Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖҮРЕГІНЕН ЖЫР ТӨГІЛГЕН САПАР МОЛДА

ЖҮРЕГІНЕН ЖЫР ТӨГІЛГЕН САПАР МОЛДА

Өнердің тектілігі сол болар, ұрпақтан ұрпаққа беріліп, жаңа толқын боп жалғасып жатады. Оны әсіресе ақынжыраулық, жыршы-термешілік өнер иелерінің бастау түптерінен көруге болады. Атадан балаға берілген ұлы өнер осылайша бүгінгі заманға бастапқы түп негізін бұзбай, қайта түрленіп, бояуы қанығып, нағыз халықтық қазынаға айналып келеді. Заманымыз бір, бірақ бір-екі көйлек бұрын тоздырған ағамыз, әрі қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдігі жағынан әріптесіміз боп келетін Тәжібай Үмбетәлиевті аудан жұртшылығы, тіпті аймақ халқы жақсы біледі. Қайбір жылдары Тәжібай ағамыз өзіне тән әзіл-қалжыңымен: «Бойымда сегіз түрлі өнерім бар. Бірінші – қобызшымын, екінші – термешімін, үшінші – өлең шығарамын, төртінші – ән шығарамын, бесінші – актермін, алтыншы – режиссермін, жетінші – түрлі музыкалық аспап жасаймын, сегізінші – сценаристпін...» деп отыратын. Кейде қызды-қыздымен одан да көбейтіп жібереді. Сөздің құнын білетін ағамыз айтса айтқандай, әр әзілдің артында шындық барын сездіретін. Осындай көп өнер қонған Тәкеңнің әкесі белгілі жырау Үмбетәлі екенін жақсы білеміз. Үмбетәлі – бүгіндері үлкен сазгер, жырау, жыр өнерін зерттеуші Мұрат Сыдықовтың ұстазы. Үмбетәлі жырау – Арал-Сыр өңірі жыраулық мектебінің көрнекті өкілі. Жырымен қоса ерекше әуезді үнімен талай жұртты тамсантқан. Өңір өнерін зерттеушілердің қай-қайсысы да Үмбетәліні ауызға алмай аттап өтпеген. Бәрі де оған лайықты өз бағасын берген. Ал Үмбетәлі жыраудың әкесі Сапар молда Игісінұлының да жүрегінен жыр төгілткен бір дүлей дарын болғанынан, өкінішке қарай, көп адам хабарсыз. Оған түрлі себептер де болуы мүмкін. Оның кеңестік өкімет тарапынан қудалануы да, атын көп жылдар бойы ататпауы да бар шығар. Өйткені Сапар молда Игісінұлы өз кезінде діни сауаты мол ғұламалардың бірі болған. Бойындағы ерекше қасиеттері ел ішінде осы күнге дейін аңыз боп жетіп отыр. Бүгін Сапар молда туралы бізге жеткен азды-көпті мағлұматтарды қағаз бетіне түсіріп отырмыз. Сапар молда Игісінұлы шамамен 1862 жылы туған. Атамекені қазіргі Жаңақұрылыс ауылының маңайы. Белгілі Абзал ахунмен қатар оқып, біршама мұсылмандық жағынан сауаттанған. Сауаты болғандықтан да Кеңес өкіметінің алғашқы кезеңдерінде Қазалының «Қошқар сойған» деген жерінде кәдімгі халықтық сот қызметін атқарып, әділдіктің жұртшылық арасында орнығуына себебін тигізген. Ал бойындағы ақындық, жыршылық өнері оны халыққа танымал еткен. Оны көзі көрген Шарапат Елеуов деген кісі: «Сапар әкеміз қайыққа мініп, дарияның ар жағына шығатын. Түрлі ас-тойларға барып, сол жақтың мықты ақындарымен айтысып қайтатын. Сондай-ақ әкеміз Сапар атақты Қарасақал Ерімбет шайырмен хат арқылы айтысыпты. Айтыста кейде сөздің ойдан шығып кететіні бар емес пе. Сапардың Ерімбетке жазған бір жауаптасуын ағайындары ұстап алып, ел ішіне жік түсіп кетеді деп жібергізбей қойған». Сапар молданың осындай айтыстары, ел ішінде қолжазба боп тараған өлеңдері өзі 1938 жылы тұтқындалып, репрессияға ұшырап, атылып кеткендіктен де кейінгі жұрт «халық жауының» өлеңдері» деп айтпаған, айтуға қорыққан, өздерінде бар жазбаларының көзін жойған. Солай болғандықтан да ақын, шайыр Сапар молда есімі бірте-бірте ел есінен шығып кеткен. Ел құлағында Сапар молданың ерекше қасиеті туралы әңгіменің бірі мынандай. Жаңақұрылыстың маңында «Бас» деген жер бар. Бұл кісі сол жерде өмір сүрген. Жаңақұрылыс пен «Бастың» екі аралығында «Нар өлген» деген сордың тұсында бірде Сапар молда келе жатса, алагеуімде екі адам екі жақта, бір адамды біріне бірі бермей, кертай қылып жұлқылай тартып жатыр екен. Бұл адам бейнесіндегі шайтандардың ойнағы екенін білген ол шарт жүгініп отыра қалып дұға оқиды. Дұғаның әсерінен қалима болып қалған шайтандарды желкеден бүріп ұстап алады. Малғұн немелер шыбын жандары көзіне көріне осқырынып, пысқырынып шыңғыра бастайды. Енді қолынан суырылып шығып кететіндей болған соң, ірілеу бірінің басындағы жалбыраған шашын уыстай ұстап тартып, жұлып алады да, жібере салады. Алайда олар кетпей «Шашымды берші» деп жалына бастайды. Әрі-беріден соң: «Шашымды берсең, жеті ұрпағыңа дейін маңайына жоламайық» деп зарын айта бастады. Бірақ Сапар молда ләм деместен, дұғасын қайырып, оларды зым-зия қылады. Бір уыс шашты үйіне алып келеді. Шаңырағындағы сандық түбінде сақтайды. Кемпірі Зеріп әлгі шашты бертінірекке дейін сақтап жүреді. Бір қызығы, кейуана қайтыс болған соң, аққа ораулы тұрған шаштар да жоқ болып кеткен. Міне, осындай адам сенер-сенбес жайға күдіктене қарасақ та, ол шашты көргендер айтып жүретін. Сапар молданың Махамбетәли, Баршын, Үмбетәлі атты ұл-қыздары болған. 1941 жылғы Ұлы Отан соғысы басталғанда, жасы сәйкес келіп, екі ұлы да қолдарына қару алып соғысқа аттанады. Қан майданда үлкен ұлы Махамбетәли оққа ұшып, жат жерде қалады. Ұшы-қиыры жоқ майдан шебінің отқа оранған бір пұшпағында қарша бораған оқ астында Үмбетәлі де барша қиындыққа төзіп жүреді. Қолдарында жауға кезенетін дұрыс қаруы да жоқ. Ажалдың аузында жүргендей бір ауыр халде болады. Неміс фашистері күнітүні снаряд жаудырып, ұшақтары бомбалайды да жатады. Үмбетәлі бұл соғыстан аман қайта алмаймын-ау деп уайым жеп жүреді. Бір күні ауыр шайқастан кейін Үмбетәлі тұяқ серіппей дегендей қатты ұйықтап қалады. Сол түні окопта ұйықтап жатқан оған сонау жылы НКВДның қолына түсіп, содан кейін көзден жоғалған әкесі Сапар молда аян береді. Аппақ киінген әкесі жанына келіп: «Балам, қорықпа, жүрегің шайлықпасын. Соғыстан аман қайтасың. Ел-жұртпен қауышасың» дейді. Жүрегіне бір қуаныш ұялаған ол таңертең ыза кеулеген окоп ішінде жаураңқырап жатып оянса, үстібасын қап-қара жара қаптап кетіпті. Командирі әрі-бері қарап, лазаретке жібереді. Дәрігерлер де бұл қандай жара екенін түсінбей, ана майды бір, мына майды бір жағып, нәтиже шығара алмайды. Ақыры емін таба алмаған соң, жарасын жұқпалы деп тауып, оны майданнан қайтарады. Үмбетәлі туған жеріне келген соң, аз уақытта әлгі қапқара жара өзінен-өзі кетеді. Бұны да естіген кейінгілер: «Бұл Сапар молданың бір кереметі» деп айтып жүрді. Әйтпесе, қырғын соғыстан ұлының аман қайтуы екіталай болатын. Ұрпағының әрі қарай жалғасуы тоқтап қалар еді. Сапар молданың немересі Тәжібай аға: «Атам Сапар молда Игісінұлының ажалы неден болғанын да білмейміз. НКВД молдаларды оққа байлағаны шындық. Түрмеде атты ма, әлде қашып шығып, ажалы басқалай болды ма, беймәлім. Кейін Қазалы жақтағы бейіттерден атамды қанша іздедім, бірақ таппадым» дейді. Сапар молда қызыл өкімет тарапынан қамалғаннан кейін отбасы көптеген қиындықтарды бастан өткерген. Молданың баласы делініп, Үмбетәлі жырау шетқақпай көрген екен. Міне, заманында жақсы, ескіше білім алып, діни сауатын ашқан, есейе келе жүрегінен жауһар жыр төгіп шайыр атанған, ерекше қасиетімен елге көрінген Сапар молда Игісінұлының зерделі зерттеушісі табылса, оның жоғалып кеткен өлең-жырлары, жазба айтыстары ғайыптан қолға түссе, Арал өңірінің жыр сүлейлерінің қатарынан ойып тұрып орын алатын жайы бар. Өткенімізді түгелдесек, болашаққа аманат болатын тұлға.

Е.ЗЕЙНЕТҰЛЫ
01 сәуір 2023 ж. 322 0