Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Адалдықтан айнымаған азамат

Адалдықтан айнымаған азамат

Арал топырағы талай перзенттің табанын қасиетімен сылап, қазақылығын бойына сіңірді. Расында да Аралдың табанына су кеткенмен, халқының жүрегінен кеңдік пен кемеңгерлік кеткен жоқ. Шүкір теңіз-ана қайтып оралды. Талай перзентке ризық болуда. Ол өз алдына. Осы топырақтан нәр алып, туған жердің қасиетін бойына дарытқан талай перзент кең байтақ қазақ даласының әр түкпірінде қызмет етуде. Арасында әр түрлі саланың жетекшілері мен жілігін шағып, майын ішкен майталмандары да бар. Асыл дінімізге қызмет етіп жүрген жандар қаншама?! Сондай жандардың бірі де бірегейі – Арал топырағында туылған Нұрбек Ауесханұлы Есмағанбет.
Текті әулеттің ізін жалғар ізбасар ұрпағына айналған ол 1977 жылдың қысында осы Арал ауданында дүниеге келеді. 1997 жылы Алматы қаласындағы Ислам институтын тәмәмдап, Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданындағы «Құнанбай қажы» мешітіне бас имам болып тағайындалады. 2005 жылы «Дарын» университетінің «Тарих және география» факультетін бітірген. 2007 жылы Алматы орталық мешітіне наиб имам, 2009 жылдың 10 шілдесінен бастап ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі хазреттің бұйрығымен ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі және «Иманғали» мешітінің бас имамы болып абройлы қызмет еткен. 2012 жылы ҚМДБ-ның "Зекет" қорының атқарушы директоры, 2013 жылдың 18 қаңтар күні Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі хазреттің шешімімен Алматы қаласының бас имамы болған. 2018 жылдың 19 қаңтарынан бастап Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы хазреттің шешімімен ҚМДБ-ның Дін істері және талдау бөлімінің меңгерушісі болып қызмет етуде.
Еңбекқор әрі жоғары іскерлік қабілетке ие маман әріптестері мен жамағаттың алдында да сыйлы әрі мәртебелі. Дінге қызмет ету әлбетте сауапты істердің қатарында. Әрине осы қастерлі де қасиетті ұғымды теріс пиғылдарына пайдаланып, дін атын жамылып жүргендермен күрес қызып тұрған қазіргі уақытта адасқанның айыбын кешіп, тура жолға сілтеп жүрген осындай жандардың адамдық болмысы аласармайтыны айтпаса да түсінікті. Кейіпкеріміз асыл дінімізге көптеп қызмет еткен жандар қатарынан. Бұл жолды бұдан әрі де жалғастыра бермек. Бір ғана мысал, оның ТМД елдеріне танымал болған azan.kz порталының дамуына үлкен үлесін қосқан азамат екенін бірі білсе бірі білмес. Бұдан басқа да жеткістіктері мен еңбектері бір шоғыр.
Айталық, 2005 жылы Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы әкімінің Құрмет грамотасымен, 2007 жылы Қарағанды облысы әкімінің Құрмет грамотасымен және осы жылы Қарқаралы ауданы әкімінің және 2011 жылы Атырау облысының әкімінің Алғыс хатымен марапатталған. Бұдан бөлек, 2009 жылы Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі хазреттің Алғыс хатына ие болған. Сондай-ақ «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл» мерекелік медалімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл» медалімен және 2015 ж. «Ерен еңбегі үшін» медалін иеленген. 2018 жылы Алматы қаласының әкімі Б.Байбектің Алғыс хатымен марапатталды.
Қызметтен бөлек отбасында да адал жар, жақсы әке бола білген кейіпкеріміз көп балалы жанұяның бетке ұстар бәйтерегі, мақтаныш етер мәртебелісі. Қазірде жақсы әкенің тәлімінен қуат алған 8 перзенті жарасымды жанұяның бар байлығы. Аялуы жары Жазира да отағасымен бірге тіктеген шаңырақтарының мәңгілік маздайтын шырағданына айналып отыр. Бұл жанұяда жылылықтың желі есіп тұрады. Мұның барлығы жайлы өмір мен жарасымды тұрмыстың жақсы көрінісі болса керек. Мұндай сипатқа ие отбасының мерейі таси береріне сенеміз.
А. ҚАРАСАЙ
16 қазан 2021 ж. 800 0