Жыраудың баласы

Тәжібай екеуміз бала күнімізден Қарақұмның құмында тай-құлындай тебісіп қатар өстік. Содан бері күні бүгінге дейін жұбымыз жазылған емес. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бірімізден кейін біріміз қатар бітірдік. Ол диплом алғасын педагогтік қызметке ауысты. Зейнетке шыққанша №14, №260 мектептерде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беріп, ауданның алдыңғы қатарлы ұстазы болды. Менің Тәжібай туралы жазуыма себеп болған нәрсе – ол білім жүйесінде, басқа салада жүрсе де мәдениет пен өнерден бір елі ажырамағаны. Тіпті бір кездері уақытша болса да аудандық мәдениет үйінің директоры, халық театрының режиссеры, көркемдік жетекші сияқты әртүрлі қызметтерді абыроймен атқарды. Режиссер ретінде бірқатар спектакльдерді дайындап, сахнаға шығарды. Өзі де рөлдерде ойнап, 1972 жылы драма ұжымының халықтық атақ алуына өз үлесін қосты. Оқушылардың жазғы демалысы кезінде Тәжібай үнемі мәдениет үйінде жүретін, тіпті ақысыз жұмыс істеген күндері де болды. Жалпы, өздері басқа салада жүрсе де мәдениет пен өнерге жан-тәнімен берілген адамдар аз болмады.Медицинадан Махашбай Алмағанбетов, Құңқияш Омарова, Марзия Ізбанова, зауыттан Сахитжан Өтениязов, білім саласынан Мәдина Жүсіпова, Аманқос Жүсіпов, Нағашыбай Құлманов, Талғат Дәрменов, Марат Қырымов, Дабыл Омаров, Дастан Көзмағанбетов, Октябрь Ізбанов және басқалар өздерінің жұмыстан бос кездерінде әрдайым мәдениет үйінен табылушы еді. Мәдина Бөгеннен, Кұңқияш Қаратереңнен жиі келетін. Негізгі жұмыстарын тастап, үнемі мәдениет үйіне кете бергесін басшыларынан "сол мәдениет бөліміне жұмысқа тұрсаңдаршы" деген сөгіс алып жүрсе де, олар өнерден бір сәт те ажыраған жоқ. Солардың ішінде әсіресе Тәжібайдың орны бөлек болды. Бұлардың барлығы да ауданның мәдениеті мен өнерін дамытуға өлшеусіз үлес қосты. Бүгінде Тәжібай композитор Дастан Көзмағанбетовтің басшылығымен ұйымдастырылған «Ұлағат» ардагерлер ансамблінің белді мүшесі. Ауданның түрлі мәдени-көпшілік шараларынан әлі күнге қол үзген емес.
Зейнетке шыққасын көп ұзамай бір күні Тәжібай маған қоңырау шалды.
– Жәке, мына татыран ағайындар маған молда бол, біздің татыраннан да бір молда шықсын да деп отыр, не істеймін, – деді.
– Е-е, не істейтіні бар, сауатың бар, қасиетті дінімізге бір табан жақындайсың, болсаң бол, оң болсын, – дедім. Содан ол молда болды, молда болғанда да ауданға белгілі молда болды. Кейде мен Тәжібайға:
– Ассалаумағалайкүм, аға, – деп звондаймын, жасы кіші болса да жорта әзіл болсын деп.
– Уағалайкүм, – деп, ар жағын аяқтамай, ассалаумағалайкүм дейді.
– Уағалайкүмүссалам, молда бол,– деймін мен. Болсақ болдық қой, өзің ше, дейді ол. Екеуміз рахаттанып бір күліп аламыз.
Бүгінде Тәжібай жұбайы Жұпармен бірге ұлын ұяға, қызын қияға қондырған ауданға белгілі мерейлі отбасы. Балаларының қызығын көріп, көптеген немере-шөберенің қадірлі ата-әжесі атанып отыр. Міне, біздің Тәжібай осындай.
Жақсыбай Төребеков,
мәдениет саласының ардагері