Талантты спортшыларды тәрбиелеген теңізді өлкедегі спорт мектебі
Топырағынан талай талант өсіп шыққан киелі Арал мекені мықты спортшыларымен де мақтанады. Теңізді өлкенің талантты балалары өткен жылы Әлем чемпионаттарынан – 5 алтын, 6 күміс, 6 қола, Азия чемпионаттарынан – 1 алтын, 1 қола медаль еншілесе, ҚР чемпионаттарынан – 11 алтын, 9 күміс, 10 қола жүлдені аймақ қоржынына салды. Сонымен қатар, аралдық 37 спортшы ҚР спорт шеберлігіне кандидат атағына ие болды.Арал ауданындағы №20 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі 2008 жылдан бері жас спортшылардың шеберлігін шыңдап келеді.
Бүгінде аталмыш мектеп қабырғасында 762 оқушы спорттың 8 бағыты бойынша тәлім алады. Мектеп спортшыларын кәсіби білікті 20 оқытушы-жаттықтырушы жаттықтыруда.

Спорт түрлері бойынша нақтырақ айтсақ, бокста – 6 жаттықтырушы, 220 спортшы, волейболда – 2 жаттықтырушы, 78 спортшы, футболда – 1 жаттықтырушы,30 спортшы, грек-рим күресінде – 2 жаттықтырушы, 78 спортшы, еркін күресте – 4 жаттықтырушы, 162 спортшы, асық атуда – 1 жаттықтырушы, 42 спортшы, тоғызқұмалақта – 2 жаттықтырушы, 66 спортшы, қазақ күресінде – 2 жаттықтырушы, 86 спортшы қамтылған. 
Спорт мектебіндегі жаттықтырушылардың ішінде екеуі - І санатты болса, алты жаттықтырушы - ІІ санаттағы білікті маман. 
Өткен жылы жас спортшылардың қажырлы еңбегі мен тыңғылықты дайындығы нәтижесінде Қазақстан Республикасы чемпионаттарынан 2 күміс, 2 қола жүлдені жеңіп алды. Сонымен қатар, мектептің 23 спортшысы ҚР спорт шеберлігіне үміткер нормативін сәтті орындады.
Жоғарыда аталған спорт мектебі спорттық-сауықтыру топтарына 7-8 жас, алғашқы даярлық топтарына 9-10 жас аралығындағы балаларды қабылдайды. Ал оқу-жаттығу топтарында кәсіби спортшылар даярланады. 
Жеке сұрақтарыңыз болса спорт мектеп директорының орынбасары Асылбек Жандаулет 8775-815-48-84 номеріне хабарласуларыңызға болады.
Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы
		





		
		



