Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Тарихы хатталған құтты мекен

Тарихы хатталған құтты мекен

Тағылымға толы тарихи жерлерді біліп, бойына сіңіріп өскен бала, ертеңгі күні өзін елінің патриоты ретінде сезіне алады. Осы орайда зейнеткер ұстаз, өлкетанушы Үргенішбай Қуатовтың Қарақұм аумағындағы топонимикалық атаулар жөніндегі деректерін оқырман назарына ұсынамыз.
Шал Мырза күйшінің Жыланды жайлауы
Қарақұм өңірінен шығып, сазгерлік, күйшілік өнері шартарапқа тараған аса дарынды өнер иесі – Шал Мырза Тоқтаболатұлы жайлы мәліметтердің осы кезге дейін бір жүйеге түспей келгенін көреміз. Өмірі мен шығармашылығы жайлы әлде іздеушісі табылмады ма, аз зерттелген даңғайыр күйшінің есімі уақыт тасасында ұмыт болып бара жатқан да жайы бар. Міне, осы олқылықтың орнын Арал өңірінің тарихы мен өнерін өрелі сөбен өрнектеген, өзі де өнерге жақын белгілі қаламгер ағамыз Жұмабай Жақыптың «Сазгер күйші – Шал Мырза» деген кітабынан тапқандай болдық. Ағамыз алдымен күйшінің тегі мен туған жері жайлы осы кезге дейін жазылып жүрген ала-құла, дүдәмал деректердің нақты шындығын айқындайды. Ол үшін Мырзаның Қарақұм өңіріндегі жақын туыстарын ерінбей-жалықпай іздестіріп, тауып айтқан әңгімелерін қағазға түсіреді. Айталық, Абай елді мекенінде тұратын, жұртқа танымал Елубай Қадіров ақсақалдың: «Мен Мырзамен рулас туыспын. Төртқара, оның ішінде Шал тармағынанмын. Жыланды құмдары – біздің ата-бабамыздың жайлаған жерлері, бәріміз де сол жерде туып-өстік. Жас кезімде ол кісіні көп көрдім. Ірі денелі, жуан қара кісі еді. Домбыраны өте тартқыш, ондай керемет тартқан күйшіні көрген емеспін. Естіген адам еріксіз қайрылып келіп тыңдайтын еді» деген естеліктері шүбәсіз шындықты паш етеді. Сондай-ақ, күйшінің немере інісі Уәли Майбалаев, туған жиені Жағыпар Мусаев ақсақалдардан және де басқа көнекөздермен кездесіп, мәлімет алғанына тәнті боласың. Өйткені, Қарақұм өңіріндегі өмір сүрген айтулы тұлғалар жайлы деректер жинаған кезімде менің оған көзім әбден жетті. Арада екі-үш  ұрпақ ауысса да, ең болмағанда «әкем не атам былай деп айтып отыратын» деген әңгімелерді айта алмайтындарға не айтарсың? «Бүкіл сана-түсінігіңді жаулап, сай-сүйегіңе дейін сіңіп қалған коммунистік идеологияның кесірі ме екен бұл?» дейсің. Ақыры, қаншама құймақұлақтардың ортасында жүріп солардың айтқандарына кезінде құлықсыздық танытып, кеш қалып отырған кінә өзімізде ғой деген өкініште боласың. Сонымен атақты сазгер, күйші, артына мол мұра қалдырған тума талап иесі жайлы деректерді қорытындылай келе, оқырманға мынадай мәліметтерді ұсынуды жөн көрдік. Мырза Тоқболатұлы 1847 жылы Қазалы уезіне қарасты (қазіргі Арал ауданының аумағында) Қарақұм қойнауындағы «Жыланды» деген жерде дүниеге келген.Руының аты қоса айтылатын Шал Мырза деген есімімен елге танылған.  Өмірінің соңғы жылдарында ел басына түскен саяси қуғын-сүргін, ашаршылық зобалаңы салдарынан көп зәбір, қиянат көріп, туған жерін тас­тап, ауа көшкен елімен бірге Қарақалпақ асқан. 1934 жылы 87 жасында  Қазалының «Басықара» деген жерінде қайтыс болған деген деректер айтылады.
Жастайынан домбыраны серік еткен, күй додасына түскен талант иесінің есімі елге ерте тараған. Ерекше шебер орындаушылығымен ерекшеленген күйшінің домбырашылық құдіретіне өз өңіріне оған теңдес ешкім табылмаған деседі. Мырзаның 20-дан астам күйі бар деп есептейді мамандар. Жампоз жырауларда ғана болатын жыр бастауы сияқты тартатын күйінің бастауы  «Күй шақырар» Мырзада да болған. Сол арқылы күйші өзін баптап шабыттанған, әруағын шақырып жігерленген деседі. Оның күйшілік қабілет-қарымын атақты Қазанғап күйшімен қатар қоятындар бар. Басқа ешкімде кездесе бермейтін күйшілік шеберлігімен қатар, табан астында жанынан жаңа күй шығарып, қарсыласын жеңіп, тыңдаушыларын тәнті етіп отырған. Оған күйшінің «Ақжелең» («Кел жатайық, төсек сал») деген күйін мысал етеді өнер зерттеушілері. Өнер қуған Мырза ел ішінде сауда істейтін керуенге көп ілескен. Олардың тобында жүйрік ат та, баһадүр палуан да, жезтаңдай әнші, көрім күйші де көп болған. Ол керуен жолай той-думанға кез келсе ерен жүйріктерін додаға салып, сәті түссе бәйге олжалап жүрген. Бірде Мырза  қосылған керуен Жем өзенінің бойындағы бір ауылдың шетіне келіп, түйелерін шөгереді. Жігіттер қос тігіп боламын дегенше, атақтыларын білмекке Мырза қасында бір-екі жігітпен жүріп кетеді. Сұрастыра келе, ауылдың шетіндегі бір үйде күйші келіншек бар екен. Босағадан тұз сұрай келген Мырза келішектің қошеметімен төрден бір-ақ шығады. Үй ішіне қараса, керегенің басында өріктің ағашынан соғылған домбыра ілулі тұр екен. Шыдамаған Мырза: «Шарығым, мына домбыраның иесі кім болады?» дегенінде, келіншек «біз болармыз» депті.  «Онда бір күй тартып берсеңіз, арманда кетпейік» деп өтінеді Мырза. «Жоқ, алдымен домбыраны Сіздер алып, қонақ кәделеріңізді беріңіздер» – дейді келіншек. Мырза бастаған күй келіншекке ауысып, екеуі түн ортасына дейін бірін-бірі жеңе алмапты. Мырзаның бір ерекшелігі, қиналғанда жанынан жаңа күйді табанда шығарып, қарсыласын жеңіп кете береді екен. Сонда бір күйді тартып жібергенде, әлгі келіншек тосылып қалып, «аға,  бұл күйіңізді білмедім,– деп домбырасын тастай салыпты.
«Ат арытып, алыстан ауылыңызға келіп, өзіңізбен кездесіп, желігімізді басып, құмардан бір шықтық. Түн ортасынан ауып жататын мезгіл де болыпты, сондықтан, қарағым, бұл–«кел жатайық, төсек сал» дегенім еді, бұл күйдің аты да солай болсын» депті.
Ол өзінің көңілін аударып, сезімін оятқан әрбір оқиғаны домбыра пернелерінде толғап, күй әуендеріне арқау етіп отырған. Бірде Мырза тойлы ауылдың құрметті қонағы болып отырған көрші үйден шыққан қыздың ұзатылып жатқан үйге бір  келіп, бір кетіп, қайта-қайта кіріп-шығып жүргенін байқайды. Арасында жылаған бөпесін алып шығып, «әуіп пай, бөпемай» деп әндете жұбатып, той қызығын тамашалайды. Сұрастыра әке-шешесінен айырылған, қолында анасынан қалған бір бөпесі бар жетім қыз құрбысының тойын да көргісі келіп, байыз таппай екі ортада жүріп алса керек. Күйші сол отырыстағы көзі көрген осы жайды «Тәй-тәй қыз», «Әуіп-пәли, бөпем-ай» деген күйлері арқылы пернеге түсірген екен. Ал «Мамық», «Мамықтың жортақ күйі» деген туындылары өзімен жиі айтысатын Байсары сұлтанның қызы Мамық сұлуға көңілі кетіп, махаббат сезімдерінің әсерімен шығарған туындылары деседі. Сол сияқты «Жалпақ қарға» деген күйінде балапандарына жемтік іздеп, бір шұқып жалтақ-жалтақ жан-жағына қараған секең-секең жүрісін бейнелеп домбыра пернесіне түсірген.
Кейінге жеткен арнау күйлерінің қатарында «Боздағым-боз шомғым», «Кербез қыз», «Ағыбай басшы бұл қалай, Бұғыбай басшы бұл қалай» болған. Көңіл-күй күйлеріне «Өмір», «Ақжелең», «Күй шақыру», «Асан қайғы сарыны», «Қайран елім, қайтейін» деген туындылары жатады. Жүйрік ат жайлы «Қара жорға», «Кербез күрең» деп шертсе, «Баулы ешкі», «Сытпырық» деген күйлері адам мен жан-жануарлар арасындағы қатынас иірімдеріне арналған. Зерттеушілер Шал Мырза күйлерінің басқа күйшілерде кездеспейтін өзіне ғана тән ерекшеліктерін сөз етеді. Домбыраны іліп қағып тартатын «Ілме» пернені асты-үстінен басатын «Сыр жаңылтпашы», «Батпылдық» сияқты күйлері оның асқан шеберлігінің айғағындай болса, «Жемнің күйі», «Ташауыз»,  «Сыр толқыны» атты шығармалары күйшінің өзі басынан кешірген өмір жолдары, көрген қиыншылықтарынан хабар береді.
Қарақұм өңірінен шыққан атақты күйші жайлы арнайы зерттеу-зерделеу жүргізіп, оның жауһар мұраларын жинақтап жарыққа шығару, туған жерінде есімін еске алатындай шараларды ұйымдастыру–келер ұрпақтың еншісіндегі міндет болмақ.
Көкашадағы Өтеп ишан мешіті
Өтеп ишан–Қарақұм аймағыңдағы дініи ағартушылық және ізгі имандылық тәлімінің қалыптасуында үлкен орны бар дін ғұламасы. Қарасақал руының Пұсырман аталығынан шыққан Бейсеу баласы Өтеп ишанның 1857 жылы дүниеге келіп, 1939 жылы қайтыс болғандығы жайлы мәліметтер айтылады. Әуелде ауыл молдасынан мұсылманша сауат ашып, кейін Қызылқұм беткейіндегі елге сыйлы Ақ ишаннан дәріс алған қабілетті шәкірт ғұламалардың білім сынағынан ойдағыдай өтіп, ишандық шатырхат алады. 1910 жылы күллі Сыр мен Қыр еліне мәшһүр Қарасақал Ерімбет ақынның ұйымдастыруымен «Көкашада» мешіт үй салынған деген дерек бар. Өтеп ишан сол мешітте бала оқытумен қатар, Қарақұм өңіріне имандылық дәнін сеуіп, елді діни сауаттылыққа баулуға кіріседі. Ел аузындағы әңгімелерде Өтеп ишанның тылсым дүниемен тілдесетін киелі күштерге ие қасиеттері, түз құстарын қолына қондырып, үркітпестен арқаларынан сипап отыратын ғажайыптары, көріпкелдік және әулиелік қасиеттері болғандығы жайлы әңгімелер бар. Ишанның барлық сөзі мен іс-әрекеттері ислам қағидаттарына негізделген. Аузынан Алласы  түспей, қолда барға қанағат етіп, ел-жұртының аманшылығын тілеп, бір адамға қабақ шытпай, жылы шырай көрсетеді екен деп баяндайды бізге жеткен көне көздердің естеліктерінде. Ағайын арасындағы дау-дамайларды да елдің уәжге тоқтар жері ишанның алды болған көрінеді. Сондайда құдайшылдық әділетті сөзін айтып, елді бітістіретін оның пәтуәлі сөзіне ешкім де қарсы келмеген екен. Өзінің зор білімін ел иігілігіне жұмсаған ишан сөзінің салмағымен қатар, қайманажұртына қол қайырымы да мол болған деседі. Мешітке түскен пітір-садақаны ел игілігіне жаратып, кәріп-кәсерлерге әділетті түрде үлестіріп отырған, жарлы-жақыбайларға көмектесуді сауапты іс санаған.
«Кеңестік саясатқа сай келмейді» деп саналып, «қоғамға қауіпті әлеуметтік элемент» деп айыпталып, жаппай қуғын-сүргінге ұшыраған ишан, молдалар қатарында Өтеп ишанның да көрген құқайы аз болмаған. Алайда кеңестік идеологияның атеизмді ұрандатып халқымыздың ғасырлар бойғы қанына сіңген діни наным-сенім, ар-имандарына қарсы қаскөйлік әрекеттерін қаншама төндірсе де, халықтың жүрегіндегі сенімі мен ұлттық құндылықтарды өшіре алмады. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді», дегендей, Өтеп ишан сияқты дініи ғұлама, әулие, данагөйдің есімі ел есінде мәңгі сақталып қалды.
Қараның құмы
Қара-Шөмекей руының, Сарғасқа аталығынан шыққан айтулы бай, белгілі би болған адам. Қазақстанның көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, сталиндік репрессия құрбаны болған Темірбек Жүргеновтің әкесі. Қараның халық арасындағы бақ-беделін былай қойғанда, Ресей қазақ жерін отарлаған тұста Түркістан генерал-губернаторы болған фон Кауфман Ташкенттке барған-келген сапарларында арнайы бұрылып келіп, Қараға сәлемдесіп, қонып-түстеніп кететін болған деген әңгіме қалған. Ал «Дәгір» деп аталатын үйтам Қараның жастай қазаға ұшыраған баласының атына қойылған жер атауынан шыққан. 
Қараүңгір Тұздақ
Қазақ халқының Ресей патшасының отарлық саясатына қарсы ұлт-азаттық көтерілісін бастаған атақты Кенесары хан мен Наурызбай батырдың арқа жерінде жеңіліс тауып, Қырғызға жорығы қарсаңында Қарақұмдағы «Қараүңгір Тұздақ» байтағын екі жыл жайлағанын айғақтайтын деректер бар. Адамға да, малға да жай, шетсіз де шексіз бұйраттары бір-біріне жалғасып жатқан Қарақұм  өңірі ел басына күн туған небір қиын-қыстау сәттерде де ел-жұртына пана болған. Жаудан қашып тығылуға қолайлы осындай табиғи жағдайларына байланысты жарақтанған жауға қарсы күресте қиындық келтірген. 1916 жылы да Қазақстанды ұлт-азаттық қозғалыстар жалыны шарпыған кезде патшаға «қара жұмысқа жігіттер бермейміз» деп атқа қонған көтерілісшілер жасақтарын патша генералы Куропаткиннің әскерлері ығыстырған кезде, олар осы Қарақұмға бас сауғалап бекінген еді. Қарақұмда 3 драгун, 3 қазақ полкі бар,  артиллериямен қаруланған генерал Лаврентьевтің  ерекше салт атты тобы Қарақұм құмдарына малтығып, еш әрекет жасай алмаған болатын. «Осы кеңестік аймақта 1916 жылдың тамыз айынан 1917 жылдың наурыз айына дейін шыдас беріп, Ақпан буржуазиялық-демократиялық төңкерісін қуанышпен қарсы алғаны бар» деп айғақтайды біздің қолымыздағы деректер. 1930 жылы Қарақұм көтерілісшілерінің де жиын орталығы болған, қанды шайқастар өткен жер. Оған жапсарлас жатқан «Банды қашқан», «Қатын сойған», «Қырғын мола» деген жер атаулары сол бір зұлмат жылдардағы қанды оқиғалардың осы аумақта болғандығын растайды.
«Қыздар шыққан»
Тоқабай алқабындағы «Қыздар шыққан» төбе, «Кетебай» сияқты жер-су атауларының сырына үңілсек, халқымыздың басынан кешкен қилы кезеңдермен беттескендей боламыз. Бұл пікірімізді нақтылай пайымдасақ, көне тарих көздерінің айтуынша, бұдан екі ғасырға жуық уақыт бұрын Сыр, Арал өңіріне Хиуа, Қоқан хандықтары аяусыз шапқыншылық жасап, тізе батырғаны белгілі болады. Қарақұмның терең қойнауында кездесетін «Қоқан қашқан», «Түрікпен қазған» деген  жер атау­лары да негізсіз аталмаса керек. Тіпі, әлі күнге дейінгі тілдік қорымызда жүрген «Қоқанлоққы жасау», «Құл қашса Хиуадан шығады» деген сөз тіркестердің де сол бір ескі замандардан бастау алатынын айтады тіл мамандары. Қолда бар дерек негіздеріне сүйенсек, «Баршақұм» өңіріндегі «Қыздар шыққан» төбесі, «Кетебай қыстауы» деген жер-су атауларының да түп- төркіні сол бір зұлмат замандардың куәсі іспетті. «Осындай бір шапқыншылық кезінде Қоқан жақтан келген жау жасағы қыр жақтағы ауылдарға беттеп, жолында кездескен елге аяусыз тиісіп, ойрандайды. Ойына келгенін істеген қатыгез дұшпан елдің дүние мүлкін талап, жақсы ат пен қыз-келіншектерді тартып әкетіп отырған. Сондай бір қанды жорық кезінде ауылға келіп қалған жау қарасы көрінгеннен-ақ, бір топ қыз құм арасына қашып тығылуға мәжбүр болған. Бір жаратқанға жалынып, көз жасын төккен арулардың үлкен төбенің басына шығып, паналудан басқа амалы қалмайды. Бытқыл құмның арасынан із кескен жарақты жау да қыздардың кеткен бағытын біліп, төбеге қарай бет алған екен. Сол кезде қыздардың көз жасын көрді ме, кенет жердің жүзін қалың тұман басып, ештеңе көрінбей қалады. Артынша қатты жел тұрып, құм боран соғып, жүрер жол, басқан ізі көрінбей кеткен жау қанша жанын салып іздегенмен, қыздарды таба алмайды. Содан адамдары мен аттары шөлге ұрынып, опат болыпты» – дейді аңызда.
«Қос шоқы құм ішінде мұндаланған,
Адамға бас иеді сырын ұққан.
Жау қарап биікке қыздар шығып,
Сондықтан атанған еді «Қыздар шыққан» – деп бұл оқиға Орнықбай ақынның жырына арқау болған екен.
02 желтоқсан 2022 ж. 809 0