Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Апатпен алысқан алыптар

Апатпен алысқан алыптар

Құтқарушы болу – жай ғана кәсіп емес, бұл жүрек таңдауы. Бұл мамандықтың ар жағында физикалық күшпен қатар үлкен жауапкершілік, жігер және жанқиярлық жатыр. Құтқарушыларды ойлағанда, алдымен оттың ортасында жүріп, түтін мен жалынға қарсы тұрған бейнелер көз алдымызға келеді. Бірақ олардың ісі тек өртенген ғимараттармен шектелмейді. Құтқарушы – өмірдің әрбір қиындығымен, табиғаттың қатал мінезімен және адамның дәрменсіздігімен күресуші.
Күнделікті таңы сол бір сұрғылт аспаннан басталады. Құтқарушы алда не күтіп тұрғанын ешқашан білмейді. Мүмкін біреу қатты ағысы бар өзенде суға кетіп жатқан болар, ал басқа жерде жер сілкінісінен зардап шеккендер көмек күтіп тұрған шығар. Алайда құтқарушының бойында қайсарлық пен сенім бар. Олардың бәрі әрбір қадамының артында адамдардың өмірі тұрғанын біледі.
Сонау 100 жылдан аса уақыт бұрын, 1921 жылы Арал қаласында «Қауіпсіздікті қорғау орталығы өрт сөндірушілер командасы» құрылған болатын. Бастапқы кезде ерікті өрт командасы су жүйесіне бағынышты болды. Өрт сөндірушілерге әрқайсысы сыйымдылығы 300-350 литр болатын бөшке орнатылған екі ат арба беріліп отырған. Сол жағдайларға қарамастан, Аралдан шыққан алғашқы өрт сөндірушілер тобы өртке қарлығаштың қанатымен су сепкендей дабыл қағылған сәттен бастап өз жұмыстарын мүлтіксіз орындап, ерекше серпінмен қиын кезеңдерді еңсерді.
Мұның өзі аудан үшін үлкен абырой әрі ерлердің ерен еңбегінің жемісі еді. Сол кезде басшылық қызметте Жуков Мефодий Иванович айналысқан еліміздің экономикасы мен әлеуметтік-тұрмыстық ахуалы өте қарқынды дамыды, қала көлемі ұлғайып, өндіріс пен кәсіпорын күн сайын қос қолдың саясындай дамып отырды. Соған сәйкес, қаладағы өрт сөндірушілердің міндеті дараланып, жұмыстары айқын көріне бастады. Осылайша 1933 жылы су жүйесін бақылаушы мекемеден бөлініп шықты да, қалалық өрт сөндіру командасының иелігіне сол уақытта 43 өрт сөндіруші қызмет етіп, олар қажетті құрал жабдықтармен жабдықталды.
Дүрбелеңге толы кезеңде өрт сөндірушілер командасының облыс орталығында емес, Арал қаласында құрылуының да өзіндік мәні бар еді. Қаланың жедел өсіп-өркендеуі, Волга қаласындағы аштан қырылудың аз-ақ алдында тұрған Ресей халқын сақтап қалуы, теңіз маржандары мен оған жан- жақтан түскен сұраныс оның болашағынан үлкен үміт күттіретін. Одан кейінгі мәліметтерге сүйенсек, 1934 жылы өрт командасының тұрақжайы ретінде қала орталығындағы бұрынғы атақты татар байының үйі берілген. 1939 жылы сол кездегі талапқа сай өрт командасы күллі еліміздегі мекеме секілді ішкі істер министрлігінің қарамағына өтті. Сол тұста Арал өрт сөндірушілері Газ-АА автонасосына, цистернаның сыйымдылығы 2200 литр қол насосымен жарақтандырылған ЗИС-5 автокөлігіне ие болды. Және өрт сөндірушілердің жеке құрамы 41 жанға көбейді.
Бұл жыл өрт сөндіру тарихында ең атаулы кезең ретінде есте қалған еді. Себебі бұрынғы ат арбаның орнын тілсіз жауды әп-сәтте сөндіре алатын техникалық құралдар бөлінген болатын, сонымен бірге өртке оранған үйлер мен қора жайларды сөндіруде бөшкелеп су таситын қиыншылықтар артта қалды. Қандай да бір тарих бетін ақтарсаңыз да тілсіз жаудың адам баласы үшін қаншалықты қайғы-қасірет екенін қапысыз ұғуға болады. Сондықтан бұл оқиғалар тізімі аудандағы үлкен қуанышты жаңалық болды.
2017 жылға дейін Мұрат Кеулімжайұлы Күмісов басшылық еткен мекеме қиын сәттерді еңсеріп, Мұрат Жарылқасынұлы Жиенбаев бөлім басшысы болған уақытта, яғни 2018 жылы Арал аудандық «№3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі» болып, соңғы үлгіде салынып қайта құрылды.
Бүгінде азаматтық қорғау подполковниктері Дархан Нұрбекұлы мен Заур Әуезханұлы басшылық ететін Төтенше жағдай бөлімінде 108 бірлік штат саны қарастырылған. Және 4 өрт сөндіруге арналған көлікпен, 1 жеке құрамды тасуға арналған «Урал», 1 авариялық құтқару аспаптарымен жарақталған АСА-20 автокөлігімен қамтамасыз етілген. Мекеменің қазіргі қызметі туралы сұрағанымда:
– Жалпы өрт сөндіру қызметкерлері кезекшілік уақытында өрт сөндірумен қатар авариялық құтқару жұмыстарына да қатыстырылады. Оның ішінде жол-көлік оқиғасы кезінде автокөлік ішінде қалып, көмек қажет адамды көліктен шығару, алғашқы дәрігерлік көмек көрсету және жоғалған адамды іздеу, септікке түсіп, шыға алмай қалған үй жануарын құтқару сынды жұмыстар бар.
2024 жылдың 9 айында аудан аумағында барлығы 31 төтенше жағдай тіркелді, оның 29-ы техногенді сипаттағы төтенше жағдайлар, яғни өрт оқиғалары, 1-і судағы қайғылы оқиға және гидрометерологиялық, геологиялық құбылыстар. Салыстырмалы кезеңде 2023 жылы 34 жағдай тіркелген, яғни төтенше жағдайлар саны 8,82%-ға азайып  отыр. Орын алған төтенше жағдайлардың барлығы да уақытылы жойылуда.
Және бәріміз білетіндей, наурыз айында Қостанай, Атырау, Ақтөбе, Орал облыстарында су тасқыны орын алып, республика көлемінде төтенше жағдай жарияланған болатын. Сол себептен №3 МӨСБ-нен 42 қызметкер 3 айдан астам мерзімде халықты су тасқынынан қорғау, құтқару жұмыстарын жүргізіп елге аман-есен оралды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде облыс, аудан әкімдіктерінен барлық қызметкерлерге Алғыс хаттар табысталды. Оның өзі біздің қызметкерлердің ерен еңбегі, – деді Дархан Шакен.
Қыс айларында Самара-Шымкент тас жолы бойында орын алған жағдай бойынша апта бойына Ақтөбе-Қызылорда облыстарының арасындағы автомобиль жолының жабылуына орай «Шымкент, Саяхат, Рабия, 444, 555» жол кешендеріндегі жолаушылардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында бөлім қызметкерлері арасынан 12 сағаттық кезекшілік ұйымдастырылды. Кезекшілік барысында жолаушыларға жолдың жабылуына байланысты түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, жолаушылар жағдайы бақыланып отырды. Орын алған жағдайға байланысты қатыстырылған бөлім қызметкерлері аудан әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.
Суға түсу маусымында да атқарылған жұмыстар жетерлік. Ауданның су айдындарында, әсіресе, азаматтардың әртүрлі себептермен қайғылы жағдайларға ұшырауы, оның ішінде жаз айларында суға түсу маусымында судағы адам қазасы өзекті мәселе болып отырғаны белгілі.
Өткен жылы аудан бойынша суда 5 ересек жан қаза болып, 4 адам құтқарылды. Биылғы жылдың басынан аудан аумағындағы су айдынында 1 жасөспірім қаза тапты.
Бұл жағдайлар ескеріле отырып, «Қамбаш» құтқару бөлімшесі  Арал ауданының төтенше жағдайлар бөлімі, №3 МӨСБ және Арал аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен бірлескен 11 рейд шарасы ұйымдастырылды. Рейд барысында суға түсу кезіндегі талаптарды бұзушы 5 азаматқа ҚР ӘҚБтК 412 бабы бойынша айыппұл салынды. Профилактикалық үгіт-насихат іс-шаралары бойынша 2135 адамды қамтыған (оның ішінде 478 балықшылар) 14 лекция оқылды. 1883 адамға  қауіпсіздік ережелері туралы жаднама таратылып, «Толқын» газетіне суға түсудегі қауіпсіздік талаптары бойынша 5 мақала жарияланды.
Өрт сөндіруші азаматтар өзінің адал жұмыстарынан бөлек қоғамдық жұмыстардан да тыс қалған емес. Олардың ішінде, арнайы мамандандырылған спорттық сайыстар мен қарапайым спорт түрлерін атап айтуға болады. Мысалы, Қызылорда облысы бойынша Төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі» РММ қызметкерлері арасында жауынгерлік қанат жаю, оқу мұнарасының 4-ші қабатына көтерілу, 3 буынды саты арқылы оқу мұнарасының 3-ші қабатына көтерілу жарыстары бойынша 2023 жылы командалық есепте ІІ орын жеңіп алған болатын. Ал спорттық жарыстарда 2019, 2021 жылдары футболдан І орын, 2023 жылы ІІ орын алды. И.Д.Шульга атындағы дәстүрлі жеңіл атлетикадан өтетін эстафетада 2018, 2022, 2023 жылдары ІІ орын, 2019 жылы І орын алып, мекеме мерейін өсірген еді.
25-26 қыркүйек күндері Қызылорда қаласында Өрт сөндіру спортынан облыстық жарыс өткізіліп, қорытындысымен Арал ауданының командасы аудан тарихында алғаш рет І орын иеленіп, облыс чемпионы атанды.
Міне, күні осылай басталатын құтқарушы топқа кенеттен қоңырау шалынып, тыныштық бұзылады. Бұл үнді естігенде, олардың жүрегі бір сәтке тоқтап қалғандай. Одан кейін сана автоматты түрде жылдам әрекетке көшіп, шлем киіледі, белбеу бекітіледі, қолда өрт сөндіруші құрал, ал ойда тек бір мақсат: көмекке тезірек жету. Әрбір секунд маңызды.
Құтқарушылардың жұмысы – күн сайынғы көзге көрінбейтін ерліктерден құралған өмір. Олардың әрбір әрекеті – адамзатқа деген сенімнің, қамқорлықтың және жанкештіліктің айқын көрінісі. Тәуекел мен қауіп-қатерге толы сәттерде де олар жүректеріндегі жалынды сөндірмей, әрқашан көмекке ұмтылады.
Г.САҚТАПОВА
19 қазан 2024 ж. 193 0