал өңірі кедейлерінің көтерілісі кезінде де Кәлен – соңғы айласы қалғанша ел алдындағы жауапкершілігін терең сезінген, оқшау жүректілігімен ерекшеленген тұлға. Сарбаздардың өзін хан сайлау туралы ұсынысына қайырған жауабында Кәленнің таңғаларлық қарапайымдығы мен халықтың тарихи, адамгершілік наным-сенімі арқылы әбден сіңісті болған сергек даналығы айқын көрініс береді. Шығармадан әрбір қадамын есепке алып, көп толғанып барып, бір амалға келетін сақ та байсалды екендігін көрдім. Кәленнің бар істі ашу-ыза үстінде тындырып салатын, кейінгіні ойлап, сары уайымға түспейтін, наркескендей өткір болған шынайы бейнесіне көзім жетті. Сол кезде әкемнің Кәленнің баласы Өтепбергенмін деп кеудесін көтере айтуында көп мән барын түсіндім. Иә, біреулер әкем жоғары білімді, ғылым кандидаты және басқа деп әке жетістігін дәріптеп жатады. Менің әкемнің мұндай жетістігі болмады. Себебі, әріп танымайды, бірақ әркез «сабақтарыңды жақсы оқыңдар» дейтін. Әріп танымайды дегеннен шығады-ау, төлқұжатын алар уақытында қол қойғанда бір сызықша салып, қаламсап ұстағанына балаша қуанатын. Атаананың балаға сабақ үйретпегенінен деу, сірә, қате түсінік. Ата-анамның еш сауаты болмаса да, бәріміз диплом алып, мамандық иесі атандық. Ата-ана әрдайым баласының игі істері мен жеткен табыстарын қолпаштап, шалыс басқан жері болса түзетіп, дұрыс бағыт-бағдар берсе, бала әкесін қажет кезде арқасүйер тірегі, панасы болса болғаны. Тек сонда ғана осындай отбасында үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білетін, парасаты мен пайымы жарасқан ұл-қыздар дүниеге келеді. Әке мейірімін сезініп өскен жеткіншек ұрпақтың болашағы да жарқын болмақ. Сондықтан аяулы да абзал әкелердің балаларына әрдайым көңіл бөліп, мейірім шапағаты мен қамқорлығын көрсеткені абзал. Әкемнің «Баланы ұрып-соғып тәрбиелей алмайсың, тек өзіңді сол балаға үлгі етумен ғана тәрбиелейсің» деген сөзі – менің өмірдегі ұстанымым. Болашағын болжап білген пенде жоқ. Кімді тағдырдың қандай сыйы күтіп тұр, ол да беймәлім. Алайда адам біткеннің өз арманы бар. Сол арман жетегінде алға ұмтыламыз. Адасып қалмас үшін алдымызда бағдаршам етіп алатын болмысы бөлек жандар болады. Міне, менің әкемнің көз алдымда қалған портреті сол өмір бұралаңдарында демеу болып, әлі күнге қуат беріп келеді.
Күнзипа Зденова