Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мерейлі білім ордасы

Мерейлі білім ордасы

«Бүгінгі күн – кешегі күннің жемісі, ертеңгі күннің болмысы» деген аталы сөз бар. Ертеңіміз қашанда білімді, саналы ұрпақтың қолында. «Мың жылын ойлаған халық ұрпақ тәрбиелеп өсіреді» дегендей, баланың тәрбиесінде мектептің алатын орны ерекше. Мұғалім, ата-ана, оқушы үштағаны болашақ кепілі екені рас. Сондықтан мектеп жайын әңгімелеу – болашағымыздың бағдары.
Арал аудандық мұрағатының деректеріне сүйенсек, тұңғыш қазақ тілінде халыққа білім беру мекемесі 1930 жылы негізін қалаған №13 бастауыш мектебі болған. Бастауыш мектеп 1938-1939 жылдары 7 жылдық мектеп ретінде қайта құрылып, 1939 жылы Т.Рысқұлов атындағы орта мектебі болып өзгертіледі. Сол жылдың 5-ші наурызында Т.Г.Шевченко атын алып, бүгінде «Қызылорда облысының Арал ауданы бойынша білім бөлімінің «Т.Г.Шевченко атындағы №13 орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып оқу-ағарту жұмысын жүргізіп келеді.
Өз ісінің майталмандары басшылық жасап келген мектепті 2003-2014 жылдары Бақытжамал Жарылқасынова басқарса, 2022 жылға дейін Хадиша Урынбасарова басшы қызметін атқарды. Ал қазіргі таңда Айтуған Сауяевтың басқаруындағы мектеп 94 жылдың ішінде Қазақ елінің түрлі өңірінде қызмет қылып, абыройлы еңбек еткен тау тұлғалы азаматтар білім алған абыз оқу орнына айналды.
Атап айтсақ, білім ордасының белгілі жазушы, КСРО Мемлкеттік сыйлығының иегері Әбдіжәміл Нұрпейсов, Қазақстан Республикасының тұңғыш премьер министрі Ұзақбай Қараманов, облыс көлемінде ұзақ жылдар басшылық қызмет жасаған қайраткер Елеу Көшербаев, СССР Құрметті теміржолшысы С.Қашақов, тарихшы-ғалым Сағи Жаппасов, Алматы қалалық партия басшылығында жоғары қызметтер атқарған Махамбетәли Ізмаханов, Қазақ ССР Ішкі істер министрлігі Бас тергеу басқармасының бастығы, Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары қызметтерін атқарған заң ғылымының докторы Сағындық Жүрсінбаев, акробатикадан одақ бойынша тұңғыш спорт шебері Дәри Құттымұратов, Қазақ ССР Балық шаруашылығы министрі болған Құдайберген Саржанов, тарих ғылымының докторы, профессор Нәжімедин Күнқожаев, техника ғылымдарының кандидаты Мәукен Ізбасаров, Жаппар Досымов, Әлімбай Жолшораев, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Әбдікәрім Тәжмағанбетов, филология ғылымының докторы профессор фантаст-жазушы Абдулхамит Мархабаев, мединица ғылымдарының докторы Дербісалы Сексенбаев, Қазақ СССР еңбек сіңірген әртісі Құдайберген Сұлтанбаев және қаншама есімдерін мақтанышпен атайтын мектеп түлектері бар.
Рухани, мәдени саламыздың дамуына, жеке адамның сапалық қасиеттері дамуына, сонымен қатар еліміздің өзге дамыған мемлекеттермен бәсекелестікке түсуіне білімнің ғана құдіреті жетеді. Осы орайда оқу орнының материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілуі маңызды. №13 орта мектебінде бұл бағытта физика, химия, биология кабинеттері заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Ал білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өрт қауіпсіздігінің алдын алуда сигнализация бар. Қауіпсіздік дабыл қондырғысы аудандық полиция бөліміне қосылған. Мектепте 32 бейнебақылау орналастырылса, оның 11-і сыртқы бақылау, 21-і ішкі бақылау жұмыстарын көрсетеді. Бейнежазбаның сақталуы 30 күннен кем емес. Мектептің кіре берісінде турникет қойылып, 1 рамалы темір іздегіш жасақталған. Және «Памир» күзет агенттігімен жыл соңына дейін келісімшарт жасалып, күзетші жұмысқа алынды.
Оқушылар игілігі үшін бір мезгілде 90 оқушыны ыстық тамақпен қамтуға мүмкіндігі бар асхана жұмыс істейді. Жалпы 270 оқушы ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Мектеп кітапханасында кітап қоры да жеткілікті. Оқушылар 100% оқулықпен тегін қамтылған.
Балалардың жаз мезгілін тиімді әрі көңілді өткізу мақсатында өткен оқу жылында мектеп жанынан ұймдастырылған күндізгі лагерьге 60 бала, «Қамбаш» оқу-сауықтыру орталығына 35 бала барса, кәсіподақ есебінен 4 бала жазғы лагерьге барды.
Бүгінде мектепте жұмыс істейтін мектеп директорынан бастап 5 мектеп директорының орынбасары, 2 педагог-шебер, 15 педагог-зерттеуші, 24 педагог-сарапшы, 30 педагог-модератор және 12 педагог қызметкердің мектеп болашағы үшін үлесін жай сөз жеткізе алмасы анық. Сонымен қатар кітапханашы, психолог, әлеуметтік педагогтар мен медбикелер білім алушылардың жеке қасиеттерімен толық танысып, оларға көмек қолын созуға әрдайым дайын. Аудандық, облыстық, республикалық, одан қала бере халықаралық дәрежедегі бәсекеге қабілетті оқушылардың еңбегі мен сапалы білімі, саналы тәрбиесінің артында осы ұстаздардың маңдай тері тұр.
Атап айтсақ, 2023-2024 оқу жылында мектеп түлектерінің ҰБТ-дан орташа балы 80,35 балды құрап, 39 оқушы мемлекеттік грантпен оқуға түсті. Оның ішінде, «Алтын белгімен» бітірген түлектер республиканың іргелі оқу орнының студенті атанса, «Үздік аттестатпен» бітірген 4 оқушы да қалыс қалмай, мектеп абыройын асқақтатты.
Аида Абатова Қ.Бітібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен оқушылар олимпиадасының республикалық кезеңінен 3 орын иеленсе, Қызылорда облысының білім басқармасының «Дарын» облыстық қосымша білім беру орталығы мен «Зерделі» ақыл-ой дамыту мектебі» ЖШС ұйымдастыруымен 10-11 сынып оқушыларына арналған ҮІ «Алтын түлек» республикалық математика олимпиадасының республикалық кезеңінде Н.Құрманғалиева 1 орын алып, Қорқат ата университетінің грант сертификатына лайық деп танылды. Осы сайыста Р.Қожахметов 2 орын, А.Абатова алғыс хатпен марапатталып, ұстаздар мерейін өсірді.
Халқының мүддесін өз мүддесінен артық қоятын, адалдық, бауырмалдық, адамгершілік сынды асыл қасиеттерді бойына жинай білген тәрбиелі ұрпақ тәрбиелеу – барлығымыздың борышымыз. Осы мақсатта жұмыс істеп, алғаш мектепке имене қадам басқан оқушыларды бастауыш сыныптың білікті мұғалімдері Гүлжан Жарменова, Жамила Сұлтанмұратова, Нұржамал Алдоңғарова қарсы алса, жоғарғы сыныпта екінші ана болатын Рая Ибрашева, Қарлығаш Раханова, Ақзираш Диханова, Мағрипа Нұрбаева, Қайсар Өтембетов, Жібек Досжанова сынды ұстаздардың орны ерекше. Ал тәрбие, оқу ісі, бейіндік жөніндегі мамандар Жанбота Баймұратова, Лаззат Сатыбалдиева, Жұмагүл Қосымбаевалардың арқасында мектеп аудандағы білім нәрімен талай шәкіртті сусындатқан қарашаңыраққа айналып отыр.
Қaзіргі Қaзaқстaн жaғдaйындa мемлекеттік сaясaттың мaңызды бaсымдықтaрының қaтaрынa бaрлық aдaмдaрдың білім aлу құқықтaрының теңдігі жaтaды. Білімнің қолжетімді болуын қaмтaмaсыз ететін aлғышaрт – инклюзивті ортa. Инклюзивті білім берудің зaмaнaуи міндеті интеллектуaлды дaмуды, психофизиологиялық жəне жеке-дaрa ерекшеліктерді ескере отырып, хaлықтың бaрлық деңгейі үшін білім aлуғa тең қолжетімділікті қaмтaмaсыз етуді қaрaстырaды. Осы тұста 2021 жылы мектеп жанынан психологиялық-педагогикалық қолдау кабинеті ашылды. Арнайы педагог мамандар оқушылардың ой-өрістері мен ойлау қабілеттерін жетілдіріп, толыққанды азамат дәрежесіне жеткізу мақсатында әлеуметтік бейімдеу, түзете-дамыту, диагностикалық, кеңес беру және ағартушылық, әдістемелік бағыттарында жұмыс жасайды. Онда қазіргі таңда ерекше білімді қажет ететін оқушымен жеке және топтық жұмыстар жүргізіліп келеді.
Қай жағынан да қарқынды дамып жатқан заманда ғылым мен білімсіз өмір жоқ. Осы ақиқат уақыт өткен сайын дәлелдене түсуде. Өнер-білімі бар, мәдениеті жоғары елдермен тереземіз тең түсу үшін біз де білімге көңіл қоюымыз қажет. Өйткені адам мен адамды, ел мен елді теңестіретін – білім. Тарихы кемел, руханияты биік білім ордасының алар асуы әлі алда. Талай ұрпақтың көкірек көзін ашқан білім ордасының атауы тарих сахнасында алтын әріппен жазылары хақ. Оған менің де, сіздің де сеніміміз мол.
Г. МЫҚТЫБАЙҚЫЗЫ
05 қазан 2024 ж. 119 0