Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жемқорлықтың жолын кесу баршаға ортақ

Жемқорлықтың жолын кесу баршаға ортақ

Мемлекет басшысы өз Жолдауында "Жемқорлық әрекеті үшін сотталған азаматтарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салынды. Соттарға, құқық қорғау қызметкерлеріне, пара бергендерге және делдалдарға қатаң жаза қолданылатын болды. Былтырдан бері жалпыға бірдей салық декларациясын тапсыруды бастадық. Осы және басқа да шаралар айтарлықтай нәтиже беріп, жемқорлық деңгейі төмендеді. Дегенмен, түбегейлі өзгеріс әкелген жоқ. Мұны ашық айтуымыз керек. Азаматтарымыз әлі де күнделікті өмірде сыбайлас жемқорлық жағдайларымен бетпе-бет келуде" деген болатын.
Қазіргі уақытта елімізде сыбайлас жемқорлықпен күрес қарқынды түрде жүріп жатыр десе де болады. Қоғамның ең қауіпті дерті саналатын сыбайлас жемқорлықты жүгендеуге Қазақстанның әрбір азаматы үлес қосуға мүдделі екенін айтсақ та бұл жолдағы бармақ басты, көз қыстылыққа әлі де шектеу қоя алмай келеміз. Қазіргі таңда елімізде сыбайлас жемқорлық сипатына ие көптеген заңсыздықтар анықталып, оған қатысты қатаң үкімдер де қарастырылып келеді. Сонда да өзгенің басындағы қиын жағдай мен тағдыр шешті мәселелер өзгелерге сабақ болмай келе жатқан тәрізді. Қазір ебін тауып, екі асауға бейім тұратын жандар жоқ емес. Әсіресе мемлекеттік қызметке келгенде қолындағы құзыреті мен қызметін асыра пайдаланып, заңсыз әрекеттерге жол беріп жатқан азаматтар баршылық. Соның кесірінен экономикалық даму төмендеп, еліміздің барынша өсуіне халқымыздың игілігіне барын салуға дайын азаматтардың пайдалы, керекті бастамалары жоққа шығарылуда. Әсілінде бұл қазақ таңдаған жол емес. Біздің дамыған, бай елдердің қатарына қосылуымызға еш кедергі болмау керек. Ол үшін бізде керектінің барлығы бар. Тек әлгіндей сыбайлас жемқорлыққа жол беріп, халық қазынасына қол сұғатындардың қатары сиресе дейміз.
Пара алмау, пара бермеудің басты қағидаларын әрбір Қазақстан азаматы жете ұғынса еліміздің даму үдерісі ілгерілей бермек. Сондықтан бұл мәселеде әрбір қазақстандық елінің болашағын ойлап, былық істерден аяғын тартып жүрсе дейміз. «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ» деген сөзді құр ұранға айналдырмай, барлығын іспен дәлелдейтін кез жеткен сияқты. Сондықтан бұл кеселге бір ауыздан қарсы тұрып, оны жоюда бір жұдырық болып жұмылғанымыз абзал.
К.ӘБІШ,
Арал ауданы қазынашылық басқармасының бас маман-бас қазынашысы
23 қазан 2024 ж. 82 0