Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаһанға жаңалық емес, жанашырлық керек

Жаһанға жаңалық емес, жанашырлық керек

Әңгіменің әлқиссасын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған жетінші мәселеден бастайық. "Экологиялық ахуалды жақсарту – алдымызда тұрған негізгі міндеттің бірі. Біз қоғамда қоршаған ортаны қорғаудың мән-маңызын кеңінен дәріптеуіміз керек. Халықты экологиялық факторлардың жағымсыз әсерінен сақтау қажет. Бизнес өкілдері табиғатты қорғау ісіне зор жауапкершілікпен қарауы керек. Үкімет пен «Атамекен» палатасы осы бағытта нақты шаралар қабылдауға тиіс. Бұл салаға озық технологияларды кеңінен енгізу жұмысын жалғастыру қажет. Табиғатты ластайтын қалдықтарға мониторинг жасайтын озық жүйе ойдағыдай жұмыс істеуге тиіс. Қазақстанның бірегей жануарлар және өсімдіктер әлемін сақтау мәселесі әрдайым өзекті болып қала бермек. Мемлекет алдағы уақытта да кең байтақ даламызды және орманымызды өрттен қорғау үшін барлық қажетті шараны қабылдайды. Қазақстанның табиғаты өте бай және алуан түрлі. Алайда орман-тоғайлар жеріміздің 5 пайызын ғана алып жатыр. Табиғаттың әр алуандығын сақтау үшін біз орман алқаптарын көбейтуіміз қажет. Бұл міндет еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін де өте маңызды. Мен Президент болып сайланған күннен бастап осы мәселеге ерекше мән беріп келемін" деген Президент сөзі бүгінде экологиялық мәселенің барын байқатып отыр.

Әлем елдерінің әуресі
Жалпы экология төңірегіндегі сауалдар тек Қазақстанды емес, жаһан жұртшылығының бас ауруына айналған. Оның әрқайсына тоқталар болсақ, түйткіл тым тереңдей түседі. Әлемдегі ауызсу тапшылығының өзі күрделі бір тақырып. Ал өндіріс орындары мен алпауыт компаниялардың жұмысына байланысты ауаға бөлінетін зиянды заттардың шешімі де табылған емес. Соның салдарынан былтыр орын алған Чили астанасы Сантьягоны қою түтін тұмшалады. Яғни ауадағы қатты және сұйық бөлшектер шамадан тыс көбейіп кеткен. Осыған байланысты жергілікті билік тұрғындарға ескерту жасап, көшеде бетперде тағып жүруге кеңес беріп жатыр. Өйткені вирус таралу қаупі өте жоғары болды. Әсіресе балалар арасында респираторлық вирус жұқтыру деректері күрт көбейген.
Сондай-ақ Оңтүстік Африка республикасында кәсіпорындар атмосфераға бөлінетін метан мөлшерін азайту үшін тамақ қалдықтарын қайта өңдеп, тыңайтқышқа айналдыруға кірісті. Бұл климаттың өзгеруімен күрес мақсатында жасалып отыр. Өйткені полигонда жатқан тамақ қалдықтары шірігеннен кейін метан бөледі. Ал бұл жаһандық жылынуға әкеп соқтыратын парниктік газға жатады. БҰҰ-ның мәліметне сәйкес, әлемде өндірілетін азық-түліктің үштен бірі қоқысқа тасталады. Демек жыл сайын 1,3 миллиард тонна тамақ тұтынылмайды деген сөз. Бір ғана Оңтүстік Африка Республикасының өзінде жылына 10 миллион тонна азық-түлік қоқысқа тасталады.
Осы мәселе жайында дүние жүзіне белгілі экобелсенді Гэвин Херон:
– Әлем қиындық алдында тұр. Бәріміз климаттың өзгеріп жатқанын естіп, біліп жүрміз. Сондықтан әрқайсысымыз қоршаған ортаны қорғауға өз үлесімізді қосуымыз керек. Көмірқышқыл газы планетамыздың болашағына қаншалықты кері әсер ететінін ойлануымыз қажет. Пластик әлемге қауіп төндіріп тұр Жалпы әлемде әр секунд сайын қоршаған ортаға 1 жүк көлігіндей пластик қоқыс тасталады. Осылай жалғаса берсе, 2050 жылға қарай қалдықтан ауаға парниктік газдың таралуы 6,5 гигатонға жетеді. Сондықтан сарапшылар пластик құтыны өңдеу, қайта пайдалану немесе оны экологиялық материалдармен алмастыру керек, – үндеу жасаса, БҰҰ Қоршаған ортаны қорғау бағдарламасының атқарушы директоры Ингер Андерсен:
– Біз пластик өнімдерді өндіру, пайдалану және қоқысқа тастауға дейінгі барлық кезеңді реттейтін ауқымды құжатты қабылдауға шақырамыз. Бұл мұхиттар мен теңіздердің ластануын алдын алуға мүмкіндік береді, – деп баяндады.
Қазақстан қиын жағдайда
Расында бұл мәселе мемелкетімізде де өзектілігін жоймай тұр. Мемлекет басшысының назарына іліккен басты қиындық жайында ұлттық ғылым академиясының акаде­мигі, география ғылымдарының докторы, профессор Әлия Бейсенованың «Қазақ елінің экологиялық ахуалы» атты монографиясының мазмұнын айтсақ жетіп жатыр.
Әлемдік мәселе мен елдегі алаңдаушылық тудырар дүниелерді зерделеп, экологиялық ахуал,­ Қазақстандағы полигондар, адам экологиясы тәрізді көптеген мә­се­леге назар аударған автор күрделі сауалдың адамзаттық сипат­қа ие болып отырғанына баса тоқталған. Егемендікке дейін орын алған жағдайлардан бөлек, тәуелсіздік таңы атса да түзелген тұсымыз шамалы екенін анық аңғара аламыз. Бұл монографияда Арал теңізінің тартылуын тоқ­та­­ту үшін «Кіші Арал» жобасы жа­салып, Халықаралық Арал қоры құрылғаны да сөз етілген. Семей по­ли­­го­ны бастаған бірқатар сы­­нақ­ алаң­дарының жабылып, кө­гал­­­­­­­дан­дыру жұмыстарын жандандырғанымен алға басу байқалмайды.
Ашық айтар болсақ еліміздегі үш мегаполистің бірі Алматы – әлемдегі ең лас 25 қаланың біріне айналған. Мұндай деректі монографияда академик Әлия Бейсенованың келтірген дерегі бойынша Мұнда жарты миллионнан астам көлік жүр. Қалаға күн сайын кіріп-шығатын көліктердің саны да 200 мыңға жуықтайтын болса керек. Ал бұл ауаны ластауда өзге факторларға қарағанда «қара үзіп» кетеді. Өйткені әрбір мың көлік 3 мың кило көміртегі оксиді мен өзге де зиянды қалдықтар бөледі. Сөйтіп қаладағы көліктер жыл сайын ауаға 280 млн тонна кө­мір­­тегі тотығын, 56 млн тонна көмірсутек, 28 млн тонна азот тоты­ғын қо­сады. Көліктерден бөлінетін газ­дың құрамында 200-ден астам күр­делі химиялық қоспа болады екен. Міне, мұндай деректерді оқығаннан кейін «ару Алматы» деген тіркесті қол­данудың өзі қисынсыздау көрінеді. Әлия Сәрсенқызы «2 миллион халқы бар Алматы ауасы бұлай ластанып жатқанда, 20 миллион халқы бар ірі қалалар қандай күй кешуде дейтіндер де табылады арамыздан. Жоқ, ластану көрсеткіші жағынан қаламыз 20 миллионнан астам тұрғыны бар Мехико, 17 миллион­дай халық өмір сүретін Тегеран мен Шанхай, 10-15 миллионның аралығындағы халқы бар Нью-Йорк, Лондон, Ыстанбұл, Токио мен Мәскеу сияқты қалалардың алдында тұр. Олардың қасында аядай Алматының экологиясын жақсарта алмай жүргеніміз ұят», деп жазады.
Сондай-ақ профессордың айтуынша әскери полигондардың да мәсе­лесіне айрықша назар аударған. Кеңес Одағы кезінде ашылған сынақ алаңдары елімізде аз емес екенін жұрт біледі. Өкініш­­ке қа­рай олардың көбі ядролық сы­нақ жасау мақсатында қолда­ныл­ды. Жұрт білетін Семей по­­ли­­гонынан бөлек, Кеңес ода­ғы кезінде Қазақстанның 27 же­­­рін­­де 38 ядролық жарылыс жа­­­­са­лыпты. Орал өңірінде 8 жа­­­­ры­лыс жасалса, қалғаны Ақ­­­­тө­бе, Ақмола, Маңғыстау, қа­зір­гі Түркістан облысы же­рін­­­де жасалды. 1990 жылғы мә­­­­­­лі­­­мет бойынша, Қазақстан аума­­­ғының 16 млн 686 мың гек­­­тардан астам жерінде түрлі қа­ру­лар сыналған. Ал Семейдің өзінде 468 ядролық жарылыс жасалған. Әлия Сәрсенқызы мо­нографиясында Семей, Бай­қо­ңыр, Жем, Арал, Чкалово, Аз­­ғыр, Тайсойған, Сарышаған, Төретам тәрізді бірқатар сынақ алаңдарының болғанын жазады. Сонымен қатар әрбір по­лигондағы жарылыстар саны мен қазіргі хал-күйіне тоқталған.
Аралға әлем алаңдайды ма?
Экология тақырыбын тарқата қалсақ, алдымен адамзат қолынан қиянат көрген Арал еске оралады. Алпысыншы жылдардан бастап ауыздан түспей айтылып келе жатқан теңіздің тартылуы, аңқасы кеуіп, алапат апатты өңірге айналғаны жарты ғасыр бойы жиі еститін жағдайға айналды.
Жаһан жұртшылығы апаттың дүние жүзіне қаупі барын білген бойда түрлі шаралар қабылдап, теңіз табанынан көкке көтерілген тұздың алдын алу үшін жұмыстар жасап жатыр.
Одан бөлек, жуырда ғана Аралда "GEOPARK ARAL" ұлттық жобасы құрылды. ЮНЕСКО ұйымы мен Халықаралық Аралды құтқару қорының бірігуімен қолға алынған оның тиімділігі жайында ЮНЕСКО-ның еліміздегі өкілі Саида Нигматова:
– Орталық Азияда, оның ішінде Арал өңірінде алғашқы геопаркті құру, ең алдымен ауданның әлеуметтік және экономикалық дамуын жақсартуға белсенді атсалысып жүрген барлық ұйымдардың жұмысын шоғырландырумен іске асады. Аталған аумақты басқарудың нақты құралына қолжеткізу біз үшін бұрынғыдан да маңызды және өзекті болып табылады. Ал жергілікті тұрғындар үшін жоба – экологиялық жағдайы нашар, экстенсивті ауыл шаруашылығынсыз аумақты дамытудың баламалы жолы. Сондықтан жобаны қазіргі таңда дереу қолға алып, іске асуын қамтамасыз ету өте маңызды, – деп пікір білдірсе, Халықаралық Аралды құтқару қорының Қазақстан Республикасындағы атқарушы дирекциясының әкімшілік және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департамент басшысы Сәуле Темірбек:
– Жобаның бізге берер жақсы, тиімді тұстары өте көп. Қазіргі таңда халықаралық деңгейде туристтер Арал теңізіне келіп, жағдайды өз көзімен көруге құштар, дегенмен оған нақты жағдай жасалмаған. Біздің жобамыздың арқасында теңіз ғана емес, сонымен қатар аудан, облыс көлеміндегі бірнеше тарихи-мәдени кешендерді тамашалауға болады. Сол үшін маршруттар аумағында туристік инфрақұрылымды дамыту, Өзбекстан Республикасымен бірлесіп, транс ұлттық геопарк құру перспективасымен Арал теңізі бассейнінің қазақстандық бөлігінде туризмнің барлық түрлерін үйлестіру, өңірде ғылым мен білім беруді дамыту, халықтың санасын жаңғырту және жергілікті тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау арқылы өңірді дамыту істері қолға алынбақ. Және бәріміз аңдап отқандай, жоба арқылы жаңа жұмыс орындарын құрып, халықты тұрақты табысты жұмыспен қамтып, Арал экономикасына үлес қосуға мол мүмкіндік бар. Геопарктер құру – еліміздің негізгі стратегиялық мақсаттарына сәйкес келетін жедел жоба. Әлеуетті Арал геопаркі осы аймақтың геологиялық тарихын және табиғатқа антропогендік әсердің салдарын бақылауға мүмкіндік беретін әлемдегі бесінші трансшекаралық геопарк болуы мүмкін. Осы бірегей табиғи оқиғаларды өз көзімен көру мүмкіндігі көптеген туристердің назарын аударады, – деді.
Мұнан бөлек Мемлекет басшысы Арал теңізінің құрғаған ұлтанында алдағы бес жыл ішінде 1,1 млн гектар сексеуіл екпелерін ұлғайту жөніндегі тапсырмасы сәйкес ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі және Қызылорда облысының әкімдігімен бірлесіп бекітілген Арал теңізінің құрғаған табаныны сексеуіл егуге бағытталған 2021-2025 жылдарға арналған фитоорманмелиорациялық жұмыстарды жүргізуде. Бұл жұмыстардың негізінде "Арал орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі" КММ-нің мемлекеттік орман қоры аумағында жүргізілді. Қазіргі таңда, күз айына жоспарланған тұқым себу жұмыстары басталып та кетті. Облыс аумағында мемлекеттік орман қоры жерлерінің жалпы көлемі 6,5 млн. гектарды құраса, оның 3,8 млн. гектары орманды алқаптар болып табылады. Бұл алқаптың 89 пайызын сексеуіл ағаштары алып жатыр. Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап, теңіздің құрғаған ұлтанының Қазақстандық бөлігіне 395 мың гектар сексеуіл, сарысазан, жыңғыл егілді.
Арал теңізінің құрғаған ұлтаны жасыл желекке айналып келеді. Осыдан 30 жыл бұрын экологиялық апат аумағына егілген сексеуіл өсімдігі бүгінде бой көтеріп, 200 мың гектардай сор басқан далада тіршілік пайда болды. Шөлді жерде өскен сексеуіл көшеттері қазір адамның бойымен бірдей. Тіпті, мұнда жабайы аң-құс мекен етіп, жануарлар дүниесі де жанданды. Мамандар ұзақ жылдар бойы күткен экожоба оң нәтижесін берді. Себебі, теңіз табанынан ұшатын тұзды шаңның басылғаны едәуір байқалады. Мәселен, бір түп сексеуіл 3 тоннаға дейін құм көшкінін тоқтатады. Сондықтан, бұл өсімдіктің экологияны оңалтуға тигізетін септігі мол. Мұнан бөлек "Арал теңізі" қоғамдық бірлестігі тарапынан да атқарылып жатқан жұмыстардың жүйелі екенін жиі айтып жүрміз.
Ал Қалықаралық Аралды құтқару қоры да экологиялық мәселені маңыздылығына мән беруде. Осы тұста 2010 жылдан бастап  еліміз кемелденген мемлекеттер санатына енгеннен кейін, бізге шет мемлекеттер мен халықаралық қаржы ұйымдары тарапынан грант беру күрт тоқтатылды. Сондықтан қаржы ұйымдры тек Үкіметпен жұмыс істеп, байланысқан грант беретін болды. Басқаша айтқанда, Үкімет несие аламыз деп шарт жасасқанда ғана грант береді. Қазіргі САРАТС-2 жобасының гранты осы үрдіспен беріліп жатыр. Дегенмен дирекция 2024 жылғы 12-17 сәуірінде Арал өңіріне ұйымдастырылған халықаралық экспедицияға  қатысқан  еліміздегі Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттері елшілерінің, АҚШ елшілігіне және экономикасы дамыған елдеріне, Арал өңірінің қазіргі экологиялық, әлеуметтік-экономикалық жағдайын хабарлап, ұсынған жобалар топтамасын жүзеге асыруға көмегін беруге хатын жолдады. Жақында ғана, өздеріңізге белгілі, Арал геопаркі ашылды. Бұл бір күндік жұмыс емес, 5 ай бойы көптеген кездеуслер мен келіссөздердің нәтижесі. Қазір ЮСАИД-тің қолдауымен жасалған Оазисті жандандыру жұмыстары жүріп жатыр. Су мен экология министрліктерінің белгілі мөлшерде қаржыларын тарту мәселелері де күн тәртібінде тұр.
Түйін.
Экология мәселесі бір күнде шешіле қоятын дүние емес. Уақыт еншісіндегі елеулі қозғалыс. Алайда салғырттық сапаға емес, сан соғуға жетелейді. Сондықтан жұмыстың нәтижесімен мақтануға машықтануды мақсат қылсақ, өзектілігін жояр еді. Биыл Қазақстан ХАҚҚ-ға төрағалық етеді. Бұл үлкен мүмкіндік. Біздің де күтеріміз көп. Ал жұмыс үмітті ақтар ма екен? Тағы да сол уақыттың еншісіне қалдыра тұрайық.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
25 қазан 2024 ж. 110 0