Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Алматыда ұлттық дәстүр мен дін мәселесіне арналған конференция өтіп жатыр

Алматыда ұлттық дәстүр мен дін мәселесіне арналған конференция өтіп жатыр

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасында «Тарихтан тағылым: ұлттық дәстүр және дін мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп жатыр. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, конференцияның мақсаты – тарихи мысалдар негізінде зайырлы қоғам ұғым-түсініктерін насихаттау, рухани құндылықтар арқылы діни-экстремистік ағымдарға қарсы тұру мәселелерін талқылау.
«Біз өзіміздің рухани құндылықтарымызды сақтау мәселесін, жаһандану заманында өз ерекшеліктерімізді сақтап қалуды қарастырамыз. Сонымен бірге, әртүрлі діни ағымдар біздің ұлттық мәдениетімізді жоққа шығаруға тырысады. Ширк деп өзіміздің төл мәдениетіміздің ерекшеліктерін бұзуға тырысады. Бізде сыртқы мәдени үдерістер, ықпал етулер бар. Біз өз тарапымыздан сыртқы ықпалға қарсы тұру үшін өз меніміз, өз мәдени ерекшеліктеріміз болу керек. Егер болмаған жағдайда, сырттан келгендерді қабылдаймыз», - деді «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің директоры Арман Әубәкір. 
Оның айтуынша, Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары қазақтың рухани әлеміне араби және әртүрлі діни ағымдар кіріп кетті. Бұның көпшілігі біздің төл мәдениетімізге қарсы болып шыққан. 
“Еліміздегі орыстілділер болсын, қазақтілділер болсын қазақ болу осы екен деп, яғни, орысшылдықтан қашамын деп байқамай арабшылдық, арабсентризм сияқты ауруға шалдықты. Бүгінгі жиында осы мәселерді талқылаймыз. Сонымен қатар, бұл мәселені бір қырынан емес, жан-жақты қарастырамыз. Өйткені, бұған дейін осы тақырып талқыланғанда, көбінде тек дінтанушылардың ойы айтылатын. Бүгін біз мәдениеттанушылардың, тарихшылар мен дінтанушылардың басын бір арнаға тоғыстырып, осы жағдайды кеңінен талқылағымыз келеді”, - деді ол. 
Аталған конференция ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ мемлекеттік грант негізінде «Дәстүрлі рухани құндылықтарды қолдау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру» атты әлеуметтік жоба аясында өтіп жатыр.


24 мамыр 2019 ж. 921 0