Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Мақамы әнге ұласқан сыршыл сүлей

Мақамы әнге ұласқан сыршыл сүлей

         Біз көп жоғы әлі түгенделмеген халықпыз. Оған басты кінәлі себебіміз–соңғы екі-үш ғасырлық өткен тарихымыз. Ғасырларға созылған орыс отаршылдығы, ұлттық біртұтас түтіндігімізді, салиқалы салт-дәстүрімізді, тұмса табиғаттай таза өнерімізді түрлі-түрлі қиғылықпен жоюға тырысқан Кеңес өкіметінің зардапты сұрқия саясаты – елдік рухымызды жоймағанмен де, жығасын  қисайтып кетті. Ондағы жылдар бойы даладай дана халқымыз рухани, мәдени дамуында құйтырқы саясат салдарынан дағдарысқа ұшырады, барынан айрылды, ұлттық ділінен, генетикалық кодынан адасып, халықтық  ұғым-түсінігінен басқа арнаға ауысқандай халде болды. Ең жанға бататыны – ұлттың дара болмысын танытатын өнері, мәдениеті шетқақпайланды.
         Енді, міне, сол көп жоқты түгендеудің орайы еліміз тәуелсіздік алған жылдардан соң туындап отыр. Тіпті «құлан қағынан жерін­ген­дей» болып, бертіндегі өнер саңлақтарын ұмытып, кеңестік  кеңкелестік ауанмен кетіп қалғандай да жағдайларымыз бар. «Ру­хани жаңғыру» аясында соңғы жылдары осы тараптағы жоқтарымызды аршып алып жат­қанымыз дәтке қуат береді. Осы бір серпіліс енді үзіліп қалмай, арнасын кеңейте берсе екен деп тілейміз. Енді «кеткеніміз келіп, кемтігіміз толып» жылдардың қатпар-қатпар қойнауында қалып қойған асылдарымызды аршып алып, қайта қауышар рухани, мәдени қазынамыз халқымыздың бүгінгі өркениетті дамуымен тонның ішкі бауындай қабысып, асқақ рухымызды аспандатып тұрса дейміз.         Табылған «жоқты» айтқанда, алысқа бар­май-ақ қайбірде қолымызға кездейсоқ түскен Шамыран жырау Алданұлының – тамаша талант иесінің өлең-жырлары, термелері, хикаят­ты дастандары жинақталып шыққан кітабы еске түседі. Өнерден жыраулар, сүлей­лер әлемінен азды-көпті хабардармыз деп жүрген біздердің өзімізге бейтаныс тұлға, өнер иесі. Қызығушылықпен бірнеше қайтара шұқшиып, зерделей, зерттей қайта-қайта оқы­дық. Әл-қадірімізше шығармашылық те­реңі­не барынша бойлауға тырыстық. Біл­гені­міз ел-жұрт, көрші аймақтар, ұшан-теңіз­дің ар жағын жайлаған қаны туыс қарақал­пақ­тар мен түркімендер бұл кісіні өз кезінде сұңғыла, сыршыл жырау, Сыр сүлейлерінің соңғы сарқыты деп таныпты, біліпті. Соны жанымызға түйгендіктен де, артында қалған асыл дүниелерін көңілге тоқып оқыған соң барып, арада жылдар салған ауыр пер­дені ашып, оның даңғайыр жыраулық соны соқпағын, ақындық дарынды дарабоз бол­мысын, жүрегінен жақұтқа орап, кеуде сарайы­нан шым-шымдап шығарған шайырлық тау тұлғасын жете танығандай, соның ауанымен желе жорытқандай болдық.
         Алтай мен Атыраудың арасын мекен еткен Алаш жұрты біздің аймақты «Сыр елі – күмпілдеген жыр елі» деп бекерден-бекер атамаса керек-ті. Осынау үлкен  бағаға бүгін ғана қазақтың бір алдаспандай арда ақыны Серік Ақсұңқарұлы: «Сыр елі, жыр елі – түркінің жүрегі» деп тым кеңейтіп беріпті.
         Иә, мақтансақ мақтанарлықтай бары шын. Ықылым, көне заманнан бері тамыр тартып, бүгінгі күнге дейін ұлы сорабын жоғалтпай жетіп отырған алтын арқаулы, ұлан-дария ар­налы жыраулық, жыршылық, шайырлық дәстүр – ұлттық үрдістегі өнеріміздің өзегі боп келе жатыр. Сол Сыр сүлейлерінің біздің өңірдегі ең бір заңғары Нұртуған Кенже­ғұл­ұлының ізбасары, ерен жүйрік жыр дүлдүлінің шайырлық, оның шәкірттерінің жыраулық өнерін бір жалғастырушы осы біз бүгін оқыр­мандарымызға көздестіргелі, көзайым қыл­ғалы,  кеше мен бүгіннен қазбалап айт­қа­лы отырған жырау Шамыран Алданұлы болыпты.
         Тағы бір айта кететін жайт, «көзден кетсе, көңілден кетеді» дегендей, Шамыран жырау­дың біраз ғұмыры туған жерден, елімізден жырақта, шет жақта, қарақалпақ жерінде өткен­діктен де, жерлестері ол туралы көп біл­мей, бірте-бірте кешегі дүлдүл жырауды ұмы­та бастаған сыңайлы. Тек қана ақиық ақынның, жампоз жыраудың жас шағында жыр нөсерін тыңдап қалған кәрі құлақтардың, бірен-са­ран жыршылардың есінде жүрсе керек. Міне, енді аталмыш кітабы арқылы Шамыран жырау Алданұлы өзінің кіндік қаны тамған, бойына тұңғиық өнер дарытқан туған жері – Арал өңірімен сағыныса қайта қауышқандай, адасып табысқандай болып отыр. Жыраудың жалғыз мұрагері, бір толқын ақындығы бар, жыршылығы да бар қызы Сұлушаш былай деп толғанады.
         Сен жазған, әке, жырларың,
         Қолында кетті өңшеңнің.
         Пайдаланып жастықты,
         Бағыңа сеніп белсендің.
         Жырларың тарап халыққа,
         Шықпады және жарыққа.
         Келмеді бір іс қалыпқа,
         Бұған да, әке, тарықпа.
         Мен сау болсам індетіп,
         Шығарамын жарыққа,– деген шынайы, жүрекжарды өлең жолдарынан іздеусіз қалған жырау әкенің шығармашылық трагедиясын аңғарамыз. Оның асыл мұрасының халық жа­дынан шығып кеткендігіне үлкен өкініш білдіре отырып, өзін-өзі жұбатады, атақты жыраудың жауһар туындыларының ел-жұртының қайта қазынасына айналарына сенеді.
         Шамыран жырау мұрасын азды-көпті зерт­теп, біршама ізденіс танытқан жас ізденуші, зерттеуші Алмат Ержанов оның соқтықпалы- соқпақты өмір жолы туралы былай деп жа­зады: «Шамыран Алданұлы 1930 жылы Арал ауданы, Жаңақұрылыс елді мекенінде дүниеге келді деседі... Шамыранның әкесі Алдан 1941 жылы соғысқа аттанып, содан қайтып оралмаған. Анасы Рәбиға Қабылқызы үш баламен жесір қалған. Сол кезде Рәбиға 27 жаста екен. Қаралы хабар келгенде ол ерін жоқтап жылап, қатты күйзеледі. Сол себептен үйдегі бар ауыртпалық Шамыранның мойнына артылып, үлкендерге еріп, егістік алқабынан масақ теріп, шешесі мен інілері Шанжархан, Әуезханның аузына нан салып, өз қамқорлығына алған.
         Шамыран Алданұлы тағдырдың тауқыметін тарта жүріп, бала кезден домбыраға, өнерге әуес боп өскен. Тек әуес болып қана қоймай, Нұртуған бабамыздың төрт қиссасы «Орақ-Мамай», «Қарасай-Қази», «Көрұғылы»,  «Едіге» дастандарын жеті-сегіз жасында жаттап алып, той-томалақта, ел-елді аралап үш күн, үш түн талмай жырлайды екен. Осылайша, үлкендер оны «Бала жырау» атандырып, Арал, Қазалы төңірегіне танымал болыпты.
         Шамыран жыраудың 80 жастан асқан Тілеужан атты немере ағасы: «Біздің арғы бабаларымыз Арал топырағынан шыққан Доспамбет жыраумен түйіседі. Доспамбет суы­рып салма ақын екен. Бірақ өзінен тіке­лей ұрпақ тарамаған. Біз оның інісінің ұрпақ­тарымыз. Шамыранға жыраулық өнер сол кісі­ден немесе Нұртуған жыраудан дарыса керек» деп тебіреніп отыратын.
         Шамыран жыраудың балалық шағы со­ғыс уақытымен кез келгендіктен бе, ауыр әрі шытырманды болып өткен. 7-8 жасында домбыра тартып, ән айтып, жыр толғап, Арал, Қазалы өңірінде аты мәшһүр болған. Жасы он бірге іліккен кезде қарақалпақ ауылдарын аралап, жауһар жырдан шашу шашқан. Сондай күндердің бірінде із-түзсіз ғайып болып, хабар-ошарсыз кеткен. Анасы күні-түні зар еңіреп іздестіреді. Қаралы әйелдің баласын жоғалтқанына күйзелген ел бүкіл ауыл бо­лып іздесе де, көрдім-білдім деген адам кез­дес­пейді. Інісі Шанжарханның айтуына қара­ғанда, Шамыран араға жеті жыл уақыт салып ауылға оралған көрінеді. Шамыран ағамыз Қарақалпақстанда жүріп, өнері мен еті тірілі­гінің арқасында лауазымды кісілермен ара­ласып, солардың ықпалымен зоотехник, механик болып шопырлықты меңгеріп, өзінің бастығының көлігімен ауылына келген екен. Елге оралған соң отбасын құрып, балалы-шағалы болыпты. Оның үлкен-кішіге сыйлы, кішіпейіл, қарапайым жан болғанын көзі көрген қариялар айтып отырады.
         Шамыран жырау 1971 жылдың қыркүйек айының 27 жұлдызында  41 жасында дүниеден озады.  Небәрі қырық бір жыл өмір сүріп, соңғы үш жылы  аурумен өтсе де, Шамыран Алданұлы ұрпаққа өнегелі сөздері мен мирас боларлық жыр-дастандарды артына мұра етіп қалдырды.
         Белгілі жырдың жас зерттеушісі жазған өмір дерегі, міне, осындай. Көріп отырғанымыздай, бала кезінен жырау атанып, 12 жасында көркемдігі тәп-тәуір «Әкеге хат» деген өлеңін шығарған екен. Оның өлең-жырлары ден қоя оқығанда, тек қана фольклорлық сарындағы ауыз әдебиетінің үлгілерімен жазған талант­ты шайыр ғана емес, қалыптасқан клас­сика­лық жазба поэзияны да жақсы игер­ген­дігін образды, бейнелі, көркем сөз қол­даныс­та­рынан көрінеді. Міне, осындай үлгі­дегі «Ер­те үзілген жапырақ», «Кеште», «Қағаз­ға өлең төгілді», «Ғашықтық деген тым қиын», «Лү­піл­дейді жүрегім» өлеңдері – жазба поэзияның әдемі жемістері. Суретті сөз орамдарын кес­те­леуі, образды жарқыратып беруі оның талант­ты да ойлы ақын да екендігін айғақ­тай­ды. Әлгінде аталған «Қағазға өлең төгілді» атты өлеңінде ақын:
         Көк жиек бозғылт, таң жақын,
         Төбеден жайлап ауды үркер.
         Қиялмен әлі бірге ақын,
         Күш қайда ұшқыр ойды іркер?!
         Жайнатқан шұғыла байтақты,
         Көрпесі түннің сөгілді.
         Ақынның жаны жай тапты,
         Қағазға өлең төгілді.
         Ғайыптан тосын кез болып,
         Қарадық та отты көзіңді.
         Шайқалттың соғып жел болып,
         Тұп-тұнық тұрған сезімді.
         Өзіңді ойлап бір ғана,
         Ұзатамын күнді ұзын.
         Түн болса жанған нұрлана,
         Сенсің жарық жұлдызым.
         Айналдырған төрт шумақтан тұратын, етек-жеңі жинақы, «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін» өлең-ақ. Ой мен сезімнің құбылмалы бір сәттерін дөп басқан. Образдылық  бар, бейнелі сөздер, тың теңеулер өлеңнің әрін ашып тұр. Осы іспетті ұйқасы да,  құрылымы да қайбір аузымен құс тістеген мықты ақындардың дүниелерінен кем түспейтін туындылары ақын талантының тереңдігін, кемелдігін танытады.
         Өкінішке орай, нағыз шығармашылық ке­меліне келген, сұңғыла жырау боп қалыптасқан шақтары Қарақалпақстан жерінде өткендіктен де осы тақылеттес қымбат жыр маржандары, әнге бергісіз мақам саздары қолымызға үзік-үзік тиіп отыр. Мүмкін, ілкімді іздеушісі табылса, мұндай мұралары туған еліне қайта оралар ма еді?!
         Шамыран жырау өзінің  «Дариха» атты көлемді дастанын небәрі 26 жасында шы­ға­рыпты. Осы эпостық жырын тыңдау­шы­сы­ның құлағының құрышын қандыра отыра,  Сыр өңірі, Арал аймағынан бастап анау қара­қалпақ  арасына дейін таратқан. Қалай бол­ған­да да, Шамыран жырау Алданұлының шы­ғар­машылық мұрасы, жыршылық, орын­дау­шылық мәнері, сыршыл мақамы Сыр сү­лей­­лерінің кейінгі дәуірдегі дәстүрге берік та­лант­ты өкілдерінің бірі болғандығын анық дәлел­дейді.
         Осы мақаланы жазуға дайындық бары­сында ауданымыздағы белгілі жырау, қазіргі Нұртуған шайыр мектебінің дарынды өкілі Айбек Тәңірбергеновтен сыр суырт­пақ­таған­быз.
         «Қайталанбас жырау Шамыран Алданұлы әкем Жақсанның туған қарындасы Ақзер Тәңірбергенқызының жолдасы. Осыдан бір­не­ше жыл бұрын Ақзер апамның құлпы ашылмас сандығының түбінде жылдар бойы сарғайып жатқан жыраудың қолжазбаларын алып, біраз уақыт үңіле оқып, өшіп қалған жерлерін өзімізше қалпына келтірдік. Сосын барып қызылордалық журналист Ағыбай Орынбаевқа кітап қылып шығаруға тапсырдық. Кітапты шығаруға жыраудың қызы Сұлушаш апамыз көмек берді. Кітаптың көлемді болып шығуы – біз үшін де, оқырмандар үшін де, зерттеушілер үшін де сүбелі еңбек болды. Қазір менде Шамыран жыраудың даусы жазылған үнтаспа да бар. Оны тыңдаған сайын оның үнінің кереметтігіне таң қалып, тамсанып келемін. Ол – көп жыршылардың өресі жетпейтін дүние – Арал өңіріндегі бір­туар дарын Сары жыраудың (Күнсүгір) «Көрұ­ғылысын» кемеліне келтіре соңғы жырлаған кісі. Олай дейтінім, Сары жырау да, оның бел баласы Жампоз (Ұлы Отан соғысында қаза тапқан) да өз жандарынан мақам шығарған өнер иелері. «Сарының әні», «Жампоздың әні» деп жүргендеріміз осылар. Олар жырлағанда жыр оқиғасына сәйкес мақамды да сан құбылтып отырған, түрлентіп отырған. Жалпы, кейінгілерге Сары жыраудың мақамдарын және ол жырлаған «Көрұғылы» дастанын жеткізуші – Шамыран жырау. Тек қана зерт­теушісі тап болмай назардан тыс қалып келе жатқаны өкінішті. Әйтпесе, ол – ірі жырау. Сондықтан да Бесқаланы мойындатқан. Сол елдегі қарақалпақ, түркімен жыраулары «Міне, Шамыран келді» деп төрінен орын беріп жырлатқан.  Әкем Жақсанның айтуынша, ол өзі сырбаз болмысты, үнемі езу тартып отыратын ақ желең кісі екен. Және бір басты ерекшелігі, әншіл жырау. Олай дейтініміз, жыр мақамдары сұлу да сыршыл әндерге жақын боп келеді. Тағы бір аты–жүйрік жырау...» дейді Айбек ол туралы. Және де: «Оның «Үш мергеннің хикаясы» жырын оқып көріңіз. Шамыранның құла жүйрік екеніне көзіңіз жетеді» деп баға берді.
         Белгілі жырауды халқына қайта қауыштыру мақсатында 3-4 жыл бұрын аудандық мәдениет орталығында (Жыраулар үйі) еске алу кеші боп өткені есімізде. Сол кеште оның ұстаздары Нұртуған, Жаңаберген, Қарасақал Ерімбет шайыр, жыраулармен қатар Шамыранның «Әкеммен сырласу», «Бекет батырдың айдау­да кетіп бара жатқанда айтқаны» сияқты жырларын термеші-жыршы Айнұр Сүйеуова тамылжыта орындады. Заманында жыраудың көзін көрген, жырын тыңдап, өлеңіне сусын­даған Алдажұман Бисенбаев, Алмас Пішәйі­нов, белгілі сазгер, жырау Мұрат Сыдықов, атақты Үмбетәлі жыраудың баласы Тәжібай Үмбетәлиев,Төретам кенті «Қазақ тілі» қоға­мының төрағасы, ақын Серік Шағатаев, жырау­дың қызы Сұлушаш апа оның бол­мыс-бітімі, өнерінің сан қилы қырлары, дастан­дарының тақырыптық ауқымы, жыр жырлау құдіреті туралы сүйіспеншілікпен айтып, көрер­мендерге мол мағлұмат берген. Көз көр­ген­дердің өнер тарландарының әңгімелері, естеліктері, өнерпазға берген бағасы кейінгі ізденушілерге жырау мұрасын елге жете танытуда жол сілтері, бағдар көрсетері болары анық.
         Жыраудан қалған тұяқ, жалғыз қызы Сұлушаш Шамыранқызының әкесіне арнап кестелеген өлеңінде:
         Көңілдің жырдан шалқып құла белі,
         Қас ақын көкке өрлеген шынар еді.
         Қаламын Нұртуғанның алып қалған,
         Сен едің асыл сөздің мұрагері, – деп басып айтқандай, ұлы шайырдың бай мұрасынан тәлім алып, әрі қарай жыраулық дәстүрді сер­піл­те әлі талай асқақтатарына сенеміз.
        
Ерғали Абдулла,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
22 қазан 2019 ж. 1 545 0