Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Дәстүрлі дінге дем берген

Дәстүрлі дінге дем берген

Қазақ даласында өмірін Ислам дініне арнап, туралық пен адалдықтан танбаған жандар жетерлік. Олардың өмірі, жүріп өткен жолы кейінгі ұрпаққа үлгі болуы керек. Сондай жандардың бірі Ермұхаммедұлы Талқанбай 1914 жылы Қарақалпақстан Тақтарал ауданында дүниеге келген. Жас кезінен мал шаруашылығы және егін шаруашылығымен айналысқан. Содан соң Қазақстанға қайтып, Қызылорда облысы, Қазалы ауданындағы Каукей елді мекенінде болған. 1939 жылы Қазалыдан Аралға қоныс аударған. Әкесі Ермұхаммед ахундық дәрежесін алып, діни білімін ел арасында ислам дінінің таралуына, халықты Алланың хақ жолында жүруіне ұйыстыра білген.
Ұлы отан соғысы жылдарында үкімет Талқанбай ақсақалды Ресейдегі Свердлов облысы, Волковстройға қызметке жібереді. Одан кейін Бокситогорсктегі №515, 517, 518 зауыттарында жұмыс істеген. Өзімен бірге аттанған жерлестері Картақов Қалмағанбет, Бисенов Сенбі, Көздібаев Бұзаубай, Елеусізов Ізбасар, Шәлтенов Ноғай осы кісілермен бірге соғысқа қажетті қару-жарақтар шығаратын зауытта жұмыс атқарған. Свердловск облысындағы Ревда қаласындағы №518 зауытының директоры Диюль 1943 жылы аралдықтарды марапаттап, Аралға хат жолдаған. Содан соң Арал халқы хатқа жауап ретінде сол жердегілерге екі тонна балық жіберген. 1947 жылы Ревда қаласында дүниеге келгендер, Елеусізов Отанбай Ізбасарұлы, Сәрсен Сенбіұлы Бисенов, Шәлтенов Ревда Ноғайұлы, Жұмагүл тағы басқалары ауылға аман-есен оралып, бұрынғы жұмыс орны госпроход мекемесінде жұмысын жалғастырған.
Госпроход мекемесінде жұмыс атқарып жүрген кезінде 270 келілік тай мақтаны арқалап вагоннан түсіру оны үлкен варжа қайықтарға тиеу жұмыстарын істеп жүріп, бес уақыт намазын қаза қылмаған және де жыл сайын келетін оразасын тұтып жүрген. Бұл діни ілімде жас кезінде өзінің әкесі Ермұхаммед ахуннан алған. Госпраход мекемесінен зейнетке шығып, 1983 жылы Арал қаласында мешіт ашып, сол мешітте бас имамдық қызметті 1994 жылға дейін атқарды. Мешітте балалар діни дәріс алды, халықтың діни сауатты болуына кейіпкеріміз Талқанбай ақсақал көп еңбек сіңірді. Өмірінің соңына дейін, яғни 2000 жылғы дейін халықты Алла жолымен адал жүруге үгіт-насихатын тоқтатпай, елге беделді, абыройлы абыз ақсақал ретінде дүниеден өтті.
Талқанбай ақсақалдың тәрбиесін алған көптеген шәкірттері, айтар болсақ, сол мешітте оқып шыққан жасөспірімдер қазіргі уақытта Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі мешіттерде имамдық және ұстаздық қызметтерін абыроймен атқаруда. Өзіміздің ауданда дін жолына баулыған бірқатар шәкірттері осы салада қызмет етуде. Олар әркез Талқанбай ақсақалдың кемеңгерлігін ардақтап, өздеріне үлгі ретінде мақтан тұтып жүреді. Талқанбай ақсақалдың өзінің жасына сай парасаттылығы мен адами қасиеті, оның өмірдегі өткізген ауыр еңбек жолы, діни жолдағы еңбектері кейінгі ұрпаққа мәңгілік үлгі болып қала береді.
Қайырхан ҚАБЫЛҒАЗИЕВ,
Арал аудандық орталық мешітінің бас имамы
20 маусым 2023 ж. 317 0