Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Инфрақұрылым - дамудың белесі

Инфрақұрылым - дамудың белесі

Аудан инфрақұрылымы – өңірдің экономикалық дамуы мен халықтың өмір сүру сапасының негізгі көрсеткіші. Жолдар, көлік желілері, инженерлік жүйелер мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтар секілді маңызды салалар кез келген ауданның әлеуметтік және экономикалық дамуының іргетасы болып табылады. Инфрақұрылымның дамуы тек халықтың тұрмысын жақсартумен ғана шектелмейді, сонымен қатар ауданның инвестициялық тартымдылығын арттыруға, жұмыс орындарының ашылуына, жаңа өндірістер мен кәсіпорындардың ашылуына ықпал етеді. Ауданның негізгі басты ерекшелігі теңіздің күрделі экологиялық және әлеуметтік-экономикалық мәселесі болса да, соған қарамастан, аймақта инфрақұрылым саласын дамытуға байланысты түрлі бағдарламалар мен жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл үдеріс әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан тиімді әрі халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған.
Арал ауданының көлік инфрақұрылымы аймақтың экономикалық дамуы мен халықтың өмір сүру деңгейін жақсарту үшін маңызды фактор болып табылады. Ауданның географиялық ерекшелігіне байланысты көлік жүйесі теңіз және құрлық жолдарына негізделген. Көлік саласындағы басты мәселе – көліктік қолжетімділік пен сапаның төмендігі.
Арал ауданы бойынша аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы 783,383 шақырым болса, оның 263,743шақырымы жақсы, 133,85шақырымы қанағаттанарлық және 385,79 шақырымы қанағаттанарлықсыз жағдайды құрап, қазан айындағы жағдай бойынша индикаторлық көрсеткіш жоспарланған 51 пайызға қол жеткізді.
Инфрақұрылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» мемлекеттік бағдарламасы аясында бүгінде 6 жоба іске асырылуда.
Атап айтсақ, аудандық маңызы бар Самара-Шымкент-Шөміш-Аралқұм автожолының 10,5 шақырымы, Жаңақұрылыс-Бекарыстан би жолының 8,7-22,8 шақырымдары, Самара-Шымкент-Бекбауыл көлік жолының 1,2-22,4 және Аққұлақ елді мекеніне кіре беріс 8 шақырымдық жол, Қызылжар-Шөмішкөл ауылдарының 12 шақырымы және Қызылжар елді мекеніне кіреберіс 15,37 шақырым автожолдарының құрылысы.
  Бұдан бөлек, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Жақсықылыш кентіндегі 12 көшенің автожолына құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен бірге, «Моно және шағын қалаларды дамыту»бағдарламасымен Арал қаласындағы жалпы ұзындығы  5,3 шақырымды құрайтын К.Өтенов, М.Мәметова, Т.Бөріқұлақов, А.Төлегенұлы, М.Дулатов, Қ.Сәрсенбаев, Қ.Сәтбаев көшелерінің автомобиль жолының, темір жол үстінен өтетін аспалы көпірдің және Бақтыбай батыр көшесінің автомобиль жолын қайта жаңғырту құрылысының жұмыстары жүріп жатыр.
 «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы шеңберінде «Арай» ықшам ауданындағы жайлы мектепке іргелес аумақтың инженерлік-инфрақұрылым желілерін жүргізу (кірме жолдардың құрылысы мен абаттандыру) жұмыстарына 2024 жылы аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары бастау алды. Қазіргі таңда, жолдың астыңғы қабаты көтеріліп, толықтай қиыршық тас жайылды. Және жаяу жүргіншілер жолының екі қапталындағы бордюрлары қойылуда.
Бұнымен қоса, аудандық бюджет есебінен С.Сейфуллин, Т.Жолмағанбетұлы, Әл-Фараби, Д.Нұрпейісова, Д.Ерекеев, Қызылорда, М.Балмағанбетов, Ақтан батыр, М.Рысқұловкөшелеріне қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізіліп, қала әкімінің аппараты арқылы Ж. Сауытбаев, Т.Шевченко, М.Елеуов көшелерінің автомобиль жолына жөндеу жұмыстары жүргізілді.
2024-2026 жылдары республикалық және облыстық бюджеттен қаржыландыру мақсатында тиісті салалық басқармалар мен министірліктерге жалпы құны 21 млрд 57 млн.теңгеге 31 жоба ұсынылып, нәтижесі күтілуде.
Сонымен қатар, Н.Балапанов, Т.Әубәкіров, Р.Тұрымбетов, Б.Тәңірбергенов, Жанқожа батыр көшелерінің автомобиль жолын қайта жаңғырту, аудандық маңызы бар «Самара-Шымкент-Сексеуіл» автомобиль жолын күрделі жөндеу және «Самара-Шымкент-Жақсықылыш-Тоқабай-Абай» автомобиль жолын орташа жөндеу жұмыстары бойынша жоба-сметалық құжаттамасы әзірленуде.
Ауданның басты магистральдары елді мекендерді бір-бірімен байланыстырумен қатар, облыстық және республикалық көлік желілеріне шығады. Бұл бағыттар ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауға, өнеркәсіптік өндірістерге, жүк тасымалына зор үлес қосады. Соңғы жылдары бірнеше магистраль күрделі жөндеуден өтті, олардың бірқатары кеңейтіліп, жаңа жол айрықтары салынып жатыр.
Бұл ретте аудан арқылы өтетін «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі маңызды рөл атқарып отыр. Бұл жоба аймақты транзиттік сауда мен жүк тасымалының маңызды орталығына айналдыруға бағытталған.
Ауданның экономикалық дамуында жүк тасымалы мен логистика да маңызды. Аудан аумағында бірнеше ірі логистикалық орталықтардың жұмыс істеп жатқаны аудан кәсіпкерлері мен өндірістік кәсіпорындар үшін маңызды артықшылық болып отыр. Бұл орталықтар өнімді уақытында жеткізу және сақтау процестерін оңтайландырады. Сонымен қатар, жүк тасымалы үшін жаңа маршруттар жасалып, көліктік-логистикалық әлеуеті кеңейтілуде. Оның ішінде, Қызылорда–Арал–Ақтөбе бағытындағы теміржол тасымалы ауданның экономикалық байланыстарын нығайту үстінде. Ал тікелей әуе қатынасы жоқ. Ең жақын әуежайлар Қызылорда мен Ақтөбе қалаларында орналасқан.
Ауданның барлық елді мекендерінде ауыз судың сапасын жақсарту мақсатында жаңа су жүйелері орнатылып, тозған құбырлар ауыстырылды. Жаңа су қоймалары мен тазарту қондырғыларының салынуы халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған.
Электр желілері де заманауи технологияларға сай жаңартылып жатыр. Электр энергиясын үздіксіз жеткізу мақсатында жаңа трансформаторлық станциялар салынып, электр желілері жаңғыртылуда. Сонымен қатар, аудан аумағында жаңартылатын энергия көздерін дамыту бағытында бірнеше жоба қарастырылуда. Күн және жел энергиясын қолдану арқылы ауданның энергия ресурстарын тиімді пайдалану мүмкіндіктері зерттелуде.
Бірқатар ауылдар да газбен жабдықталды. Газ жүйелерін орнату және кеңейту жұмыстары тұрғындардың тұрмысын жеңілдетіп, отын шығындарын азайтуға мүмкіндік береді. Бұл бағытта аудан әкімдігі мен энергетикалық компаниялар тығыз байланыста жұмыс істеп келеді.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы аудан дамуының маңызды саласы. Ол тұрғын үйлердің күтімі, жылу және сумен қамтамасыз ету, тұрмыстық қалдықтарды өңдеу сияқты қызметтерді атқарады.
Қыстың суық айларында тұрғындарды жылумен қамтамасыз ету басты назарда. Аудандағы орталық жылу жүйесі жаңартылып, жаңа қазандықтар орнатылуда. Бұл жұмыстар тұрғын үйлерді жылу энергиясымен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Ауданда тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Әлеуметтік баспаналар салу және тұрғын үй кезегін азайту мақсатында мемлекеттік бағдарламалар аясында бірнеше жаңа тұрғын үй кешендері бой көтерді. Сонымен қатар, жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер телімдері бөлініп, тұрғындарға өз үйлерін салуға мүмкіндік беріледі.
Аудан инфрақұрылымы қарқынды дамып, халықтың тұрмыс сапасы мен ауданның экономикалық әлеуеті жақсарып келеді. Жол құрылысы, көлік инфрақұрылымы, энергетика және су жүйелері, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы салаларындағы жобалар ауданның ұзақ мерзімді дамуында маңызды рөл атқарады. Инфрақұрылымды жаңарту және дамыту жұмыстарының жүйелі түрде жүргізілуі ауданның болашақта экономикалық және әлеуметтік жағынан тұрақты дамуына кепіл болады.
Г.САҚТАПОВА
25 қазан 2024 ж. 79 0