Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ата жолын жалғаған

Ата жолын жалғаған

Ақын Нұртуған Кенжеғұлұлының "Мырзастағы" жыршылар мектебінде Жаңаберген, Жәмет, Дәріқұл сынды жыраулармен бірге дәріс алған, өнер әлемінде маңғаз мақам мен сұлу сазды өнер иелерінің бірі, Арал, Қазалы жыршы-жыраулық дәстүрiнiң көрнектi өкiлi Жаппарберді жырау Тілеубергенұлы ел жадында жатталған. Осындай дара тұлғаның шығармашылық мұрасын жыраудың шөбересі, жерлесіміз, дәстүрлі әнші, талантты жас Амандық Жаппарбердиев ұрпақтар сабақтастығы аясында жалғастырып келеді. Бүгін жас өнерпазбен жыраулық дәстүр жайында әңгімелесудің сәті түсті.
– Дәстүрлі ән өнерінің мән-мағынасы неде деп ойлайсың?
–Дәстүрлі ән өнері – халықтың рухани азығы, мәдениетіміздің ұлттық ерекшелігін айқын таныта алатын шоқтығы биік бөлігі. Дәстүрлі ән өнерінің бүгінгі таңдағы мақсаты мен міндеті ұлттық эстетикалық танымды паш ету, рухани құндылықтарды дәріптеу, ұлттық мұра арқылы ұлт тарихымен сабақтастыру, рухани өлшемін айқындау мақсатында көрінеді. Сондықтан дәстүрлі әннің мән-мағынасын тарихи әлеуметтік тұрғыдан ғана емес, әнді талғаммен тыңдауды мектеп жасынан бастап қолға алу керек. Әнге деген махаббат, биік талғам терең құндылықтарды қалыптастырады. Ол ұлтқа деген құрметті арттырып, отансүйгіштікке дәріптейтін аса бағалы өнеріміздің бірі. Себебі әр ән – бір тарих, әрбір ұлттық әуен – ұлт рухының тынысы.
– Ұлттық рух, қазақы болмыс, ұрпақтар сабақтастығы деген ұғымды қалай түсінесің?
– Өскелең ұрпағымыздың жүрегінде ұлттық рух лаулап жанып, жаны мен қанында қазақылықтың лебі есіп тұрса, жаһандану үдерісінің ұлтымызға әкелер қаупі жоқ деп айтуға толық негіз бар. Рухы мықты ұлт қана ұлы ұлтқа айнала алады. Ұлттық рух – ұлттың жетістігін, рухани байлығын бірік¬тіріп отыратын, ұрпақтан-ұрпаққа табысталып отыратын рухани қазына. Қазақ ойшылы Шәкәрім «рух дегеніміз – таза ақыл» дегендей, бойында ұлттық рух болмаса, ұрпақтың ішінен зиялылар қатары қалыптаспайтыны ақиқат. Қазақы болмыс қазақтың қара өлеңінде деп ойлаймын. «Жырау – ұлттың жүрегі» деген сөз тегін айтылмаса керек. Арал өңірі – бағзы заманнан бері небiр сұңғыла ақын, жыршы-жырауларды дүниеге әкелген ән мен жырдың мекені. Қазірде тарих қойнауында көмескiленiп қалған небiр өнер саңлақтарының есiмдерi жаңғырып, халқымен қауышуына олардың мұрагерлері, ата жолын жалғаған ұрпағы өзіндік үлесін қосуда.
– Жаппарберді жыраудың шөбересі әрі өнегелі жолын жалғастырушы жас жыршы ретінде аталған өнер иесінің өмiрi мен шығармашылығы жайлы тоқталсаң...
– Халық арасынан құнды деректер жинап, тарихи-әдеби тұрғыда зерттеп, мәлiметтер жариялаған мәдениет саласының қайраткері Мұрат Сыдықовтың, Сыр бойы, оның iшiнде Арал өңiрiнiң жыраулық-жыршылық дәстүрiн әдеби тұрғыда зерттеген белгiлi фольклортанушы ғалымдардың кітаптарында бiраз мағлұматтар жинақталған. Алайда Жаппарберді жырауға қатысты мәлiметтердiң аздығын да айтуымыз керек. Осы кезге дейiн оның саусақпен санарлықтай ғана туындыларын ел игiлiгiне пайдалануда.
– Дарынды өнер саңлағының көптеген шығармасы болғандығы белгілі. Сол деректер жайында және өзің баба мұрасын қаншалықты меңгергендігіңді айтып өтсең...
– Әрине, жыр қоры өте мол болған бабамның өз жанынан өлең шығармауы мүмкін емес. Үш күн толастамай жырлайтын, өңірдің ең көрнекті жырауларының бірі болған. Нұртуған шайырдың «Мәулімнияз-Едіге», «Қарасай-Қази», «Паналы қыз» дастандарын, бұған қоса көптеген терме-толғауларын орындап, түрлі ән мақамдарын шығарған...
Бізге белгілі мақамының бәрін орындай аламын. Жалпы, ол кісінің ән-мақамының иірімі мол, кең тынысты, күрделі. Әр иіріміне мән беріп, асқан шеберлікпен орындауды талап етеді. Ол басқа жыраулардан сағаға салып айтатындығымен ерекшеленеді. Ал домбыраның сағасына түсіп жырлау – дауысы кең тынысты орындаушыларға ғана тән өнер. Жыраудың орындаушылық шеберлігі соншалық, дауысы "қозы көш" жерге дейін жететін деп еске алған екен көз көргендер. Жаппарберді жыраудың қолжазба мұралары сақталмаған. Дегенмен, дәстүрлі өнерді серік еткен көпшілік оның ерекше дарын иесі екендігін шүбәсіз мойындайды.
– Кезінде жыраудың көзiн көріп, жырын тыңдаған жандардың естеліктері бар ма?
– 1920 жылдары Сыр бойында үлкен бір жиын-той болып, арасы алшақтау жағалай үйлер тігіліп, бес-алты ауыл болып орналасады. Соған Нұртуған жыраудың шақыруымен Жаппарберді, Жаңаберген бастаған алты жырау қатысып, әр ауылға біреуден бөлініп жырлапты. Жыр кеші таң атқанша созылып, таң атқанда Жаппарберді жырау ауылында ғана жыр тоқтамапты. Қалған ауылдың адамдары жырау отырған жерді көру үшін ол отырған ақбоз үйді көтеріп апарып, басқа жерге орналастырады. Өздері Жаппарбердіні аппақ құмда қоршай отырған. Жырау терме мен дастаннан бөлек, әсем әндерді құйқылжыта орындап та тыңдаушысын баурап отырады екен. Осы естелікті айтқан Үмбетәлі жырау «Шынында, Жаппарберді бәрімізден жүйрік, алдынан тыңдаушы кетпеген арқалы жырау еді» дейді. Ал туыс ағамыз Оразғали Ерекешов сол жылдары Аманөткел ауылына жақын Қотанкөл деген жерде атақты бес жыраудың сайысқа түскенін, сайыста Жаппарберді жүйріктігін танытып, жеңімпаз атанғанын, сол сайыста Жаңаберген жырау екінші орын алғанын айтқан екен.
– Енді жырау туралы өз отбасының жадында сақталған әңгімелерге тоқталсақ...
– Жаппарберді жырау 1895 жылы дүниеге келген. 1936 жылы 41 жасында өмірден озған. Сексеуіл кентінде жерленген. Әйелі Алуаш әжеміз 1988 жылы өмірден өтті. Әкесі Тілеуберген дәулетті адам болған екен. Анасы диірмен тартқызбақ болса, ол далада қамшыны домбыра қылып, ыңылдап ән айтып жүреді екен. Баласының домбыраға деген қызығушылығын байқаған әкесі домбыра жасатып беріпті. Осылайша Жаппарберді бабам 11 жасынан "бала жырау" атанады. Ол 11 перзент сүйген. Сол балалары тұрақтамай, барлығы шетінеп, артында Тойбазар атты ұл мен Гүлшат деген қызы ғана қалыпты. Өз әкем Нұрмахан – сол Тойбазардың жалғыз ұлы. Әкеммен Айымкүл, Айнагүл апаларымыз бірге туған.
Жырау атамыздың 4-5 жасында шетінеген тоғызыншы баласының аты Амандық екен. Көзі тірісінде сандық толы қолжазба мен кітаптарын әйеліне аманаттап, «17 жасында осы Амандық балам жолымды жалғастырады» деп, болашағынан көп үміт күтіпті. Ал жыр-термеге емес, ұсталыққа бейім болған Тойбазар атамыз 1939 жылы әскер қатарына алынып, Отан қорғауға аттаныпты. Одан әрі Ұлы Отан соғысына қатысады.
Осы жағдайлар өзегін өртеп, қабырғасын қайыстырып, қолында қызы Гүлшат ғана қалған Алуаш анамызға әулет ағайындары келіп, жыраудың сандық толы қолжазбасын "бейітіне апарып көмеміз" деген сылтаумен алып кеткен. Бұл күндерi жыраудың көзiн көргендер мен жырымен сусындаған көнекөздер қатары да азайған. Олардың естелiктерi мен тиiстi мекемелерден жинаған құнды деректермен мұрағат қорын молайттық. Өз әулетімізде сақталған әңгімелер де бар. Сол кезде жоғалған қолжазба табылса, нұр үстіне нұр болар еді. Жастайымнан Жаппарберді жырау бабамның мұрасын игеруді, ән-жыр дәстүріндегі ерекшеліктерді тануды мұрат еттім. Бүгінде осы бағытта ізденістерімді жалғастырудамын.
– Сыр өңірінде жыр жүйрігінің есімін мәңгі ел есінде қалдыру мақсатында қандай шаралар өткізілді?
– Бүгінгі күнге дейін Сыр бойы жұртшылығы Жаппарберді жыраудың есімін жадында сақтап, жыраулық дәстүрін өнерпаздар жалғап келеді. Дегенмен зерттеу, қозғау салуымыздың нәтижесі, жемісі болар, өткен жылы Қызылорда облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен, Арал аудандық жыраулар үйінің бастамасымен Сыр сүлейі, жырау Жаппарберді Тілеубергенұлының 125 жылдығына арналған "Сұлу саздың жүйрігі – Жаппарберді" атты республикалық жыршы-жыраулар фестивалі өткізілді. Оған республиканың түкпір-түкпірінен дүлдүл жыраулар қатысып, өз өнерлерін паш етті. "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында өткізілген бұл фестиваль сүлейлердің жауһар жырларын, ұлттық өнерді дәріптеудің, насихаттаудың айқын көрінісіндей болды. Осындай ізгі шаралардың өзі жас ұрпақтың рухын оятқан ұрпақтар сабақтастығының бір парасы десек болар...
– Өмір жолыңда мақсат-мұратыңа жету жолында нендей істер атқарудасың?
– 1991 жылы 13 қаңтарда Жақсықылыш кентінде дүниеге келдім. 2009 жылы №19 қазақ орта мектебін тәмамдадым. Мектепте оқып жүріп-ақ қолыма домбыра алғандағы мақсатым да баба жолын жалғастыру болатын. Өмірде қандай жетістікке жетсем де, қандай биіктен көрінсем де, ол тәлім-тәрбие берген әкем Нұрмахан мен анам Әбризаның және білім нәрімен сусындатқан ұстаздарымның арқасы дер едім. Ізденісім, жинаған тәжірибем арқылы өнерсүйер қауымға құнды жаңалық ұсынғым келеді. Сүлейлер сөзін терең ұғыну үшін алдымен тіл маманы ретінде сараптама жасауым керектігін ұғындым. Осы мақсатта 2009-2013 жылдары Ақтөбе мемлекеттік институтының филология факультетін бітірдім. Мұнан кейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне "Дәстүрлі музыка өнері" мамандығына облыс әкімінің гранты бойынша оқуға қабылдандым. Аталған оқу орындарында жүріп Батыс пен Сыр бойы жыршылық мектебімен жалпылама танысып, екі жыр мектебінің де мақамдарын еркін меңгердім десем де болады. Бұл тұрғыда менің ата жолын жалғап, дәстүрлі өнерге қадам басуыма ықпал еткен ұстазым, белгілі жырау Айбек Тәңірбергеновтің, университет қабырғасында орындаушылықтың қыр-сырына қанықтырған Руслан Ахметовтің еңбегі ерекше.
– Алғашқы қадамыңды тегіңді танудан, баба жолын жалғаудан бастаған екенсің. Өмірлік ұстанымың жөнінде де айтып өтсең...
– Дұрыс айтасыз... Кім болса да өмірде алғашқы қадамын айналасын, ата-тегін танудан бастайды емес пе?! Бұл менің ата мұрасын жалғастырушы ретіндегі алғашқы қадамым деп есептеймін. Мұнан бөлек, дәстүрлі өнерді насихаттауға да азды-көпті үлесімді қосып келемін. Қазіргі таңда облыстық филармония әртісі ретінде де көптеген сахнада өнеріммен көрініп жүрген жайым бар. Шаңырақта "бала әкеден ақыл, анадан мейірім алады" деген. Отбасылымын, жұбайым Зулфия да жыраулық өнерді серік еткен жан. Жарым екеуміз бүлдіршіндерімізді саналы, өнегелі етіп тәрбиелеуге талпынудамыз.
«Қорқыт ата" кітабында «Ата даңқын шығарып, өзінің тегін қуған балаға ешкім жетпейді» деген нақыл сөз менің өмірлік ұстанымым деуге де болады. Жаппарберді жырау туралы арнайы зерттеулер жүргізілмеген, нақты деректер сақталмаған. Дегенмен, қолда бар деректерді жинастырып, шығармашылық еңбектерін қазіргі және болашақ ұрпаққа аманаттау – парызым.
– Әңгімеңе рақмет. Өнер көгінде қанатың талмасын!

Әңгімелескен Күлдәрі Махсұт
14 ақпан 2021 ж. 558 0