Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Спорт саласындағы үздіктер марапатталды

Спорт саласындағы үздіктер марапатталды

Жылда тамыз айының үшінші жексенбісі еліміз бойынша Спорт күні ретінде аталып өтіледі. Бүгін сол дәстүрлі жолдың ізімен аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Кете-Төле би Бержанов аудан спортшыларымен кездесу өткізіп, айтулы саланың мамандары мен ардагерлерін мерекемен құттықтады.
Аудан әкімінің орынбасары алдымен елімізде спорт саласына деген қолдаудың жан-жақтылығын сөз етіп, бұқаралық спортты дамытуға да баса назар аударылып келе жатқандығын атап өтті. Сонымен қатар аудан көлеміндегі спорт саласының жетістіктері мен көрсетіліп келе жатқан қолдаулардың деңгейін назарға салды. Елімізде өтіп жатқан түрлі деңгейдегі, Азия және Әлем чемпионаттарында топ жарып жүрген үздіктердің есімдерін ерекше атап өтті. Сондай-ақ мұндай жетістіктердің артында жаттықтырушылардың еңбегі барын жеткізді.
– Байрақты додада жеңіс тұғырынан көріну – бірінші кезекте тәжірибеге, шеберлікке байланысты болса, содан кейін өр намыстың арқасы. Кез келген спортшыға бұйыра бермейтін Сіздердің жетістіктеріңіз ауданымыз үшін зор мақтаныш. Әрбір спортшының арманы – чемпион болу десек, сол мақсатқа талмай тер төгіп келесіздер. Осы орайда, спортшылардың айтулы жарыста жеңіс жалауын желбіретуіне, оларды бала күнінен спортқа баулыған жаттықтырушыларының еңбегі зор деп білемін, – деді К. Бержанов.
Аудан әкімінің орынбасары мереке қарсаңындағы мерейлі сәтте аудандағы спорт саласында өзіндік қолтаңбасы бар үздіктерді облыс, аудан әкімдерінің және салалық басқарманың Алғысымен марапаттап, ерекше сый-құрмет көрсетті.
Жиын соңында сала ардагерлері мен аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің басшысы Т.Әлжанов әріптестерін мерекемен құттықтап, алдағы уақытта да ел мерейін асырып, аудан абыройын асқақтатуға бірге күш салуға шақырды.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі 
17 тамыз 2024 ж. 169 0