Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ДІН МЕН ДӘСТҮР БІРЛІГІ – ҰЛТ БОЛАШАҒЫНЫҢ КЕПІЛІ

ДІН МЕН ДӘСТҮР БІРЛІГІ – ҰЛТ БОЛАШАҒЫНЫҢ КЕПІЛІ

Дін – адамдық ізгі қасиеттерімізді асқақтатса, салт-дәстүр – ұлт болып қалыптасуымыз үшін қажет. Расында, кез келген ұлттың өркениеті мен мәдениеті ғасырлар бойы жинақталған, бабадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық-рухани құндылықтардың негізінде қалыптасады.
Ата-бабадан аманат болып жеткен сол дәстүрлердің бір парасы сан ғасырлардан бері ұласып келе жатқан ұғым-ұстанымдар болса, ал басым бөлігі асыл діннің әсерінен пайда болған дағдылар. Осы тұста, тарихымызға көз жүгіртсек, сан ғасырдан бері ата-бабаларымыз ислам мен әдет-ғұрыптарымызды сабақтастырып, күні бүгінге дейін мәдениетіміз бен құндылықтарымызды жалғастырып келеді.Бүгін қоғамдағы осы бір өзекті мәселе аясында Арал ауданы әкімдігінің және аудан прокуротурасының ұйымдастыруымен «Дін мен дәстүрдің бірлігі – ұлт болашағының кепілі» тақырыбында ғылыми-тәжірибиелік конференция өтті.
Аталған конференцияға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитеті жанындағы Дін мәселелері жөніндегі республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі – Тұрар Әбуов, Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының Дін мәселелерін зерттеу орталығының директоры – Бақытжан Камалов, Қызылорда облыстық «Сыр дидары» газетінің бас редакторы – Сәкен Алдашбаев, Ақтөбе қаласының Дін мәселелері және қоғаммен байланыс жөніндегі орталығы басшысының орынбасары Бауыржан Жүсіповтер арнайы қатысты.
Ғылыми-тәжірибелік конференцияны аудан әкімінің орынбасары Рүстем Өтешов ашып, жүргізіп отырды. Жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының өкілдері, ардагерлер, білім ошақтарының ұжымы, үкіметтік емес ұйымдар мен діни бірлестік жетекшілері, белсенді жастар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің басын қосқан конференцияда алғашқы сөз тізгінін алған Т.Әбуов «Рухани жаңғыру – дәстүр мен діннің сабақтастығы» атты тақырыпта кең көлемді баяндама жасады. Өз сөзінде қазақ жұртшылығының бай құндылықтарын айта келе «Рухани-мәдени құндылықтарын сақтай алмаған ұлттың болашағы бұлыңғыр. Атам қазақ: «Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» дейді. Елу жыл дегеніміз – бір ұрпақтың толық алмасу кезеңі. Жүз жылда заман өзгеріп, жаңа құндылықтар пайда болады. Осындай кезеңде кім өзінің байырғы құндылығын сақтай алады, соның ұрпағы азбайды, өзі тозбайды» деп атап өтті. Сонымен қатар, бұл мәселенің тек қазақ ұлтынан бөлек мемлекетіміздегі өзге этнос өкілдеріне де қатыстылығына тоқталды. Яғни, елімізде өмір сүріп жатқан барлық ұлттың кемелденуі арқылы мемлекеттік тұтастық сақталатындығын ашып айтты.
Конференция барысы одан әрі Б.Жүсіповтың діни радикализм кезеңіндегі психологиялық зерттеулеріне ұласып, жиын қатысушылары дәстүрлі емес діни ағымдардың қауіптілігі мен құнсыздығына тағы бір мәрте көз жеткізді.
Мұнан әрі, Б.Камалов бүгінде сан ғасыр бойы қалыптасқан салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымызды жоққа шығарып жүрген бауырларымыз бар екендігін айта келе «Шын мәнісінде қазақ қоғамында Ислам діні мен ұлттық әдет-ғұрыптың қайшы келер тұсы жоқтығын, екеуі де бір-бірімен ұштасып, ұлтқа қалтқысыз қызмет етіп келеді. Сондықтан біз өзіміздің ұлттық болмысымызды, салт-дәстүіріміз мен әдет-ғұрпымызды, тарихымызды терең білсек, өзгелерге алданбаймыз. Бірлігімізді жоғалтпаймыз» деп түйді.
Ал, осы салт, әдет-ғұрып, дәстүр ұғымдарына жекелей тоқталып, ара жігін жіліктеп өткен С.Алдашбаев қазақ халқының күнделікті тұрмыстағы салт-дәстүрлерін мысалға ала отырып, әрбірінің шығу тегін терңінен талдап өтті. Осы мәселе төңірегінде көбіне дәстүрімізді насихаттаушы асабалар қауымын арнайы курстарда оқыту, мектеп оқушыларын рухани құндылықтарымызбен сусындату бағытында білім алуға бағыттау сынды арнайы ұсыныстар аталды.
Көпшіліктің көкейінде жүрген маңызды тақырыптар талданып, тағылымды тарихымыз сөз болған конференцияда аудан тұрғындары да тақырып төңірегінде өздерін толғандырған мәселелерін ортаға салап, дінтанушы өкілдер тарапынан тұшымды жауап алды.
Ғылыми-тәжірибелік конференция қорытындысымен аудан прокуроры А.Тәженов сөз алып, қозғалып отырған тақырыптың өзектілігіне тоқтала келе жас ұрпақ тәрбиесін жетілдіру жолында дәстүрлі дінімізді қоғамдық өмірмен етене байланыстырып, мектеп қабырғасында алып жатқан біліммен ұштастыру жайында бірқатар ұсыныстарын білдірді.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі
26 қыркүйек 2019 ж. 1 527 0