Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел жадында сақталған Оңғар Ахун

Ел жадында сақталған Оңғар Ахун

Қазақ топырағынан талай ізгі әулие, ишан, ахун, мағзум молдалар шығып, елге халыққа пайдасы тигеніне тарих куә. Ел мен жердің киесі саналатын бабалар жолы қашанда ел жадында мәнгілік сақталады.
Қазақтың дін ғұламалары діни-ағартушылық, имандылық, ізгі тәрбие қызметін шынайы адалдық пен бір Аллаға құлшылық жасап бүкіл ғұмырын дін жолына арнаған Тұрымбет ұлы Оңғар ахун 1844 жылы Қызылорда облысы, Арал ауданы, Қызылжар елді мекенінде дүниеге келген. Әкесі Тұрымбет 1858 жылы Хиуадағы қожайын Пахуаддиннің мешітіне апарып тапсырған. Ол жерде Оңғар ишан қожайын Пахуаддиннің баласы Кәмәл мағзумнан дәріс алады. Медреседе 7 жыл Абдул Мұхаммед қаридан дәріс алып, сол жерден ахун шатырхатын алып елге оралған. Ел арасында атақты шейх атанған, көзі қарақты әулие атанып елге пайдасын тигізген. Оңғар ахун елге келіп Сырдария жағасынан мешіт салып, балалар оқыта жүріп, жын тиген, жын кірген түрлі кеселдерді емдеген.
Үлкен абыз ақсақалдардың айтуынша, пері қаққан адамдарды пері басшысына арабша қағаз жазу арқылы кеселдерінен айықтыра білген. Оңғар ахун атадан үш ер баласы болған. Үлкен ұлы Сағададдин, ортаншысы Нұраддин, кішісі Бұрханаддин. Үш ұлы да дін жолында аянбай қызмет жасады. 1937 жылдары ишан ахун молдаларға қуғын-сүргін кезеңінде Сағададдин, Нұрадин ату жазасына ілінді. Ахундарды халық Құдайдың өз аймағына жіберген бір өкіліндей қабылдап құрметтеген.
Қолда бар мәліметке байланысты қысқаша өмір дерегіне тоқталар болсақ, Оңғар ахун қасиетті ислам дінінің имандылыққа уағыздайтын қағидаларын қазақы әдет-ғұрыптардың, салт-дәстүрдің табиғатымен біліктілікпен, көкірегі ашық, көзі ояу, барлығын да ұштастыра білген оқымысты ғұлама халықтын құрметіне ие болған адам. Ол 1912 жылы 68 жасында дүние салды. Мұның барлығы абыз ақсақалдарымыздың тағылымды көз көргендерден сұрап алынған мәліметі. Қазіргі таңда Арал ауданы, Райым ауылдық округіне қарасты Қызылжар елді мекенінде халық қолдауымен 1994 жылы қазан айының 25 күні Оңғар ахун атындағы мешіт пайдалануға берілді. 1994 жылдан 1997 жылға дейін Оңғар ұлы Бұрханаддин имамдық қызмет атқарып әке аманатын жалғастырды. Тарихта аты аңызға айналған бабаларымыздың тағылымды, өнегелі жолдары жас ұрпаққа үлгі болып қала береді.
Қ. ҚАБЫЛҒАЗИЕВ,
Арал аудандық орталық мешітінің бас имамы
27 қазан 2023 ж. 358 0