Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Осы жұрт Әйтекеңді ұмытқан ба?

Осы жұрт Әйтекеңді ұмытқан ба?

Ол жайында айтатын әңгімелер көп-ақ, бірақ айтылмай ұмытылып бара жатқан сыңайлы. Ол имандылық жолын мықтап ұстанған, ауызы дуалы, дұғалы дін адамы болатын. Ол кітап ашып көптеген сырқат жандардың сауығып кетуіне шапағатын тигізген, салған демі қабыл, ішірткісі ем, білімі бірегей жан болатын. Өз кезінде аяқ жетер жердегі одан мықты болмаған-тұғын.
Есім-сойы Аймағанбет Айтмағанбетұлы, былайғы халық арасында Әйтіш молда атанған. Арал, Шалқар өңірінде талайларға шерепеті тиген оның шежіресі былайша таратылады. (Мұны кезінде оның баласы Зияғаладин Қояновтан алған болатынбыз).
«Бәйімбет – Бадық – Сәйке – Қазбамбет – Шыңғыс – Еділбай – Әлсейіт – Айтмағанбат (Қоян молда) – Аймағанбет. Айтмағанбеттің кемпірі Елеу – наурыздың боздағы, одан бес бала: Құрманәлі, Есенәлі, Үргенішбай, Баймағанбет, Аймағанбет (ең кішісі).
Айтмағанбет – аққұба, кіші қол, үлкен дұғалы молда болған, пері байлаған. Жеңгелері Аққоян адам деп, Қоян аталып кеткен. Кітаптарын бес баланың кішісі Аймағанбет меңгеріп пайдаланған, әке дұғасының үштен бірін білген.
Көшен (Көшмағанбет) бір жарым жасында әкесі дүниеден өтіп Аймағанбет баланы қолына алған, тәрбиелеп өсірген. Шешесі Қатира – назарша руынан».
Бір ойлантатын жай, бүгінгі күні Аймағанбет (Әйтіш) туралы айтатындар азайып кетті. Осы бір жазбаны қолға алудағы мақсат: ұмытыла бастаған кей оқиғаларды еске түсіріп діндар әрі емші адамның ерекше қасиетін еске түсіру болатын. Ол үшін қазіргі уақытта Бестамақ станциясында тұратын Әйтекеңнің қызы Әлима Үргенішбаева, оның баласы Имамадин Аймағанбетұлы және келіні Зербалақ Саймағанбетқызымен жүздескен болатынбыз. Олар өздері білер жайларды еске түсірді.
Сонымен... Аймағанбеттің әкесі Айтмағанбет діни білімді, дұғалы адам болған, пері байлаған. Анау Сыр бойындағы үлкен ғұлама Тәжімбет ахунмен тұстас, екеуі де шәкірт тәрбиелеген жандар екен. Мінезі салмақты, қай нәрсеге де сабыр сақтап, терең ойлап шешім қабылдайтын оған бірде сапардан қайтқанда екі пері қыздары жолығады. Қыздар Айтмағанбеттің атының тізгініне оралып, үзеңгісінен жібермей, ғашықтықтарын айтумен болады. Былайынша ашуға берілмейтін салмақты жан қанша шыдағанымен аналардың әрекеті шектен шығып кетеді. Ақыры қатты ызаланған Айтмағанбер екі қыздың шаштарынан бір-біріне байлап, естері танғанша қамшысымен сабайды. Олар: «Енді сенің жеті ұрпағыңа дейін жоламаймыз» дегеннен кейін босатады. Пері қыздарынан осылай құтылады.
Тағы бір дерек Үргенішбай қызы Балтан біздің жақын жеңгеміз болды. Құлыш баласы Шәріптің жұбайы. Сол жеңгеміздің балалық шағын еске алып: «Үйде кішкентай кезімізде әр түрлі ойын ойнаймыз. Сонда атамыз (Айтмағанбет) біздерге ештеңеден қорықпауды ескертеді. Ол кісі сыртқа кеткеннен кейін бөлмеде ақ киімді бір адамның жүргенін байқайтынбыз, әлгіндей ескертуден соң одан қорқа қоймаймыз.» Бұл айтылғандар Айтмағанбеттің тегін адам болмағанын көрсетеді.
Ендігі бір дерек оның жылан арбағаны туралы. Бірде киіз үйдің шаңырағына құйрығымен оралған қара шұбар жылан Айтмағанбетпен арбасады. Арбасуда кім қарсыласының есімін атаса, сол жеңеді. Ұзаққа созылған егесуден кейін Айтмағанбеттің денесі ісіне бастайды, сосын ол: «Ілгегімді ағыт!» дейді. Сол кезде жылан сылқ ете жоғарыдан құлап, жаны шығып кетеді. Жыланның аты Ілгек екен.
«Пері ұстаған, пері байлаған» деген сөздің үлкен мәні бар, кез келген адам оны істей алмайды, діни білімі жетік, оны оқумен қайтара алатын жандар ғана мұны меңгерген. Ондай оқуды білетіндерге тылсым күш иелері әуелі алаулаған жалын болып келеді, оны қайтарса, топан су болып келеді, мұны да қайтарса, жыртқыш аңдар арыстан, жолбарыс, бөрі бейнесінде келеді, егер білімі жетіп мұны да қайтара білсе, сонан соң перілер бұған бағынышты болады.
Айтмағанбеттің тұрақтаған ата қонысы – Көлқора. Бұл әйгілі жазушы Ә. Нұрпейісовтың «Қан мен тер» романында суреттелетін аймақ. Беларанның кезеңі, еңестегі Көлқора, құрлыққа еміне еніп жатқан теңіз, Алыстан мұнартып көрінетін Қаратүп бала Аймағанбеттің жасынан танып өскен жерлері болатын.
Аймағанбет Айтмағанбетұлы 1896 жылы осы өңірде дүниеге келген. 1985 жылы өзі туған аймақта дүниеден озды. Айтмағанбет Тәжімбет ахунмен ниеттес, дін сабағын балаларға үйретумен шұғылданды. Сыр бойындағы мешіттердің біріне баласы бес жастағы Аймағанбетті дәріс үйренуге береді. Алғашында бала мешіттен ерте қайтып кетеді, себебі әлгі оқу орнындағы пері қыздары сабақ оқытпайды, кедергі келтіреді, кітап, дәптерлерін шашып жіберетін болады. Бұл жағдайды әкесіне айтқанда ол:
– Сен олардан қорықпа, айбат көрсет, айқайлап қуып жібер, сүйтіп оқу құралдарыңды жинап ал! – дейді.
Бала әкесінің айтқанын істеп, пері қыздарына айбат көрсетіп, айқайлап қуып жіберетін болады. Сонан соң кітап, дәптерлерін жинастырып, сабағын жалғастыратын болды. Олардың өзін қуып жіберетін.
Дін жолындағы бұл оқу кейіннен ұзаққа созылады. Сауатын ашып, араб әліпбиін меңгергесін он жеті жыл ізденіс жолында болады. Осынша уақыт басқа жерлерде болып, білімін жетілдіреді, отыз жасты орталаған кезде елге оралады.
Бұл уақытта елде кеңес өкіметі орнап, ұжымдық шаруашылық ашу, халық арасындағы зиялыларды, дін өкілдерін қуғындау жүргізіліп жатқан. Байлардың дүние-малын конфескілеп, жер аударып, сауатсыздықты жою жұмысы іске асырылып жатты Белсенділер, кеңес өкіметі өкілдері ескіше арабша оқитындарды сауатсыздар қатарына жатқызды. Қатал ұжымдастырумен бірге қолдан жасалынған аштық та жұртшылық арасын жайлай бастаған. Халық қиыншылықта өмір кешуде еді.
Былайғы көпшілік: «Айтмағанбеттің тұқымы қатар отырса, араларынан жел өтпейді» дегендердің айтқаны бекерге айналды. Қаншама жаннан, үбірлі-шүбірлі, қоралы әулеттен Үргенішбайдың кемпірі Қатира және екі баласы, қызы Балтан, ұлы Көшмағанбет ғана тірі қалыпты. Қалғандары о дүниелік болған. Тіршілік етіп күн көру өте қиын еді.
Елге оралған Аймағанбет ана үшеуіне бас болып, бұрынғы үйлерінде тұрады. Екі бөлмелі үй. Ағайын-туғанның да бір-біріне қарасар шамасы жоқ, тұрымтай тұсына, балапан басына деген кез еді. Көлқорадан теңізге ау салса, өт қаппайды, асымдық алудың өзі қиынға айналады. Аштықтан бұратылып өліп жатқанда, көршілері де «бұлар ұзаққа бармас» деп ойлаған екен. Осы кезде қарындасы Балтанның істеген қолөнер бұйымдарын сатып нан тапқан кездері де болды. Көп ізденіп, дін оқуын меңгерген Аймағанбет бес уақыт намазын, оразасын еш уақытта тастамайды, өз жолынан айнымайды. Барлық ауыртпалық оның иығына түседі. Жаңа өкімет молдаларды, ишандарды, ахундарды қуғындап, атып-асып жатыр, бұл жасырын намазын жалғастырып, анық жолдан ауытқымайды.
Бірде намаз оқып жатса:
– Кім бар-ау? – деген дауыс шығады. Намазын бітіріп, келгендермен сөйлессе, Сыр жақтан келген балықшылар екен. Олар бұған:
– Сен бізге үйіңнің бір бөлмесін бер, біздер балық аулаймыз, саған күнделікті асымдығыңды беріп тұрамыз, – дейді.
Бұған Аймағанбет келісіп, үйдің бір бөлмесін босатады, балықшылар сонда орналасады. Уәде бекітіледі.
Ертесіне теңізге салған ауына барса, майлықтан тартып шығара алмайды. Су астынан бірдеңе ілген шығар деп, әрі сауып ішіп отырған сусыны, әрі балық аулауға мініп жүрген көлігі қара нарды пайдаланып, ауын шығарады. Сүйтсе аудың әр көзін тыран басып тастаған екен, күнде ештеңе ілінбейтін ау құралы ғой. Қара нармен үш рет қатынап, балығын тапсырады. Үйінің берекеті кіріп, азығы молая түседі. Кейінірек өзі: « Сол келген балықшылар менің отбасыма келген Қыдыр болды,» деп үнемі айтумен кетті. Көлқорадағы ағайындар арасынан сол күні ағасы Құдайбергеннің кемпірі Нағима бір кесе бидай әкеп береді, оның да шамасының жеткені-дағы.
Жасы қырыққа таянғанда андағұл ішіндегі азынабай Құлыш қызы Мәзбен бас қосады. Қарындасы Балтан Мәздің інісі Шәріпке ұзатылады. Қазақтың дәстүр-салтындағы қарсы құдалық деген осы болатын. Осы жанұядан көптеген бала дүниеге келсе де, соның үшеуі ғана ғұмыр кешіп қалғандары жастай шетінеп кете берген. Олар: Батыма, Мүмин, Әмин, Нызамадин, Қожағали – Мұсағали (егіздер), Сәлима. Тірі қалып, ғұмыр кешкендері: Әлима, Имамадин, Рүстем. Соңғысы бүгінгі күні келместің кемесіне мініп кеткен. Осынша қиыншылықты басынан кешірсе де Аймағанбет ешбір мойымайды, болашақ үшін күресуін тоқтатпайды. Мұның барлығы тағдырдың жазуы, Алланың сынағы деп түсінеді.
Балық аулау ұжымдары өздеріне мүшелер тартып, ұжымдық аулауға көшкенде Аймағанбет солардың қатарына кіргізіледі. Ау салады, жылым тартады. Мұнда да бес уақыт намазын тастамайды.
Осында жүргенде әрі сауып, әрі көлік қылып отырған жалғыз нары арам өледі. Ұжым адамдарына ет керек, баршасы нарды сойып алысып, бұған да ет береді. Арамға жоламаған Аймағанбет бас тартады. Ұжшар мұшелері:
– Кімге сенесің, аштан өлесің ғой, - дегендерін тыңдамайды, өз ұстанымынан айнымайды. Көпшілік арасында кейде балық асылып жатқан қазанға балықшылардың тұтынып отырған заттары жайып қойған ұлтарақ, шұлғау секілділер түсіп кетеді, мұны көрсе Аймағанбет тамақ жемейді. Намаз оқитынын білетіндер жоғарғыларға жеткізеді. Сол жылдары Ажаев деген бастық болған, ол келеді дегенде жылап отырған бала жұбанады екен. Ол да естиді, сосын:
– Ол намаз оқығанда, басқалар жұмысын тоқтата ма? – деп сұрайды.
– Жоқ, тоқтатпайды, тек өзі оқиды.
– Ендеше оқи берсін. Ажаевтің өзі де мұны бақылап жүріпті. Бірде ол:
– Әйелім босана алмай толғатып жатыр. Сенің көмегің керек, – деп келеді. Бастыққа еріп барса, әйел қатты қиналып жатыр екен, шекпенінің етегімен қағып жібергенде албасты жөніне кетіп, шар ете қалған баланың даусы естіледі. Бұдан кейін Ажаев Аймағанбетті зор құрмет тұтатын болды.
Сыр бойындағы ұстазы Тәжімбет ахун жасы ұлғайып дүниеден өтер кезі жақындағанда, өзіндегі кітаптарын шәкірттеріне бөліп бере бастайды. Ахун ем жүргізетін кітабын сұрағандарға:
– Мұның иесі сендер емессіңдер, теңіздің арғы бетінде, – деген екен. Сол кітап Аймағанбетке беріледі. Енді кітап ашып адам емдейтін болады, олардың болашағы жайында да біліп отыратын. Осы тұста Аймағанбет есімі ұмытылып, халық арасында Әйтіш молда атымен белгілі болады. Әуелі Шығанақтағы кейіннен Құландыдағы үйлерінен адам арылмайды. Небір түрлі көтеріліп ауырғандар немесе балалы бола алмай, нәрестесі шетіней бергендер көп келеді. Әйтекең оларға қанша күн емдейтінін айтып, емдеп жазады. Оның кітап ашып емдегенінен кейін балалы болады, әлгіндей сырқаттарынан жазылады. Басқалар біле бермейтін, тек Аллаға аян жайлар кітапқа түседі, оны Әйтекең келушілерге жеткізеді.
«Пәлен жасқа келгенде, қатер бар, сонан өтсең, маңдайыңа шаң тимейді,» десе болғаны, әлгі жанның басынан осы жағдай өтеді. Адамның мұрнының қанағаны, басының немесе әлдебір мүшесінің ауруы қатерге есептеледі. Сондайда сақтана білу керек. Үй ішінде отырғанда Әйтекең:
– Ал, дайын отырыңдар жолаушы келе жатыр, шайын беріп, жағдайын жасаңдар, олар мүсипаттылар ғой, – дейді. Бала-келіндері келушілерді күтіп алады, жазда самаурынға қояр, қыста қазанға қайнатар суы, басқа жабдықтары отыны сақадай сай болады. Түннің бір уағында, таң алдында келсе де осы жай оларға жасалады. Сонан кейін науқасты қарау басталады. Еліріп, ешкімді тыңдамай, қасындағыларға десте бермегендер молданың алдына келгенде қойдан жуас бола қалады.
Бірде Әйтекең қой кезегіне кетеді. Сырқат әйелді әкелушілер күтіп отырса, науқас үй төбесіне шығып кеткен. Там онша биік емес, қамыспен жабылған, қой кезектен келе жатқан молданың бас киімі көрінгенде әлгі жерге секіріп түсіп моп-момақан бола қалады. Еш жеріне зақым келмейді. Бұл да жазылып кетті.
Кейде осындай ауырғандарды әкелушілер: «Жолда біздерді айқай-шумен жүргізбегендер болды. Сол кезде ауруымыз да еліріп кетті,» - деп айтқанда, Әйтекең: «Ондай кезде аспанға мылтық атыңдар, аурудың иесін солайша шошыту керек,» - дейтін.
Ілгеріректе Ақеспеден бір әйел жоғалып кетеді. Жақын ағайындардың іздемеген жері қалмайды. Із-тұзсыз кеткен жан табылмайды. Іздеушілер Әйтекеңе келіп жоқтарының жайын баяндайды. Әйтекең: «Алты айдан кейін өзі келеді, пері алып кеткен екен. Ол келгеннен кейін күйеуі қырық күнге дейін жанына жоламасын,» деп ескертеді.
Дәл айтқаныдай, тура алты айда бір күні кешкілік әйел үйіне келіп, ошақтағы отқа жылынып отырады. Алғаш көргендер қорқып, кейіннен не болғанын сұрастырады. Сонда ол: «Сендердің іздегендеріңді мен көріп отырдым. Маған тамақтың түрін әкеліп берді, жүзім бе, алма ма бәрі болды, бірақ жібермеді,» дейді. Төрт-бес күннен соң күйеуі төсектен бет-жүзі қисайып, аузынан көбік ағып тұрады да, ұзамай қайтыс болады. Бәрі Әйтекең ескертпесін орындамағаннан болады. Мұндайды пері салқынын салды деседі.
Өзінің жасы ұлғайған шағында қызы Әлимаға: «Сенің еншің осы» деп бір кітап береді. Баласы Имамадинге: «Осы кітаптарға түбі сен ие боларсың» деген екен. Кейінірек Әлима да, Имамадин де Бестамаққа көшіп келді. Әлима алған кітабын көптеген оқи алады деген адамдарға көрсетті, бірақ ешбірі оқи алмады. Тек Аяққұм жақтағы Боранбай деген адам оқыды, парсы тілінде жазылған екен. Қызы енші кітабын анда-санда алып қарайды, сипалап орнына қояды, бірақ оқи алмағасын амал не? Имамадинге басқа ортаға көшіп келгенде алғашында өте қиын болады. Әр түрлі жұмыстар істейді. Бір күні әкесі түсіне кіреді. Мұны түстен гөрі аян деген дұрысырақ болар. Әйтекең баласына сабақ үйретеді, содан бастап Имамадин кітап оқи алатын болды.
Әйтекеңнің баласы Имамадин тура әкесіндей кітап ашатын болады. Бұған келіп көрінгендер сырқаттарынан айығады. Тек кейінгі кездері денсаулығына байланысты жеңіл ауырғандар болмаса, басқаларына ем жасамайды.
Әлима әкесінің балаларына жасында намаз сабағын, араб әліппесін үйреткенін еске алады. Бұған сабақ үйретіп: «Кейіннен уақыты келгенде оқырсың» деген еді, сонысы Тәуелсіздік таңы атқасын іске асты. Бес уақыт намазын әке үйретуі есте қалып оқып кетті.
Балаларының ішінде Әмин өте зерек, бір айтқанды қағып алатын. Бірде ауылға заң қызметкері келеді, кездейсоқ Әминге жолығып қалған ол көп жайды біліп алады. Кімнің баласы, не істеп жүр, сабақ қалай өтеді, нені үйренген, осының бәрі айтылады. Сол жылы бұлардың қасында Әйтекеңнің жақын інісі Жаңатай басқарма еді. Оның әйелі Нәзипа Әмин милициямен сөйлескенде қасында болады, балаға ымдап ештеңе айтпа дегенмен ол түсіне қоймайды, білгенінің бәрін жайып салады.
Ертеңіне қайныағасының үйіне келген Нәзипа:
– Балаларға бұл оқуды үйретпе. Өзіңе де, бұларға да зияны тиіп жүрер, қазір дінді қолдамайды, басыңа пәле тілеп аласың, - деп ескертеді. Осыдан соң дін сабағы жүргізілмей қалады.
Ал інісі Әминді Әлима Жұрынға мектепке апарып тастайды, ол оқып жүріп суға кетіп қайтыс болады. Бірде Үргенішбай әйелі Қатира Мәзге: «Шай қойып жіберші,» деп сыпайы сөз айтады. Онда мұндай әдет болмайтын, келінін қатал ұстайтын. Мәздің ойына бірден інісі Шәріп түседі. «Сол әлденеге ұшыраған шығар» деп ойлайды, қорқынышын баса алмайды.
– Сен маған Әлиманы бересің бе? – дейді Қатира.
– Беремін.
– Ендеше мынау саған, – деп мойнына тағып жүретін кілттерді бере салады. Содан бастап Мәз отбасындағы барша жұмыстарға жауаптылығын алады. Кілт қолында болғандақтан, бар дүние иелігінде ғой. Үш-төрт жастар шамасындағы Әлима тамағына әлдебір шығу шығып ауырады. Тіпті өліп кете ма екен деген де қауіп болады. Кейінірек шешесі: «Сенің өміріңді тіледім, әйтеуір тілегіміз қабыл болды ғой» дегені бар.
Әйтекеңнің баласы Имамадин тура әкесіндей кітап ашатын болады. Бұған келіп көрінгендер сырқаттарынан айығады. Тек кейінгі кездері денсаулығына байланысты жеңіл ауырғандар болмаса, кейбіреулеріне ем жасамайды.
Аймағанбет келіні Зербалақ Саймағанбетқызы да атасы жайындағы естеліктерін ортаға салды. Бұл келін болып түскенде Имамадин байланыс бөлімшесінде істеген, қайнысы Зияғаладин кеңшарда мал дәрігері. Бірнеше жыл ата-ене қолында болып, солардың тәрбиесін көреді. Атасы үй ішінде өзінің білетіндерін балаларына айтудан, дін жөнінде насихаттаудан жалықпаған. Әдептілік, адамгершілік, қайырымдылық турасында мысалдар келтіріп айтатын әңгімелері әсерлі болатын. Атасымен шөп шабуға, отын әкелуге де барған Зербалақтың айтары көп.
Қайныағасы Көшмағанбет дүниеден өткесін атасы Имамадинді соларға бас-көз болуға жібереді. Зияғаладин үйленгесін бұлар өздері де мал бағуға шығады. Шығанақта талай жыл отырып кеңшарда жұмыс істейді. Ата-ене Зияғаладиннің әйелі Күләнның қолында болды.
Жасы келіп, дүниеден көшер кезі тақағанда балаларына: «Менің жаназама Тәжімбеттің баласы Жұманды шақырарсыңдар» деген болатын. Әке аманаты орындалып Жұман молда келді, өзі Әйтекеңмен қатар, мешітте бірге білім алған екен. Науқастанып жүрген, тек сүт ішеді, кейіннен ол да дүниеден озғанын есітеді. Тәжімбеттің немерелерімен Әлима байланыс орнатқысы келіп бірнеше рет талпынғанымен, соның орай келмей-ақ қойды.
Аймағанбет (Әйтіш молда) Айтмағабетұлы 1985 жылы қыс айында 89 жасында Құланды ауылында дүниеден өтіп, сондағы тума-туыстары, барша ағайындары жатқан қорымға қойылды.
Өтебай СЕРАЛЫ
15 қазан 2024 ж. 139 0