Жанназар ишан мешіті
Ауданның Қамбаш стансасындағы көшелердің бірінде қарапайым бір үй тұр. Бұл – Жанназар ишан мешіті. Үй тарихи маңыздылығына сәйкес Қазақстан Республикасының «Тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтау және қорғау туралы» Заңына сәйкес ескерткіштер тізіміне енгізіліп, мемлекет қорғауына алынған. Мешіт Арал өңіріндегі ең алғашқы, Қызылорда облысы бойынша екінші мешіт болып есептеледі. Аудандағы ең көне деп есептелетін Тілеулес ишан, Нұржан ишан мешіттерінен де бұрын ашылған. Мешіттің ескерткіштер тізіміне енгізілуі де осы тарихилығына байланысты.
Мешітті 1904 жылы Жанназар ишанның ағасы атақты Қожаназар ишан тұрғызып, інісі Жанназар ишанға табыстаған. Қожаназар ишан 1854 жылы туып, 1917 жылы қайтыс болған. Ол заманында ел ішінде қасиетті Ислам дінін насихаттаушы ірі дін өкілі болған. Сыр өңірінің көптеген жерлерінде мешіттер ашқан. Қажылық сапармен Меккеге үш рет барған. Қожаназар ишан да, Жанназар ишан да атақты Орақ батырдың немерелері. Орақ батырдың үлкен баласы Артықбайдан Қожаназар, екінші баласы Арланбайдан Жанназар туады.
Арланбай баласы Жанназар ишан Кіші жүз Әлімнен тарайтын Қаракесек руынан, оның Жақау аталығынан. Ол 1878 жылы Қазалы ауданының Арықбалық деген жерінде дүниеге келіп, 1974 жылы 96 жасында Ақтөбе облысының Алға ауданына қарасты Табантал деген жерде қайтыс болған. Зираты сол елді мекенде.
Жанназар мұсылманша жоғарғы білім алған, Бұхарада оқыған. Ишан 1943 жылы Ақтөбе қаласында бір туысқаны қайтыс болып, соның жаназасын шығаруға барады. Бұл кезде кеңестік идеология ишан, молдаларға қырғидай тиіп, көпшілік Ислам дініне беттей алмай жүрген. Сол кезде Ақтөбеге Уфадағы Одақтық дін басқармасының бір уәкілі де келіп жатады. Әлгі уәкіл Ақтөбенің мешітінде көпшілікке қарап: «Мына мешітке кім имам болады, іштеріңде имам болуға лайықты адам бар ма?» деп сұрайды. Сонда бір кісі тұрып: «Кеше бір жаназаға қатысып едім, сырттан бір кісі келіп жаназасын шығарды, өте сауатты адам сияқты» дейді. Уәкіл Жанназарды шақырып алып, білімін тексеріп, риза болады. Жанназарды Ақтөбе қаласының мешітіне бас имам етіп, бекітіп кетеді. Содан ол 1960 жылға дейін, 17 жыл бойы Ақтөбеде бас имам қызметін атқарады. Қожаназар ишанның тірі кезінде Қарақұмда бір бай өліп, жаназасын шығаруға Қожаназар Жанназарды жібереді. Бірақ мініске ат табылмай, Жанназардың түйеге мініп баруына тура келеді. Жанназар түйеге мінгенін қомсынып, басына ораған сәлдесін қоржынына салып, ноғай бөркін киіп алады. Қожаназар Жанназарды тоқтатып: «Мақсым, басыңнан сәлдеңді тастама» дейді. Бірақ Жанназар Қожаназарды тыңдамай сәлдесін қоржынға салып, бірақ бөркін киіп ала береді. Осы жағдай үш рет қайталанады. Ақыры Жанназар бөрікпен кете береді. Келе жатса жолда бір әйел жаңбырдан қалған қақтан су алып отыр екен. «Жеңгей, мына су лас, алуға болмайды» десе, әйел үндемейді. Сосын Жанназар түйемен суды кешіп, лайлап жібереді. Сонда әйел: «Аузыңды құдай кептіргір» деп қарғайды. «Егер сәлдем болса бұлай қарғамас еді» деп ойлайды. Сөйтіп ол Қарақұмға жақындайды. Ауыл адамдары мақсым келе жатыр деп қарап тұрады. Бірақ "келе жатқан адамның басында сәлдесі жоқ, бұл мақсым болмады ғой" деп үйлеріне кіріп кетеді. «Басымда сәлдем болмағасын осымен екі рет көңілім пәс болды-ау» деп ойлайды Жанназар. Байдың жаназасын шығарып, көп мал алып ауылға келеді. Келгесін Қожаназар Жанназардан болған жайды сұрайды. Жанназар түгелдей айтып береді. Қожаназар Жанназарға көпшіліктің көзінше осыны үш рет айтқызып, ұялтады. Содан бастап Жанназар басынан сәлдесін тастамайтын болыпты.
Ишан Ақтөбеде бас мешітте имам болған жылдары барлық ауылдық жерлерде мешіттер ашқызып, бала оқыттырған. Ел ішінде қасиетті Ислам дінінің насихатталуына, халықты мұсылманшылыққа, адамгершілікке тәрбиелеуде үлкен жұмыстар атқарған. Ал мақсым, ишан дегендер – Ислам дінінде адамға берілетін ең жоғарғы атақтар.
Ал Жанназар ишанның Қамбаш стансасындағы мешіті өткен ғасырдың 40-шы жылдарына дейін жұмыс істеп, Кеңес өкіметінің солақай саясатының салдарынан уақытша жабылып қалған. Бірақ жергілікті халық мешіт үйін не бұздырмай, не саттырмай, оны киелі орын санап, тәуелсіздікке дейін аман сақтап жеткізген. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ишанның ұрпақтары Жарылқаған Асанов, Данияр Қосмамбетов сынды азаматтар бас болып, мешітке күрделі жөндеу жүргізіп, жаңадан бөлмелер қосып, қалпына келтірді. Бүгінде мешіт қалыпты жұмысын істеп, Қамбаштағы үлкен діни орталыққа айналып отыр. Жанназар ишанның Қайрош, Самиғолла, Хамидолла, Жамал, Тойдық, Роза атты ұл-қыздары болған. Олардан тараған ұрпақтардың көбісі бүгінде Ақтөбе облысында тұрады.
Сыр өңірінде алғашқылардың бірі болып қасиетті Исламның нұрын шашқан Арланбай баласы Жанназар ишан, міне, осындай адам болған.
Жақсыбай ТӨРЕБЕКОВ,
мәдениет саласының ардагері
Арал қаласы