Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі

Өтеп ишан

Ел мен жердің киесі саналған бабалар жолы санасы сергек, көкірек көзі ояу, тағылымды ұлықтайтын, ұлықтаған қызметі мен осыны жасадым-ау дейтін пенделік пікірді ойына да алмайтын жандар үшін қашан да қастерлі саналмақ. Хәкім Ұлықпан «насихат үшін үш мың ауыз сөз жаздым, үш мыңнан үш ауызын таңдап алдым. Оның екеуін есте сақта, ал біреуін ұмыт, яғни Құдайды һәм өлімнің хақтығын жадыңа тұт, жасаған жақсылығыңды естен шығар» деген ғибрат қалдырған.
Қазақтың дін ғұламары діни-ағартушылық, имандылық, сауаптық, ізгі тәрбиелік қызметтерінің ешқайсысын да саудаға салмай-ақ, мен жасап едім деп кеудені кермей-ақ өмірден өткен. Олар тек Құдайға ғана құлшылық жасап, елі мен халқына саналы түрде қызмет жасаған. Осындай дін ғұламарының бірі– қырдағы Қарақұм аймағынан шыққан Бейсеу баласы Өтеп. Руы Қарасақалдың Пұсырман аталығынан тарайды. Қазіргі Арал ауданының жеріндегі Қарақұм өңіріне қарасты Көкаша елді мекеніндегі қарапайым шаруаның отбасында 1857 жылы дүниеге келді. Зейінді жас ауыл молдарынан мұсылманша тіл сындырып, сауатын ашты.
Өсе келе Қазалы ауданының Қызылқұм беткейінде өмір сүрген елге сыйлы Қарақия қожаның баласы "Ақ ишанның" (шын есімі – Ақпанбет) мешітінде дәріс алып, білім көкжиегін кеңейтті. Шәкіртінің ерекше қабілеті мен алғырлығын және көрегендік қасиетін ерте аңғарған Ақ ишан, оның білім дәрежесін бірнеше рет  сынақтан өткізгеннен кейін ғана ишандық шатырхат беруге шешім қабылдаған. Діни білімі жағынан халық арасында өте ықпалды болған Ақ ишанның тәлім-тәрбиесімен, батасымен ишандық қызметін бастаған. Қожалар әулетінен шыққан Ақ ишанды Қарасақал ағайындарда өскендіктен кейбіреулер тегі жағынан "Қарасақал" деп те атайды.  
Салыстырмалы түрде алатын болсақ,  бүгінгі біз өмір сүріп отырған кезеңде ел арасында «Сары әулие», «Ақ әулие» атанған емшілер шықты. Мақсатымыз оларды кінәлау емес, бірақ аталған жандардың қызметінің бір-екі жылмен ғана шектелгендігіне халық куә.
Ал «Қара ишан» (Ермұхаммед) мен «Ақ ишандардың» (Ақпанбет) пайдаланған ілімдерінің өміршеңдігі мен ғылыми маңызы бұрынғыдан да арта түскен. Осындай ғұламардың мектебінен өткен Өтеп ишанның бір ерекшелігі, ел ішіндегі дау-дамай, тартыстардың әділдігімен шешілуіне игі ықпалын жасаған. Мектеп жанынан бау-бақша, егін егу жұмыстарын ұйымдастырып, халықтың отырықшылық өмірге бейімделуіне игі қадамдар жасады. Мұхаммед пайғамбарымыздың 44-ші хадисінде: «Егін егіңіз. Бау- бақша өсірумен шұғылданыңыз. Егіншілік қасиетті кәсіп қылып, егінді жақсы сақтаңыз. Күзетті қойыңыз. Егін орағына керекті жабдықтарыңызды  алдын ала дайындап алыңыз. Астықтың берекесін сақтауға тырысыңыз» делінеді. Қарап отырсақ, Өтеп ишанның барлық іс-әрекеті дін ислам іліміне және пайғамбарымыздың өсиеттеріне деген адалдыққа негізделгендігін байқауға болады. Көктемгі жайлауға көшкен жұрт жол- жөнекей көшке ере алмайтын арық-тұрық, аяғы сынған малдарын мешітке қалдырып кететін. Өтеп ишан болса сол малдарды бағып семіртіп, жоқ-жітік жандарға сойып беретін. Бұл жер Көкашадан 25-30 шақырым қашықтықта және күні бүгінге дейін «Ишан бөгеті» деп аталады. Мешіт орны Абай елді мекенінен 12 шақырым жерде. Мұндай тірлік елдің қамын ойлаудан басталған, үлкен ақылға келетін, келешекті ойлаумен ұштастырылған парасат иелерінің ғана қолынан келетін, жүрегі таза, иманды тұлғаларға тән қасиет.
Мешіттің тайқазанына ақшалай түскен пітір, садақалар ел ішінде кездесетін тұрмысы төмен пенделердің несібелеріне айналып тұрғандығы белгілі жайт. Сонымен қатар Қазалының базарынан кіре тарттырып, астық керуендерін алдыруда халықтың тұрмыс-тіршілігіне оң ықпал еткендігі де даусыз. Байқап қарағанымызда, мұндай ақылға келетін ұтымды тірліктер, қайырымдылық ұлтымыздың арасынан шыққан дін ғұламарының бәріне ортақ. Бұдан шығатын қорытынды, ұлы даламыздың әр аймағында қызмет жасаған мешіт, медреселеріміздегі берілген білім деңгейінің жалпыға ортақтығы, шынайы руханилығы мен ізгілігінде жатқандығын мойындауымыз қажет.
Қайырхан Қабылғазиев,
Арал аудандық орталық мешітінің бас имамы

Сурет: massaget.kz

02 қазан 2023 ж. 1 204 0