Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыбайластық сенімнен айырады

Сыбайластық сенімнен айырады

Қазіргі уақытта елімізде сыбайлас жемқорлықпен күрес қарқынды түрде жүріп жатыр десе де болады. Қоғамның ең қауіпті дерті саналатын сыбайлас жемқорлықты жүгендеуге Қазақстанның әрбір азаматы үлес қосуға мүдделі екенін айтсақ та, бұл жолдағы бармақ басты, көз қыстылыққа әлі де шектеу қоя алмай келеміз. Қазіргі таңда елімізде сыбайлас жемқорлық сипатына ие көптеген заңсыздықтар анықталып, оған қатысты қатаң үкімдер де қарастырылып келеді. Сонда да өзгенің басындағы қиын жағдай мен тағдыр шешті мәселелер өзгелерге сабақ болмай келе жатқан тәрізді. Қазір ебін тауып, екі асауға бейім тұратын жандар жоқ емес. Әсіресе мемлекеттік қызметке келгенде қолындағы құзыреті мен қызметін асыра пайдаланып, заңсыз әрекеттерге жол беріп жатқан азаматтар баршылық. Соның кесірінен экономикалық даму төмендеп, еліміздің барынша өсуіне, халқымыздың игілігіне барын салуға дайын азаматтардың пайдалы, керекті бастамалары жоққа шығарылуда. Әсілінде бұл қазақ таңдаған жол емес. Біздің дамыған, бай елдердің қатарына қосылуымызға еш кедергі болмауы керек. Ол үшін бізде керектінің барлығы бар. Тек әлгіндей сыбайлас жемқорлыққа жол беріп, халық қазынасына қол сұғатындардың қатары сиресе дейміз.
Пара алмау, пара бермеудің басты қағидаларын әрбір Қазақстан азаматы жете ұғынса еліміздің даму үдерісі ілгерілей бермек. Сондықтан бұл мәселеде әрбір қазақстандық елінің болашағын ойлап, былық істерден аяғын тартып жүрсе дейміз. «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ!» деген сөзді құр ұранға айналдырмай, барлығын іспен дәлелдейтін кез жеткен сияқты. Сондықтан бұл кеселге бір ауыздан қарсы тұрып, оны жоюда бір жұдырық болып жұмылғанымыз абзал.
Р.ҚАРАУЫМБЕТОВ
Райым ауылдық округінің әкімі

11 қазан 2024 ж. 46 0