Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Денесі бұзылмаған Орал баба

Денесі бұзылмаған Орал баба

Өткен бабаларымыздың ілім-білімі, ақыл-ой парасаты күні бүгінге дейін ел ішінде  аңызға айналған. Олардың қасиеттері мен кереметтерін, рухани болмысын зерттей отырып, еліміздің, ұлтымыздың рухын асқақтатуға, ұлттық санамызды оятып, тілімізді, дінімізді, салт-дәстүрімізді дәріптеу арқылы ұрпақтар сабақтастығын қайта жаңғырта аламыз. Жалпы біздер текті ұлттың ұрпағы екенімізді және біздің өткен бабаларымыз қараңғы, білімсіз, са-уатсыз емес, ілім-білімді жете меңгергендігінің арқасында әлем құпиясын танып, ғарыштық құпияларды түсіне алатын әулиелік қасиеттерді игерген. Мұндай қасиет осы Сыр өңірінен өткен бабабалрдың да бойынна табылған. Өмірдің қилы тұстарын болжап, халықы үшін бастарын бәйгеге тіккен сондай жандардың бірі – Сыр бойының перзенті «Орал баба», «Орал ахун», «Орал ишан» бабамыз. Сол бабамыздың әулиелік қасиетін, кереметін зерделеп, бүгінгі ұрпаққа жеткізуді мақсат тұттым.
Орал баба Қазбанбетұлы 1823 жылы Арал ауданы, Шөмішкөл елді мекенінде дүниеге келген. Он жасына дейін Қорқыт ата, Сах қожа, Айтуар әулие, Үргенішбай баба, Мәйек баба, Бәте ата, Нұрлыбай ата (софы ата), Жылкелді әулие (қара бақсы), Базар қожа, тағы басқа Сыр өңірінде аты аңызға айналған әулие-әнбиелер туралы аңыз-әңгімелерді тыңдап өскен. Ауыл имамдарынан, діни ағартушыларынан ілім алып, тумысынан зерек, білімге құштар бабамыз ұстаздарының ақылкеңестерімен алған білімін Бұқарадағы Көкілташ медресесінде жалғастырады.
Осы арада Көкілташ медресесіне тоқтала кетсек, ол Бұқарада XVI ғасырда салынған. Бір деректерде 1551-1575 жылдары Барақ хан мен Дәруіш хан тұсында ханның уәзірі салдырған десе, Қазақ ұлттық энциклопедиясында қазақ батыры, қолбасшы, Самарқанның әмірі Жалаңтөс баһадүр бабамыз салдырған деседі. Сыр өңірінен молда, имам, Дам молда, ишандардың көптеп шығуының себебі осыдан шығар. Қасиетті Мәшһүр Жүсіп «Көкілташ медресесін бітірген адам іліміне кереметі сай әулие, ақылына даналығы сай би, іліміне білімі сай Дам молда болып шығады» деген. Он жасында Бұқараға барып Көкілташта білім алып, ғылымда Ұлықпандай ғұлама негізін қалаған Самарқан, Бұқара, Орта Азия елдерінін ғұлама білгірлерімен елу жасына дейін иық тіресіп қатар жүрген.
асына дейін иық тіресіп қатар жүрген. Бабамыздың атақ-абыройы асқақтап тұрған шағында Самарқанның билеушісі елдін білікті білгірлерін жинап, бір сұрақтың жауабын сұрайды. Жер-жерден тәжік, өзбек, қазақ, қырғыз, қарақалпақ халқынан шыққан талай білгір ғұламалары билеушінің сұрағына жауап таппай дал болса керек. Ұстазы «Оралжан, осы сұрақтың жауабын сен бере аласың» деп билеушіге бабаны алып келеді. Сұрақ беріледі, жауап қайтарылады. Қойылған сұрақтың жауабы ханға ауыр тисе керек, хан ұзақ үнсіз қалып, бұл туралы ешкімге тіс жармауын ескертіп, күзетшіге шығарып салуын бұйырады. Мәнжайдың мәнісін түсінген ұстазы Орал бабаны билеушіге апарғанына өкініп, «Енді саған қауіп төнді, бекер апарған екенмін, сені өлтіреді, еліңе қайт» деп бір түннің ішінде түйеге кітаптарын артып, елге қайтарып жібереді. Шығарып салып тұрып бабаның зеректігіне, білімділігіне, даналығы мен бойындағы қасиетіне разы болған ұстазы: «Оралжан Бұқараның бүкіл ілім-білімін арқалап кетті-ау» деп айтқан екен.
Елге қайтып келе жатып жолда Хорезмнің жанында қос тігіп отырған діндар қарияның үйіне келіп демалады, жөн сұрасады. Бұқарадан қайтқан сапарын естіген қария: «Ал енді іліміңді көрсет» десе керек. Орал баба ілімдерін бірінен соң бірін баяндай бастайды. Ұзақ тамсана тыңдаған қария да құралақан болмаса керек. «Ілімің өте зор екен, бірақ қырағатыңды дамыту керек. Мен сенен ілім үйренейін, сен менен қырағат үйрен» деп қасында қалуға қолқа салады. Сонда бір жылдай қарияға ілім үйретіп, қариядан қырағат үйреніп елге оралады. Бұл жерде Орал бабаның жасы елуге таяп қалса да, ілімге құштарлығы, бар ғұмырын ілімге арнағаны байқалып тұр.
Орал бабаның елге келе жатқанын естіген өңірдің қария, ахун-ишандары жиналып, Қазалыдан үш күншілік жерден күтіп алып, той жасап, халық үлкен қошемет көрсетеді. Ел зиялылары «Қазалыдан бір үлкен мешіт салып берейік, сонда болыңыз» деп қолқа салады. Орал баба халыққа шексіз ризашылығын білдіре отырып, рұқсат сұрап, туған жері Шөмішкөлге оралады. Келген соң ағайын-туыстар жиналып, кірпіштен мешіт салып берген екен. Сол мешітте өмірінің ақырына дейін бала оқытып, елге шариғат жолының мәнмағынасы мен қыр-сырын түсіндіріп отырған. Сонымен қатар тұрмысы ауыр, күнкөрісі төмен және сырқаттанған жандарға жұмадан жұмаға дейін мешітке түскен садақадан «Шүлен қазан» таратып, өмір тауқыметінен қиналып, күйзеліп келген жандарға шариғат аясында ақыл- кеңестер беріп, дауласып келгендерге басу айтып татуластырып, қиын кезеңдерде елді сабырға шақырып отырған деседі.
Көктем. Мұз бұзылып, сең жүріп жатқан кез болса керек. Таң намазын асығыс оқи сала көйлекшең қолына ұзын арқан алып, атына жайдақ отырып, елтісінің дайындап қойған шайына қарамай асығыс шаба жөнеледі. Содан түске жақын оң иығының терісі сыдырылған, көйлегін қан жуған күйде үйіне оралады. Мұны көрген елтісі шошып кетіп: «Ойбай-ау, саған не болған, амансың ба?» деп сұрайды. Баба байсалды кейпінде шайын ішіп отырып: «Көлде бес-алты балықшы балық аулап жүргенде мұз бұзылып, сең жүріп, шаналарымен мұздың үстінде орталыққа ығып бара жатыр екен, соларды алып шықтым» деп келте қайырыпты.
Күндер өтіп ауылда бір қайтқан кісінің жылы беріліп жатады. Садақаға жиналған кісілердің ішінен бір адам әңгімесін бастайды: «Таң ата алтауымыз шанамызды сүйретіп, ау қарауға шыққан болатынбыз. Күн суық, мұз мықты, ауларымыздың бірін суырып, бірін салып жатқан кез еді. Аяқ астынан дауыл тұрып, алайдүлей болып, көлдің бетіндегі мұздар патырлап бірінен соң бірі бөліне бастады. Үстіміздегі ауыр киімді, жинаған балығымызды, құрал-саймандарымызды тастап, шананы сүйретіп, не болса да бірге болайық деп бір үлкен сеңнің үстіне жиналдық. Дауыл күшейіп, біз отырған сеңді көлдің ортасына қарай айдап барады. Аман қалмасымызды сезіп Жаратқанға жалбарынып: «Ақұдайлап, Бозқасқалап» келеміз. Бір кезде ақ көйлек, ақ дамбалды, атын жайдақ мінген біреу көлдің үстімен шауып келіп, арқанын шанамыздың басына құрықша тастады да, сүйрей жөнелді. Біздер шанаға жабыстық, қорқыныштан қарауға шамамыз жоқ. «Ақұдай, Бозқасқа, Ақұдай, Бозқасқа» деп бірімізден соң біріміз Жаратқанға жалбарынып, тоқтаусыз сиынып келеміз. Бізді сүйреп келе жатқан адамның атының тұяғы бірде суға тисе, бірде тимейді, шанамыз да суға батпайды. Сол тартуменен жағаға жеткізіп шығарды да, арқанды қалдырып шауып кетті. Аман қалғанымыға қуанып «ақұдайлап» үйге келдік деген кезде, ақсақалдардың ортасында отырған Орал баба «сол кездегі атаған құрбандықтарың, садақаларың, бозқасқаларың қайда, ұмытып кеттіңдер ме?» деп жейдесін шешіп, иығында арқан қажап, жазыла қоймаған жараның орнын көрсеткен екен. Артынша әлгі адамдар елге құдайы тамақ беріп, мұқтаж жандарға садақа таратыпты.
Бабамыздың бойындағы тағы да бір кереметі «телепатия», яғни алыстан сезу, көру қасиеттері болса керек. Құрбан айт кезінде шаларға малы, берерге дәні болмай қатты қиналып тұрған бір кісі қабырғада шаншылып тұрған тебен инеге көзі түседі. Садақам осы болсын деп тебенді алып мешітке келе жатып жолай біреу атын, біреу сиырын, біреу қойын жетектеп келе жатқанын көріп, «менің алып келе жатқан тебен инем ұят болар» деп жарты жолдан кері қайтып кетеді. Осы жайды алыстан сезу қасиеті арқылы байқаған Орал баба, адам жіберіп әлгі кісіні мешітке шақыртып алады. «Сіз Жаратқанның жолына тебеніңізді емес, ниетіңізді бересіз. Тебеніңізді мешітке қояйық, қызметі халыққа, сауабы сізге болсын» деген екен. Сол уақыттарда екі үйдің бірінде тебен ине бола бермейді. Ауылдастар қажет кезінде мешіттен алып, ұзақ уақыт пайдаланып тұрған деседі.
Осы орайда әкем Ерниязға атам Дәуметтің айтқан бір әңгімесі ойға оралып отырғаны. Мен туған жыл екен деп бастады әкем әңгімесін. 1903 жылы шілде айында Орал атаң қатты ауырып, төсек тартып жатып қалады. Күндіз ағайындар көңілін сұрап, түнде кезектесіп қасында күзетке отырады екен. Бірде баба ет жақын ағайындарын шақырып алып: «Мен ертең қой өрістен қайтып жұлдыз шыққанша ұзақ сапарыма аттанамын, сіздер сүйегімді өзім ұстаған мешітіме жақын маңға қойыңдар, жаназамды ұстазым келіп өзі шығарады, ол қанша күнде келсе де сол кісіге қаратыңдар» деп аманат етеді. Ұстазы Бекарыстан би ауылынан, бірақ сол кезде бір жағдайлармен істі болып, Қазалының түрмесінде жатыр екен. Отырған ағайындардың ортасынан бір адам: «Ақсақал, ол кісі қамауда жатыр ғой, шілденің аптабы соғып тұр, біз сізді қалай шыдатамыз» дегенде, «өзім шыдаймын, күтіңдер» деген екен. Баба ертеңіне өзі айтқан уақытында үзіліп, ағайындар іш дәретін алғызып, бетін жауып, оң жаққа шығарып, ұстазын күтеді. Күндер бірінен соң бірі өте береді, ағайындар қараң еткен адамды да, атты адамның да жолын қарап күтумен болады. Арада бірнеше жұма өткеннен кейін түн ортасында көлпөліне, су-пуына қарамай қопаны жарып келе жатқан бір адам көрінеді. Сөйтсе бабаның ұстазы түрмеден босап шығып келе жатқан бойы екен. Мән-жайды ағайындардан түсінгеннен кейін ұстазы дәретін алып, баба жатқан бөлмеге кіріп бетін ашып, денесін қараған кезде екі беті қызыл шырайы жүзінде, денесі бұзылмаған тап-таза, иіс-қоңыссыз күйде жатыр екен. Қарайған, көгерген жері жоқ, ұйықтаған адам кейпінде. Ұстазы көзіне жас алып, разы күйінде «Ай әулием, бүйтпесең Оралжан болармысың» деп басын шайқаған екен.
Осы орайда айта кететін бір жайт, әкелерімізден, көнекөз қариялардан естіген әңгімелер жанымызда жаңғырып тұрғандай бірінен соң бірі ойымызға оралып жатыр. Бұл біздің табиғатымызда бар құбылыс, мыңдаған жыл тарихымыз, шежіреміз, ауыз әдебиетіміз кітап болып басылып шықпаса да, атадан балаға қаймағы бұзылмай бүгінгі күнге жеткені дәлел.
Ел аузында «әулиенің денесі бұзылмайды» деген қағида бары рас. Бұл шынайы дәлелденген, баспа беттерінде жарық көрген таза ғажайып дерсіз. Осы орайда денесі бұзылмаған бірнеше әулиелердің өмір тарихын мысал ретінде келтіріп кетуді жөн санадым. Жаратылыстың бізге беймәлім құпиясы әлі де жетерлік. Солардың ішінде әулиелердің бойындағы күш-қуат, қайнар қасиеттері мен кереметтері, түпсіз терең құпиясы әлі де толық ашылып болған емес. Олардың осындай ерекшеліктері ел аузында, атадан балаға жеткен аңыз-әңгіме күйінде күні бүгінге дейін жалғасын тауып келеді. Мұндай тұлға бойында ерекше тылсым күш, жұмбақ қасиет дарыған адамдарды халқымыз «Әулие» деп қадір тұтқан.
Сонымен «Әулие» деген кім, бұл туралы исламда не дейді, соған тоқталып өтейік. «Әулие» – арабша «Уали», көпше түрінде «Аулийа» Алланың досы, Аллаға жақын тұрушы адам, Алланың қаморшылығындағы адам, Алланың мейірімі түскен адам» деген мағынаны береді. Қасиетті кітабымыз Құранкәрімде «Әулие» туралы бірнеше аяттар келтірілген. «Юнус» сүресінің 62-аятында «Біліңдер! Расында да Алланың достарына қауіп-қатер жоқ әрі олар қайғырмайды» (216-бет) деп Жаратқан ие алдында әулиенің қаншалықты қадірқасиетке ие екендігі айқындап берген. «Әли ғымыран» сүресінің 169-аятында «Алла жолында өткендерді өлді деп ойлама, олар тірі Раббыларының жанында олар ризыққа бөлендіріледі» делінген. (72-бет). «Бахара» сүресінің 154-аятында «Алла жолында өткендерді олар өлді демеңдер, олар тірі, бірақ сендер сезініп біле алмайсыңдар» дейді. (24-бет). Аталған аяттардан біз Алла жолында жүріп дүниеден озған әулиелеріміздің өлілер қатарында жатпайтындығын, Жаратқан ие өзінің қамқорлығына алатындығын, өзіне дос санайтынын, қасиетіне кереметі сай Алланың қалаулы жаны екендігін түсіндік.
Осыған орай Орал бабамыздың жоғарыда айтылған кереметтерін, қасиеттерін, дүниеден денесі бұзылмай, тірі күйінде кеткенін еске ала отырып «Орал ахун», «Орал ишан», «Орал әулие» болғанын сенімді айта аламыз.
Сөзіміз әлі де дәлелді болу үшін өмірден денесі бұзылмай өткен әулиелер туралы сыр таратайын. Ғұлама, ғалым, ойшыл философ, суфизм ілімінің негізін қалаушы әулие бабамыз Қожа Ахмет Яссауидің тұлғасы тек түркі, ислам өркениетінде ғана емес, күллі адамзат тарихында маңызды орынға ие десек қателеспейміз. Сондықтан ЮНЕСКО 1916 жылды түркі әлемінде «Қожа Ахмет Яссауи жылы» деп атап өтті. Негізгі деректерге қарағанда, Қожа Ахмет Яссауи 1166 жылы өмірден озды делінген. Осыдан 855 жыл бұрын дүниеден озған әулие бабамыздың денесі бүгінгі күнге дейін бұзылмай, тірі күйінде жатыр десе қалай қарайсыз?! Тіпті «тірі» жаны бар кейпінде жатқанын білесіз бе? Қаз КСРдың еңбек сіңірген қайраткері, бұрынғы «Казпроект» реставрациясының басшысы Баян Тұяқбаева Яссауи баба кесенесіне жүргізген реставрация жұмысы жайында «Орда кз» газетіне берген сұхбатында мынадай естелік келтірді.
– 1990 жылдары кесенені қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізген болатынбыз. Бабамыздың құлыптасы лахат жағына қисайып кетіп еді. Біздің қызығушылығымыз оянып, сағананы (ХІІ ғасырда жасалған) ашып қарап, мүрдесіне қол тигіздік, денесі әлі шірімеген екен жаны бардай. Бұдан әрі айта алмаймын, бірақ сол кездегі көңіл-күй ерекше болды... Есімнен кетпейді... – деді. Яғни әулиенің денесінің бұзылмайтынының бір дәлелі осы.
Көрнекті ахун, ұлы ойшыл Мәшhүр Жүсіп әулие өзінің өмірден озатын жылын, күнін, жерленетін жерін белгілеп, көрін қаздырып, жер астынан бөлме әзірлетіп, үстіне мазар орнатып, мазар біткен соң, асын бергізген екен. Бұдан шошынған халыққа өзі қайтыс болған жылы елді ашаршылық жайлап, содан елдің аза тұтуға мұршасы болмайтындығын айтып түсіндіріпті. «Тәнім бұзылмай ондаған жыл сақталады, көрімді ашық қойыңдар, өйткені талай сырқат жандар ауруына ем, дертіне шипа табады. Көрімді жиырма бір жылдан соң жабыңдар, сол кезде арам қолдар араласады, ал оған дейін денеме түк болмайды. Тек жиырма бір жылдан кейін сол аяғымның башпайы шіри бастайды, себебі жас күнімде бір мысықты теуіп жібергенім бар еді» деген екен.
Әулиенің айтқаны айдай келеді. 1931 жылы Мәшhүр Жүсіп қайтыс болады, бұл кезде халық ашаршылықтан қырылып жатқан кез. Әулиені құрметтеген ел өзі дайындап кеткен мазарға айтқанындай қойып үлгереді. 1952 жылы Кеңес үкіметінің шолақ белсенділері мазарды бұзып тастайды. Сол кезде ел жиырма жыл бойы денесі бұзылмаған, шашы, тырнағы түспеген әулиенің мәйітіне куә болады.
Маңғыстаудағы Бекет атаның да денесі бұзылмаған. Оғландағы жер асты мешітіне шырақшы ұрпақтары айына бір рет келіп, Бекет атаның сақал, шашын, тырнағын тұрақты түрде алып, күтім жасап отырған. Құрбан айттың алдында Арафа күндері киімін жаңартып тұрған. Кейінірек шолақ белсенділердің қысымының негізінде қабірге кіретін есікті жауып тастаған. Маңғыстаудағы Бекет атаның да денесі бұзылмаған. Оғландағы жер асты мешітіне шырақшы ұрпақтары айына бір рет келіп, Бекет атаның сақал, шашын, тырнағын тұрақты түрде алып, күтім жасап отырған. Құрбан айттың алдында Арафа күндері киімін жаңартып тұрған. Кейінірек шолақ белсенділердің қысымының негізінде қабірге кіретін есікті жауып тастаған.
Қазіргі Түркістан облысы, Созақ ауданы, Қызылкөл ауылында туған Шәді Төре әулие Шаян, Қарнақ, Ташкент, Бұқарадағы Көкілташ медреселерін бітіріп, араб, парсы, шағатай тілдерін жетік меңгерген, Қазан, Орынбор, Ташкент баспаларында «Сияр Шариф», «Қазіретті Мұса мен Перғауым», «Төрт дәруіш» сынды талай діни өлең, дастандар, қиссалар, шежірелер қалдырған ғұлама. Шәді Төре әулие 1933 сұрапыл жылдарда Кеңес белсенділерінен қысым көріп, Өзбекстан жаққа кетіп, сол жақта қайтыс болғаны белгілі болғанмен, сүйегі қай жерде жерленгені белгісіз болып келген еді. Араға 25 жыл салып Өзбекстаннан табылады. Өзбектер құрметтеп басына тал еккен екен. Ашаршылық кезінде елде күш-қуат қайдан болсын?! Шәді бабаның көрін тізеден төмен қазып, көміп кеткен екен. Жиырма бес жылдан соң бейіттің бір шеті ашылып қалады. Қайта жерлеу барысында сол ауылдың қариялары сақал, шашы, тырнағы өсіп кеткен, денесі бұзылмаған Шәді Төренің мүрдесіне куә болады. Айта берсек денесі бұзылмаған «Баба Түкті Шашты Азиз», Қожа Ахмет Яссауидің шәкірті «Жүніс Әміре софы», «Оқышы Ата», «Сұнақ Ата», сынды әулиелерді көптеп мысалға келтіруге болады.
Біз бүгін жазып отырған Орал бабаны бұл дүниеден денесі бұзылмай өткен «Алланың досы, әулие» екенін халыққа жеткізуді мұрат еттік. 2022 жылы туған жері Шөмішкөл елді мекенінде ағайындардың атсалысуымен «Орал ахун» атына жаңа мешіт салынып, ел игілігіне ұсынылды. 2023 жыл мамыр айының аяғында әулиенің 200 жылдығына орай кесенесіне ескерткіш тақта қойылып, ас беру туралы ісшаралар жоспарланып отыр. Алла баба ұрпақтарының ізгі ниеті мен сауаптан болған амалдарын қабыл еткей.
Тұрмағанбет ЕРНИЯЗҰЛЫ,
Қазақстан Республикасының тұңғыш «Жыл мұғалімі»,
Қызылорда қаласының құрметті азаматы,
Екі мәрте «ҚР білім ағарту саласының озық қызметкері»
Алматы қаласы
17 қаңтар 2023 ж. 286 0