Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Спорт саласындағы соны серпін

Спорт саласындағы соны серпін

...Тамыз айы кәсіби мерекеге толы. Жаздың соңғы апталарында көкжиегі күн санап кеңейген қос бірдей іргелі саланың қызметкерлері өздеріне тиесілі мейрамды атап өтеді.  Соған сәйкес спорт саласындағы соны серпінді жетістерді мейлінше тақырыпқа арқау етуді жөн санадық.
Журналист деген мамандықтың жүгі қаншалықты салмақты екенін патша көңілді оқырман жақсы біледі. Біздің басын шалмаған тақырыбымыз кемде-кем. Қалам ұшымен қоғам қалыптастырып, сан-саладан сыр тартамыз. Сөйтіп жүріп көп нәрсеге қанығып, талай жәйтті көңіл кестесіне тоқимыз. Қысқасы, ауданның оң иммиджін қалыптастыруға жұмыс жасап, толымды тірлікті жарыса жазуға асығамыз.
      Сонымен негізгі тақырыбымызға көшсек. Сөз басында айтқандай, спортшылардың кәсіби мерекесі қарсаңында Арал аудандық дене тәрбиесі, спорт жэне туризм бөлімінің басшысы Толыбай Әлжановпен хабарласып, алтын уақытын бөлуді сұрадық.  Төртінші биліктің өкілінің меселін кім қайтарсын?! Қуана келісіп, әп-сәтте сала бойынша алты айда атқарылған жұмыстар төңірегінде жан-жақты мәліметтерді үстелге қойды. Қарап отырмыз, жүйелі жұмысты бағамдап отырмыз.
      Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қай кезде де спортқа айрықша қолдау жасайтынын дүйім ел біледі. Жеңіс туын желбіреткен саңлақтарға рухани демеу көрсетіп абыройын асырады, мерейін тасытады. Соның нәтижесінде еліміз бойынша қаншама «сен тұр, мен атайын» дейтін оғландарымыз байрақты бәсекелерде топ жарып, төрткүл дүниеге Қазақстанды танытты. Осынау Арқа төсінен бастау алған жеңісті жол қасиетті Сыр өңірін де шарпып, айдынды Аралда да бірінен соң бірі жұғысты болып жатты. Бейбітшілік кепіліне баланған спортты серік еткендердің табысты жолын естіп, көрген жағалау жұртындағы тілеулестер бөрікті аспанға атты, шаттанды, мақтанды.
Ілгеріде бұл салаға қызығушылар тек күрес пен бокс немесе футбол мен волейболды төңіректейтін. Қазір заман басқа, қоғам басқа. Аралда спортқа деген қызығушылардың қатары артқан. Үлкені де, кішісі де салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын ұғынып, бұқаралық спортқа бет бұрған. Сандарды сөйлетсек, біраз нәрсеге қанығамыз. Ауданда жүйелі түрде спортпен шұғылданушылардың қатары ай сайын емес, сағат сайын көбейгені көңілге демеу. Үстіміздегі жылдың өзінде спорт деген сиқырмен шұғылданушылардың саны 32113-ке жетіп отыр. Бұл дегеніміз аудан тұрғындарының 40,5 пайызын құрайды деген сөз. Мұның бәрі дерлік, Президент пәрменімен жүзеге асқан тапсырмалардың жемісі. Бүгінгі күні ауданда 228 спорт нысаны тіркелсе, оның ішінде 4 спорттық кешен, 1 стадион, 70 спорт зал, 14 бейімделген спорт бөлмелері көпшілікке қызмет көрсетуде. Облыс әкімінің тікелей қолдауымен қолданысқа енген Аманөткел, Қамыстыбас ауылдық округтері мен Жақсықылыш кентінде спорт кешені ел игілігіне жараған. Осы тектес баянды бастама аясында Аққұм ауылдық округінен де спорт кешенінің құрылысы қолға алынған.
Қош. Ауданда олимпиада ойындары бағдарламасына кірген 12 спорт түрі бойынша жұмыс жасалуда. Тарқатар болсақ баскетбол, бокс, волейбол, грек-рим, әйелдер күресі, еркін күрес және дзюдо, жеңіл атлетика, қол добы, таеквондо, теннис, әмбебап жекпе-жек сынды спорт түрлері қамтылған. Барлығында дерлік білікті бапкерлер еңбек көрігін қыздырып, жанарында от жанған жастарды дүбірлі додаларға сақадай-сай етіп әзірлеуге кіріскен.

Жылан жылындағы жетістіктерді жіпке тізсек, аудан спортшылары республикалық, облыстық жарыстарда жеңіс жалауын желбіретіп, туған жер мерейін үстем етті. Ал, Қазақстанның түкпір-түкпірінде ұйымдастырылған чемпионаттарынан бөлек жерлестеріміз Азиядан 32 медальді қанжығаға байлады. Оның ішінде 11 алтын, 9 күміс, 12 қолаға қолымыз жетті. Мұстафа Өзтүріктей батырымыз іргесін қалаған таеквондо спортын жетік меңгеріп, шығыс жекпе-жегіне тән шапшаңдықпен қарсыластарын қоғадай жапырған Мәди Исмайлов жетекшілік ететін спортшыларымыз қаншама рет ел мерейін асырды. Сондай-ақ дүниежүзіне аты мәшһүр Шавкат Рахмоновтың ізбасарларын октагонға бейімдеген Фараби Сауытбаев үкілі үміттерімізге төрт бұрышта ойқастаудың әдіс-тәсілін, қыр-сырын үйретуде.
 Иә, Қарақұмның перзенті, қазақша күрестен Қазақстанның екі дүркін чемпионы Көлбай Данабай, білікті ұстаз әрі бапкер Аманғос Есмырзаев, қазақ жастар арасында есімі көпке мәлім тұңғыш акробатик Дәри Құттымұратовтай сөнбес сәулелердің атын қастерлеп, жолын қуған бүгінгі буынның бағындырар белесі, алар асуы көп екеніне сенім мол. Өйткені, спортты жанымның қалауы деп білген жастардың көп екендігі осыны аңғартады. Спортшыларымыз жеңіс тұғырынан табылып, күллі қазақтың көңіліне қуаныш сыйлаған кезеңде Мемлекеттік Ту көтеріліп, Әнұран шырқалады. Бұл дегеніміз спорттың қаншалықты салмақты екенін байқатса керек. Кәсіби мереке аясында спортшыларымызға жеңісті күнде жолығайық дегіміз келеді.
А. ЖАЙШЫЛЫҚ
14 тамыз 2025 ж. 78 0